Басты бет » Жаңалықтар » Ұмытылмайтын ерлік ұлықталды

Ұмытылмайтын ерлік ұлықталды

Қобда ауданының Әлия ауылында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 92 жыл толуына орай «Әлия — батыр қызы сен халқымның» атты облыстық мәдени шара ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, басқарма басшылары, қоғамдық ұйым төрағалары, Әлияның туыстары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Патриоттық шара алдымен батыр қыздың туған жері Бұлақ ауылындағы саябақта орналасқан ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен басталды. Шараның ашылуында сөз алған Қобда ауданының әкімі  Мейрамбек Шермағанбет өз сөзінде:

— Қобда ауданы — киелі батырлар мекені. Бұл жерден сегіз Кеңес Одағының Батыры шыққан. Солардың бірі де бірегейі Әлия Молдағұлова болатын. Ержүрек қыз 19 жасында Отан үшін жанын құрбан етті. Әлия Молдағұлованың туған күні жыл сайын облыстық деңгейде аталып өтіледі. Елбасымыз жас ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді дамытуымыз керектігін үнемі айтып жүреді. Осы мақсатта Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған күніне орай бірқатар спорттық жарыстар, патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылуда. Жастар батыр апамыздың ерлігін әрдайым үлгі етуі керек, — деді.

Шараға қатысқан Әлияның сіңлісі Әліп батырдың ерлігін еске алып, жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Бұдан кейін қасиетті Рамазан айында тұспа-тұс келген Әлияның рухына Құран бағышталды.

Мәдени шаралар Қобда ауданының Әлия ауылында жалғасын тапты. Мұндағы батырдың ескерткіші орналасқан алаңда облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйледі:

— Бұл өңірде батыр қызымыз Әлияның кіндік қаны тамған. Исатай мен Махамбеттің жорығы да осы жерден өткен. Аңызға айналған Қобыланды батырдың сүйегі осы жерде жатыр. Осындай алақандай ауылдан қаншама Кеңес Одағының Батырлары шыққан. Сондықтан біз үшін бұл өңір қасиетті мекен. Аудан әкімдігі мен жұртшылығына облыс басшылығының атынан алғыс білдіреміз. Бұл шаралар жас ұрпақ үшін өте қажет, — деді.

«Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес Әлияның туған күні облыс көлемінде ғана емес, басқа мемлекеттерде де аталып өтіліп жатқанын айтты. Әлияның ерлік жолдары жайлы жылы лебізін білдірді. Әсіресе, жастарды батыр қыздың қайсарлығынан үлгі алуға шақырды.

Бұл күні Әлия Молдағұлованың туған күніне арналған «Елім менің» атты облыстық патриоттық әндер байқауы өтті. Байқауға облыстың 12 ауданынан келген 15-30 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Олар белгілі композиторлардың және жергілікті сазгерлердің туған жер тақырыбындағы әндерін екі кезең бойынша орындады.

Сонымен қатар облыстың жалпы білім беретін мектептерінен 10-11 сынып оқушылары арасында «Айбын — 2017» әскери-патриоттық ойындары ұйымдастырылды. Сайыста барлығы 140 оқушы бірнеше кезеңдер бойынша сынға түсті.

— Бұл шараның мақсаты — жастарды отансүйгіштік рухқа тәрбиелеп, әскери дайындықтың алғашқы іс-әрекеттерін меңгерту. «Айбын» әскери-патриоттық ойындары жас сарбаздардың саптық байқауы, мергендер сайысы, автоматты жартылай бөлектеу-жинау, кедергілерден өту, пейнтбол жарысы бойынша ұйымдастырылды. Жас сарбаздар екі күн бойы арнайы шатырлы қалашықта болып, оларға арнайы далалық асхана қызмет көрсетті, — деді аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов.

— Бүгінгі сайысқа Қобда ауданынан келіп тұрмын. Біз үшін Әлия апамыздың ерлігі үлгі. Жыл сайын осы бағытта мәдени шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Оның жерінде туып-өскенімізге мақтанамыз. Батыр апамыз секілді Отанды қорғауға әрқашан дайынбыз, — дейді байқау қатысушысы Нұрдәулет Ораз.

Сондай-ақ бұл күні облыс әкімінің орынбасары Әлия ауылының орталығындағы саябақтың құрылысымен танысты. Саябақ жақын күндері халық игілігі үшін берілмек.

— Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша кәсіпкерлердің қолдауымен барлық ауылдарға саябақ ашу тапсырмасы берілді. Өткен жылы Әлия ауылы ең үлгілі ауыл болып танылды. Саябақтағы қураған ағаштар кесіліп, көктемде жаңадан талдар егілді. Балаларға арналған ойын алаңдары салынды, — деді аудан әкімі.

Әлия орта мектебінде ерлер мен әйелдер арасында волейболдан облыстық жарыс және жеңіл атлетикадан турнир өтті. 14 маусымда бастау алған жарыстарға облыстың барлық аудандарынан 150 спортшы қатысты.

Ә.Молдағұлованың 80 жылдығында ашылған Әлия облыстық патриоттық тәрбие беру орталығында шаралар үздіксіз өткізіліп келеді. Орталықтың директоры Бағдаш Әбдіжәмиқызының айтуынша, жастарға Әлияның өмірін, ерлік жолдарын насихаттау бағытында «Жас ұлан»  және «Балауса» қыз балалар тобы құрылған.

— Елін қорғау жолында қаршадай қазақ қызы ерлікпен қаза тауып, қысқа ғұмыр кешсе де, қайсарлығымен, қайтпас табандылығымен ұрпаққа деген патриоттық сезімнің үлгісін танытып кетті. Қанша жыл өтсе де оның ерлігі ұмытылмақ емес. Мәңгі жасай бермек, — деді  Б.Әбдіжәмиқызы.

Әлия ауылына келген меймандар Ә.Молдағұлованың музейін де аралады. Кейіннен батырдың рухына арналған ас берілді.

Шара соңында мәдени және спорттық жарыстардың жеңімпаздары дипломдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Патриоттық шара гала-концертке ұласып, мерекелік отшашумен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*