Басты бет » Ауыл » Науқан аяқталғанмен, жұмыс жалғасуда

Науқан аяқталғанмен, жұмыс жалғасуда

Егіс

Биылғы ауа райы көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге қолайлы болмады. Қыс созылып, көктем өте кеш шықты. Іс жүзінде шаруашылықтар сәуір айын өткізіп, мамырдың басында ғана науқандық  жұмысқа кірісті.  Алайда, соның өзінде әлденеше мәрте қайталама жауын-шашынды күндер көбейіп, егіс себу науқанына көп бөгет жасады. Соның салдарынан науқан белгіленген мерзімінен созылып барып аяқталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Әбтиев  осылай дейді.

— Ауа райының қолайсыздығы ғана бөгеді, науқанды жүргізуде басқалай қиындық болған жоқ. Тұқым болды, республикадағы ең арзан жанар-жағармай жеткізіліп берілді.  Шаруашылықтардың техникасы, адам күші де жеткілікті болатын. Тек үздіксіз жауған нөсер жұмысты тоқтатты. Соның өзінде, аймақта егіс науқаны табысты аяқталды деп есептейміз, — деді басқарма басшысының орынбасары бізбен әңгімесінде.

Жауапты басшының бізге берген мәліметіне қарағанда, осы мерзім ішінде облыста 653,3 мың гектар алқапқа егіс салынған. Немесе белгіленген жоспар 101,8 пайыз орындалған. Мұның 532,8 мың гектары жазғы егіс. Биыл аймақта дәнді дақылдар егісі 381,3 гектарға жеткізілді. Бұл да белгіленгеннен артық. Ауа райының жауын-шашынды болғанына қарамастан, осы көктемде 284,7 мың гектар алқапқа бидай, 86,4 мың гектар алқапқа арпа себілді. Бұдан бөлек, облыс бойынша 7 мың гектардан астам алқапқа тары, 2 мың гектар жерге сұлы дақылдары егілді.

Мал азығындық және майлы дақылдарға маңыз берілді. Бұрынғы жылдарға қарағанда олардың алқаптары едәуір ұлғайды. Аймақта қазір 40 мың гектардың үстінде майлы, 99 мың гектардан артық мал азығындық дақылдар егісі бар.

Көкөніс, бақша, картоп алқаптары да жылдағыдан көп. Мәселен, картоп облыс бойынша 6 мың гектардың үстінде. Ал көкөніс, бақша 3 мың гектардан артық алқапты құрайды.

Егіс науқанының аймақта табысты аяқталуына несиелік қаржы институттары көп үлес қосты. Шаруа қожалықтары уақытында несие, лизингке техникалар алды. Бұл қарыздарымен күзгі өнімі арқылы есептеседі.

— Егіс науқаны аяқталғанмен, егінші қауымға жұмыс көп. Өйткені көктемгі маусым кезінде жауын жауып, ылғалдың мол түсуі алқаптарда арамшөптің қаулап өсуіне жағдай жасады. Енді күннің қызуымен байланысты бұл жұмыс тіпті ауырлай түсуі мүмкін. Сондықтан арамшөпке қарсы күресті, агротехникалық  шараларды күшейту қажет. Ол үшін мүмкіндік бар. Жеткілікті мөлшерде шаруашылықтарға гербицидтер берілді. Қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар да алды. Мәселе уақыт өткізбей, жұмысты жедел жүргізуде болып отыр, — дейді Асылхан Әбтиев.

Иә, егінші қауым жыл он екі ай демалмайды деген сөз рас. Демек, облысымыздың егіс алқаптарында науқандық жұмыс әлі де жалғасуда.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*