Басты бет » Мереке » Учаскелік инспектор

Учаскелік инспектор

Ол — қазақ пен әзірбайжан отбасын құда қылған шаңырақтың бел баласы. Ол — бүгінде Ақтөбе полициясының қатарында абыроймен қызмет етіп, жергілікті халықтың алғысына бөленіп жүр, кейіпкеріміз — аға лейтенант Рамиль Оруджев.

— Рамиль, алдымен өзіңіздің туып-өскен ортаңыз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

— Мен Ақтөбе қаласында туып-өстім. Осы жерде мектепті, жоғары оқу орнын бітірдім. Әскери борышымды Алматы аумағында өткердім. Отбасымда ата-анам, мен және інім бар. Әкемнің ұлты — әзірбайжан, анам — қазақ, Маңғыстау өңірінің қызы. Інім екеуміз бала кезімізден екі ұлттың салт-дәстүрін, тілін бойымызға сіңіріп өстік. Үйімізде қазақша ет асу, бауырсақ, жеті шелпек пісіру, құран оқыту сияқты әрекеттер қалыпты жағдай. Ата-анамыздың бір-біріне деген сыйластығы мен құрметін көріп өскен біз әрбір адамды құрметтеуді, дауыс көтеріп сөйлемеуді, қарапайым болуды, «ұят болады» деген сөздің мағынасын терең түсініп өстік.

— Рамиль, Сіз Қазақстан полициясының қатарына келуді бала кезіңізден жоспарладыңыз ба? Қалай келдіңіз?

— Бұл бір қызықты жағдай болды (жымиып). Мен 8-сыныпта оқудан шамалы бет бұрып, өзімше ересек сияқты көше кезіп жүретінмін. Осындай бір кезде достармен көшеде қыдырып жүріп, түнгі уақыттың болғанына да мән бермей, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың қолына түстім. Сол сәтте, әрине, қатты қорықтым. Полициядан гөрі, үйдегі ата-анамнан қатты ұялдым. Бізді бөлімшеге әкелген полиция қызметкерлері өздерін өте сыпайы ұстады. Содан менің полиция қызметіне деген құштарлығым оянып, артық әдеттерімді қойып, спорттық секциялардың табалдырығын тоздыра бастадым. Алайда менің ата-анам көпке дейін полицияда қызмет етемін деген шешімімді құптаған жоқ. Ата-анамның алдын ешқашан кеспеген мен олардың ұйғарымына қарсы шықпадым. Басқа салаларда қызмет етіп көрдім. Бірақ арманыма қол жеткізе алмай жүргенімді көрген ата-анам кейін полицияға баруыма қарсы болмай, ақ батасын берді.

Осылайша 4 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы Зауыт полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етіп келемін.

— Қызметтегі алғашқы қадамдарыңыз қандай болды? Сіз армандаған полицияны ішінен көрген кезде, яғни өзіндік қиындығын, қауіптілігін білген кезде бір сәтке болса да өкінген кездеріңіз болды ма?

— Ешуақытта өкінген емеспін. Себебі мен полицияға кездейсоқ келгенім жоқ. Айтып өткенімдей, жылдар бойы армандап, мақсат қойып әзер жеттім. Мен үшін полицей болу зор құрмет. Алғашқы тәлімгерім Шарифолла Тнымовқа алғыс білдіремін. Қызметке алғаш келген кезімде ол маған ақыл-кеңесін айтып, дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйретті.

— Сіз жергілікті полиция қызметінде жұмыс істегендіктен, күнбе-күн халық алдында жүресіз. Халықтың сеніміне ие болу қаншалықты қиын?

— Әрине, халықтың сенімі — бұл полиция жұмысының басты көрсеткіші. Егер тұрғындар полицияға сенсе, онда полиция өз жұмысын дұрыс атқарып жатыр деген сөз. Халық бізді сыйлау үшін біз, ең алдымен, өзімізге жоғары талаптар қоя білуіміз қажет. Полицейлердің өзі әрбір азаматқа құрметпен, сыйластықпен қарауы тиіс. Полиция қызметкерінің сыртқы кейпі, мінез-құлқынан бастап, білімі, психологиялық дайындығы, жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейде болуы қажет. Менің тұрғындармен сенімді қарым-қатынас орнатуыма мемлекеттік тілді білетінім ықпал етеді. Үйде анаммен үнемі қазақша сөйлесеміз. Тұрғындар менің қазақ емес екенімді көріп, менімен орыс тілінде сөйлесе бастайды. Бірақ, орыс тілінде сөйлегені үшін ұялып қалып жатады. Қазіргі таңда мен қазақ, орыс және әзірбайжан тілдерін жетік білемін.

— Биыл орда бұзар отыз жасқа толып отыр екенсіз. Қызметтік мансапта және жеке өміріңізде қандай мақсаттарыңыз, жоспарыңыз бар?

— Ішкі істер органдарында адал әрі шынайы еңбек етіп, еңбегімнің нанын жеп жүрсем, мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Ал қызметіме келсем, болашақта учаскелік полиция инспекторы болып әбден тәжірибе жинағаннан кейін, криминалдық полиция саласында жұмыс істеуді мақсат етемін. Бұйырған күні бір отбасының иесі болып, саналы ұрпақ тәрбиелеуді де парызым деп білемін.

 Әзірлеген Қамбар МҰҚАШЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*