Басты бет » Мереке » Сырым Ержанов: Қаза болған полицейлер — бейбіт өмірдің қаһармандары

Сырым Ержанов: Қаза болған полицейлер — бейбіт өмірдің қаһармандары

Аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық және стратегиялық маңызы бар экономика саласының нысандары күзет қызметінің қорғауында. Ішкі істер органдарының маңызды құрамдас бөлігі — күзет қызметі басқармасы мекемелердің қауіпсіздігіне жауапты. Қауіп-қатерге толы жұмыс туралы басқарманың бастығы полиция полковнигі Сырым Ержановпен сұхбаттастық.

 — Сырым Сайынұлы, Сізді және қарамағыңыздағы жеке құрамды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Барша қазақстандық полиция қызметкерлері үшін осы жылдағы айтулы оқиға – 25 жылдық мерейтойға орай Сіздің мекемеде атқарылып жатқан шаралар туралы әңгімелесеңіз.

Қазақстан полициясы күнін мерекелеу — бұл ішкі істер органдары жүйесін құруда табанды еңбек еткен ардагерлеріміз бен қазіргі күні қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп отырған әріптестеріміздің абыройлы қызметіне құрмет көрсету. Сондықтан жылдың басынан бері атқарылған іс-шаралардың барлығы осы төл мерекемізбен идеялық сабақтастықта өтті. Мамандық мәртебесін арттыру, озық тәжірибені тарату және ендіру мақсатында басқарма қызметкерлері арасында «Үздік маман-2017» байқау-конкурсы болып өтті. Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде қаза болған қызметкерлерімізді еске алу турнирі өткізілді. Мерейтойға арналып орта мектеп оқушылары арасында «Менің полициям — сенімді тәртіп сақшылары!» тақырыбында сурет салу конкурсы ұйымдастырылды. Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында облысымыздың күзет қызметі ардагерлері мен жас полиция қызметкерлерінің кездесуі мен салтанатты Ант қабылдау рәсімі жоғары патриоттық нотада жаңғырды. Ал бүгінгі өткізілетін салтанатты жиында мемлекеттік күзетілуге жатқызылған объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін абыройлы атқарып жүрген үздік қызметкерлер мен қызметіміздің қалыптасуында елеулі үлес қосқан ардагерлерімізге Ішкі істер министрінің, Әкімшілік полиция комитеті төрағасының және Басқарма бұйрықтарымен берілген марапаттар, шаруашылық субъектілер басшыларының құттықтау жолдаулары мен жас қызметкерлердің ата-аналарына алғыс хаттар табысталады.

— Бір сөзіңізде идеялық сабақтастық дедіңіз. Елбасы саясатын түсіндіру, үкіметіміз бен құқық қорғау органдарының алдына қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша қандай іс-шаралар атқарылуда?

— Ең басты мақсат — мемлекеттік күзетілуге тиіс объектілердің сенімді күзетін жүзеге асыра отырып, олардың қауіпсіз жұмыс жасауын қамтамсыз ету. Осы абыройлы, жүгі ауыр міндетті орындауға жұмылдырылған жеке құрамның Антына адал болуы, қызметтік парызын ержүректілікпен ұштасатын табандылықпен атқаруы — патриоттық рухта тәрбиелеу ісінің нәтижесі.  Президентіміздің айқындаған бағдарымен жүру мақсатында «100 нақты қадам — Ұлт жоспарының» қадамдарын,  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар нақты атқарылуда.

 Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қайсар іс-әрекеті мен әрдайым батыл қадамға даярлығы отандастарымыздың жүрегіне қашанда мақтаныш сезімін ұялатады. Аға буын қызметкерлерінің еңбек жолы әрқашан да ізбасарлары үшін өнеге. Ал қылмыспен күресте қызметтік міндеттерін жанқиярлықпен атқарып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін өмірлерін қиған полиция қызметкерлері — әріптестері арасында есімдері аңызға айналған болар…

— Тәуелсіздік жылдарында борыштарын адал және қайсарлықпен атқарып, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті қорғау жолында қаза болған полиция қызметкерлері — бейбіт өмір қаһармандары. Олардың ерлігінің алдында тағзым ету — кейінгі ұрпақтың, соның ішінде ізбасар әріптестерінің қасиетті парызы. Біздің бөлімше қатарында да осындай ерлігі аңызға айналған қызметкерлеріміз бар: 1995 жылы 14 қарашада екі қарулы қылмыскерді құрықтау кезінде оққа ұшқан сол кездегі ІІБ жанындағы Күзет басқармасының бөлімше командирі, милиция сержанты Абдулла Бекбосынов 24 жасында қыршын кетті. Ерлігі бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Екінші қаһарманымыз — қарулы қарақшылық жасауға әрекет еткен қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде полиция ротасы командирінің орынбасары полиция лейтенанты Амангелді Қосжанов 1999 жылы қаза болды. 35 жастағы  Амангелдінің артында қалған отбасы үшін Елбасы Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалі — асыл қазына. 1980 жылы 22 жасында тәртіп бұзушылардың қолынан қаза болған қатардағы милиция қызметкері Байболат Бертілеуовтың да есімі ұмытылмайды.

Сауатты іс- әрекет жасап, Алға қаласында көп қабатты үйде тұтанған өрттен 26 азаматтың өмірін құтқарған полиция старшинасы Сарқытхан Дуанбек қазіргі қатарымыздағы әріптесіміз. Президентіміздің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен Сарқытханға табысталған «Ерлігі үшін» медалі — барлық ұжымымыздың мақтанышы.

— Полиция қызметкерлеріне қойылатын кәсіби талаптармен қатар олардың дене шынығу даярлығының деңгейі де мықты болуы керек қой…

— Жеке құрамды салауатты өмір салтын ұстануға баулу — қызмет пен спорттың серіктестігін дамытады, ал спорт әрқашан да шымырлықтың, төзімділік пен жинақылықтың кепілі. Қызметкерлер арасында шағын футболдан, волейболдан жыл сайын дәстүрлі турнирлер өткізіледі. Самбодан, футбол мен волейболдан құрама командаларымыз облыстық және күзет бөліністері арасындағы республикалық жарыстарға үнемі қатысады. Жеке есепте әлемдік деңгейде спорттағы шеберлігімен тәнті етіп жүрген полиция сержанты Жандос Дәмешов кикбоксингтен, қоян-қолтық ұрыстан, әмбебап күрестен және панкратионнан спорт шебері, полиция аға лейтенанты Индира Шакратова әйелдер арасында самбодан спорт шебері. Полиция қызметкерлері арасында өтетін атыс қаруынан оқ атудан республикалық жарыстардың жүлдегері мерген қызымыз полиция подполковнигі Сәния Мұрынова, қоян-қолтық күрес ардагері, полиция капитаны Темірхан Кемалов, футболшылар полиция аға сержанты Нұрболат Құмаров, полиция аға лейтенанты Бағдат Исмагулов — полициядағы қызметін спортпен қатар алып жүрген мақтаныштарымыз.

— Сырым Сайынұлы, Сіз ішкі істер органдарында жиырма бес жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі басшысыз. Жас полиция қызметкерлерінің алдына қандай міндеттер қоясыз?

— Қазіргі таңда жаһандық масштабта лаңкестік деген қатермен бетпе-бет келіп отырмыз. Ішкі істер органдарына азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекеттік құрылымымыздың тұтастығын қамтамасыз ету бойынша жоғары жауапкершілік жүктелген. Осындай маңызды міндеттерді атқару үшін полиция қызметкерлері терең білімді және үздік даярлығы бар, шынайы кәсіби және адамгершілік қасиеттер иесі болуы керек. Қызметіміздің ерекшелігіне байланысты полицейлер экстремалдық жағдайларда жиі әрекет етеді, мұндайға тек рухы берік адамдар төзе алады. Біздің мамандығымыз батылдықты, табандылықты және ең бастысы — халық пен мемлекетке қалтқысыз қызмет етуді саналы таңдауды талап етеді.

— Сізбен болған қызықты сұхбатымыздың соңында қазақстандық полицияның 25 жылдығымен құттықтай отырып, әріптестеріңізге тілегіңізді естісек.

— Саналы өмірін қоғам тыныштығы үшін құқықбұзушылықпен күрес жүргізуге, қиын жағдайға түскен жандарды құтқарып, халықтың қауіпсіз әрі тыныш өмірін қамтамасыз етуге арнаған барша әріптестерге қажырлық, сабырлық, кәсіби шеберлік пен ертеңгі күнге деген сенімділік, ал Қазақстан полициясының қалыптасуына зор үлес қосқан ардагерлерімізге ұзақ өмір, абыройлы қызметтерінің берекелі зейнетін және барша елімізге бейбітшілік тілеймін.

Әзірлеген Қамбар МҰҚАШЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*