Басты бет » Басты жаңалықтар » Қалалықтар да, қарғалылықтар да риза

Қалалықтар да, қарғалылықтар да риза

«Туған жерім — нұрлы елім» атты Ақтөбе қаласындағы Қарғалы ауданының күндері табысты өтті.

 

101-атқыштар бригадасы көшесіндегі мереке

 «Біздің көшеде де той болар» деген әдемі үмітпен айтылатын сөз бар еді. Расында да, Ақтөбе қаласының көшелерінде солай болып жатыр. Таяуда «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында Ақтөбе қаласындағы күндері өткен кезде  мұндай тойды Темір ауданы Сәңкібай батыр даңғылында ұйымдастырған еді. Сенбі күні  Қарғалы ауданы қаланың 101-атқыштар бригадасы атындағы  көшесінде  есте қаларлық үлкен мәдени-әлеуметтік шаралар өткізді. Әрине, бұл көшенің таңдалуы да тегін емес. Кешегі Ұлы Отан соғысында еліміздің ертеңі үшін  жан қиған батырларымыздың тарихы жас ұрпақ үшін өнеге. Ұлттық 101-атқыштар бригадасы құрамының жартысынан басым үлесі қазақ ұлтынан құралған. Ұлы Отан соғысы кезінде 1941 жылы 5 желтоқсан мен 1 мамыр аралығында Ақтөбе қаласында жасақталған әскери бөлімше.  Бұл бригада Ақтөбе, Гурьев (Атырау), Орал (Батыс Қазақстан), Қызылорда облыстарының тұрғындарынан жасақталды. Оның құрамында 5007 сарбаз болды. Бригаданың тұңғыш командирі — подполковник С.Яковленко, соңынан полковник А.Серебряков, полковник И.Воробьев, әскери комиссары — аға батальон комиссары Н.Алиев болды.

Осы бригада Ржев түбіндегі екі ай шайқаста жаудың 2500 жауынгерін қатардан шығарды. Бұл шайқастарда Х.Бекішев, У.Ахмедзянов, А.Алпысбаев, Ш.Қарамергеновтер көзге түсті.

Бұл көшенің осындай тарихы бар. Оның үстіне бұл көшеде ел аузында мың жылдығын болжаған Мөңке әулие атанған данышпан, ойшыл, жырау, би Мөңке Тілеуұлының ескерткіші тұр. Басқосу тек көше емес, барша қала тұрғындары үшін қадірлі осы ескерткіштің жанында өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықов ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

«Табыс елге тәуелсіздігімен бірге келеді» деген рас екен. Бір көшенің бойында өтіп жатқан шара жүрек тебірентерлік еді. Көше тұрғындары мерекедегідей киініп, ескерткіш алдындағы алаңда сап түзеп тұрды. Салтанатты жиынға дейін де біраз шаралар ұйымдастырылған. Оның ішінде көше бойына қойылған қылқалам шеберлерінің көрмесі, асқақтаған әсем ән мен күй бар. Тұрғындар арасында шахмат пен дойбыдан сайыс, басқа да мәдени шаралар өткен.

Сол дүбірлі думан сәскеде ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталғаннан кейін  салтанатты жиынға ұласты. Көше тұрғындарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

— Аудан күндерін өткізіп, былтырғы дәстүрді біз биыл да жалғасырып жатырмыз. Кешеден бастап Қарғалы ауданының күндері жалғасуда. Мұндағы біздің мақсатымыз — бұл ауданының экономикадағы жетістіктерін қала тұрғындарына жеткізу, таныстыру.  Екінші көздегеніміз облыс орталығы тұрғындарына  азық-түліктен көмектесу. Тәңертеңнен бастап Қарғалы ауданының кәсіпкерлері қаланың «Табыс» базарында  ет, сүт, өзге де өнімдерін сатып жатыр.  Осы істері арқылы қаланың тұрғындарына ауылдың арзан әрі сапалы азық-түлігін алуларына қолайлы жағдай жасауда.

Екінші бізде  жасалып жатқан үлкен бір шаруа — көше тұрғындарының жағдайларын ескерумен байланысты ұйымдастырылып отырған шаралар. Өткен аптада бізде Сәңкібай батыр даңғылында  Темір ауданының күндері өткен болатын. Біз аудан күндерінде бір көшенің күнін өткізуге шешім қабылдағанбыз. Қазір осы мақсаттар жүзеге асырылуда.

Бір жағынан, бұл  әр көшенің тарихын тұрғындарымыздың жете білуіне  мүмкіндік жасайды. Мәселен, осы көшенің тұрғындары неге бұл көшеге 101-атқыштар бригадасының аты берілгенін, Мөңке бабамыздың ескеркіші қойылғанын білу керек. Сонымен бірге, осы көшеде орналасқан кәсіпорындар, мекемелер  өз тұрғындарына ықылас, ілтипат көрсетіп, жәрдемдесуі қажет. Өздері тұратын көшенің көркеюуіне де көмектесу, үлес қосу — олардың парызы. Өткен жылы  бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілгенінің арқасында  бұл көше де жақсы демалыс орнына айналды, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы осындай сәнді демалыс орындары бар көшелердің алда да көбейе беретінін айтты. Соның бір мысалы, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері күніне орай қаламыздың Батыс ауданында   денсаулық саяжайы ашылған. Бұл — республикадағы тұңғыш денсаулық саяжайы.

Соған байланысты еліміздің денсаулық саласының көрнекті өкілдері шақырылған. Соның бірі — қоғам және мемлекет қайраткері, ұзақ жылдар еліміздің аналар мен балалар орталығының басшысы қызметін атқарған, белгілі дәрігер Мира Каюпова. Ол осы өткен шараға да қатысты.

Үй беріліп, сертификаттар тапсырылды

Бұдан кейін биылғы су тасқыны кезінде зардап шеккендерге қайрымдылық шаралары көрсетілді. Қарғалы қаласының әкімі Рахат Сыдықов қала тұрғыны Нұрсұлтан Тоғызбаевқа пәтер кілтінің сертификатын табыстады. Бұдан бөлек ондаған осындай азаматтарға әрқайсысына қажетті материалдар сатып алу үшін 100 мың теңгенің көлемінде сертификаттар тапсырды. Олардың ішінде Тамара Баймұханова, Айбат Әбдірахманов, Болған Төлебаева, Алмагүл Мұхамедиярова, Балзира Ахметова, тағы басқалары бар.  Бұл шараларға үлкен демеушілік қолдау көрсеткен ауданның Аманқос Төлеуов басқаратын «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екені айтылды.

Қайырымдылық шаралар бұдан соң да жалғасты. Осы көшеде орналасқан «Қуаныш» емханасы бірнеше тұрғынға тегін емделуге сертификат берді. Олардың арасында Жанат Сәрсенбаева, Қозы Сүйінғалиев, Назира Көшкенбаева, тағы басқалары бар.  Ал «Дина» супермаркеті қаржылай жәрдем көрсетті. Сондай-ақ осы көшедегі «Ырыс» дүкені, «У Тещи» дәмханасы да тұрғындарға өз көмегін ұсынды.

Осындай құрмет көргендердің атынан басқосуда ардагер Әліби Қойлыбаев сөз алып, ризашылығын білдірді.

 

Жәрмеңкедеге ауылдың дәмі

 «Табыс» коммуналдық базарында әр сенбі сайын жәрмеңке. Алайда, өткен сенбідегі жәрмеңкенің жөні бөлек болды. Ақтөбе қаласындағы Қарғалы ауданының күндеріне байланысты  бұл күнгі жәрмеңке қарғалылықтардың қатысуымен өтті. Әрине, қала тұрғындары  жері шұрайлы бұл өңірдің азық-түлігінің дәмін жақсы біледі. Білгендіктен де, базар іске кіріскенше ертелетіп ағылып, ет, сүт өнімдерін сататын сөрелердің жанына кезекке тұрды. Қарғалы ауданының басшылығы,  кәсіпкерлері бұл жолғы үлкен шараға жоғары дайындықпен келгенін көрсетті. Олар әкелген азық-түлік ауқымды базар ішін бір сәтке қаусырды десек, артық болмас. Ауданнан жәрмеңкеге келген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін осы ауданның әкімінің орынбасары Ерлан Білімов бізге былайша баяндады:

— Кезекті ауылшаруашылық жәрмеңкесін біздің аудан көтеріп отыр. Ол үшін 1 тонна 100 келі сиыр еті жеткізілді. Жылқы еті 550 келінің шамасында. Қой еті 500 келіге жуықтайды. Бұдан бөлек, 2,5 мың дана жұмыртқа сатылып жатыр. Бір тоннадан астам сүт, сүзбе, ірімшік, құрт-май, қаймақ сынды сүт өнімдері де келді. Бұлар — біздің ауылшаруашылық кооперативтері, шаруа қожалықтары өндірген ауылдың экологиялық таза өнімдері. Бағалары қала базарларындағы күнделікті сатылып жатқан ауылшаруашылық өнімдерінің қақына  қарағанда арзан. Мысалы, біздегі сүттің литрі 82 теңгеден сатылуда.

Арзан өнімдердің бірсыпырасы «Жосалы» ауыл шаруашылығы кооперативімен байланысты. Ол Арал ауданымен өңіраралық кооперация негізінде жұмыс жүргізіп, бүгінгі жәрмеңкеге мол балық әкеліп сатуда. Балықтың бірнеше түрі бар. Яғни кооператив өзіміздің ауданнан Арал қаласына ұн жеткізіп, соның есебінен жәрмеңкеге өткізетін балық алған. Жосалылықтар сатып жатқан балық та бұл жақтағы балықтан арзан. Бүгінгі жәрмеңкеге әдеттегідей «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, басқа да біздің ауданның белгілі шаруашылықтары  сүбелі үлес қосып отырғандарын айтуымыз керек.

Біз жәрмеңкені аралағанда, аудан басшылығының сөзі мен ісінде алшақтық жоқ екеніне көзіміз жеткендей болды. Жабық базардың ауласында Қарғалы ауданының кәсіпкері Ресейден әкелген биылғы картоп көлік үстінен сатылып жатты. Картоптың келісі — 220 теңге. Ал оның жанында сатып тұрған қалалықтар жаңа картопқа 250-260 теңге сұрап тұр. Осы жердегі сатылып жатқан өткен жылғы картоптың келісі 120-140 теңгеден аспайды. Оның үстіне бұрынғы картоп базарда өте көп, дұрыс саудаласса бұдан да арзанға табуға болатын сияқты. Әрине, онымен салыстырғанда жаңа піскен өнім қымбат. Және ол солай болуға тиісті де. Өйткені  жергілікті картоп әзір пісіп жетілген жоқ. Сондықтан сырттан тасып жеткізілген биылғы картоптың бағасы әзірге жоғары. Бұл жерде бағаны маусым белгілеп отыр.

Сондай-ақ бұл кезде еттің де бағасы көп төмен болмайтыны шаруа баққан адамдарға белгілі. Себебі, мал әзір қоңдана қойған жоқ. «Семіздің аяғы сегіз» деп күтетін қазақ бұл кезде базарға көп мал шығара бермейді. Әдетте, сойыс малы жаз ортасы ауа, күзге қарай молаяды. Сол кезде, маусымға қарай еттің бағасы да түсуге тиіс. Жыл он екі айдың ішінде еттің бағасы жоғарылау болатын тұсы, біздіңше,  осы кез. Алайда бұл күні қарғалылықтар салыстырмалы түрде арзан ет сатты. Сиыр етінің келісі 1150 теңгеден, жылқы еті 1500 теңгеден, қой еті 1000 теңгеден сатылды. Осы кезде, тура сол базардың ішінде өзге сөрелерде сатушылар сиыр етіне 1500 теңге, жылқы етіне 1700-1800 теңге, қой етіне 1300 теңге сұрап тұрды. Қарғалы ауданынан жеткізілген еттің көп арзан екені осыдан-ақ көрініп тұр. Бұған қалалықтар да, қарғалықтар да дән риза болды. Себебі, қалалықтар арзан ауылдың өніміне қол жеткізсе, қарғалылықтар аз уақыттың ішінде сонша еттің өтіп кеткеніне қуанды. Мамырдың дәрі болып есептелетін сары майын қарғалылылықтар 2300 теңгеден сатса, өзге жерде оның әр келісіне 2500 теңге сұрап тұрды.

Арзан балыққа сұраныстың жоғары болғаны сондай, бірер сағатта балықтың көп түрі сатылып кеткен. Біз тек Аралдың жайын балығының сатылып жатқанын көрдік. Ол сөреде өте мол тұрды. Ірі жайынның етін қасапшы бөлшектеп сатып тұрды. Ірі сүйекті, қылқаны жоқ жайын етін алушылар да көп еді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*