Басты бет » Денсаулық » Әсет ҚАЛИЕВ: Ақтөбе медицина саласы бойынша батыс аймақтың астанасына айналады

Әсет ҚАЛИЕВ: Ақтөбе медицина саласы бойынша батыс аймақтың астанасына айналады

Қазір облыста медициналық кластер құру бағытында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде хирургияның ең күрделі саласы —  трансплантологияны дамыту қолға алынды. Соңғы екі-үш жылдықта ақтөбелік хирургтер 28 бүйрек, 9 бауыр ауыстыру отасын жасады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, хирургия саласында жиырма жылдық тәжірибесі бар білікті хирург Әсет Қалиевпен мереке қарсаңында сұхбаттасқан едік.

— Трансплантологияны дамыту бойынша қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

— Облыс медицинасының ең негізгі жетістіктерінің бірі — трансплантология. Бұл бағытта үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, бұған дейін дене мүшелерін науқастың туыстарынан алып келсек, былтырдан бастап мәйіт донорлығын  дамыту жолға қойылды. Осы уақытқа дейін алты адамға үш мәйіттен бүйрек алынып, салынды. Жалпы трансплантологияның дамуы мәйіт донорлығына байланысты. Осы арқылы ғана науқас адамдардың өмірін ұзартуға болады. Өкінішке қарай халықтың сана-сезімі, табиғаты бұл түсінікке әлі де дайын емес. Бірақ  қоғамның санасы қашан дайын болатынын күтіп отыруға шама жоқ. Себебі күн сайын адамдар донор таба алмай, ауыр науқастан көз жұмып жатыр. Осыны да ескеруіміз керек. Көз жұмған адамға «ми өлімі» диагнозы қойылса, заң бойынша  туысқандарының келісімінсіз-ақ дене мүшесін алуға рұқсат етілген. Бірақ біздің дәрігерлер мәйіттен мүшені аларда туысқандарына ескерту жасайды. Қазір ақтөбелік хирургтер бүйректі ғана алып жатыр. Алдағы уақытта мәйіттен бауыр алу да жоспарда бар. Осы мақсатта дәрігерлердің біліктілігін көтеруге, тәжірибесін шыңдауға  күш салынып жатыр. Бұл — өте күрделі ота. Адамның өмірін тәуекелге тігуге болмайды. Сондықтан біздің мамандар әзірге  бұл ота түрін кореялық дәрігерлердің қатысуымен жасап жүр.  Ал бүйрек ауыстыру отасын ақтөбелік хирургтер өздері жасай береді.

— Медициналық кластер құрылғанда кадр сапасы да артуы тиіс. Ақтөбелік дәрігерлердің біліктілігі бұл талапқа сәйкес келе ме?

— Егер дәрігер «мен бәрін білемін, болдым, толдым десе», оның кәсіби өсуінің тоқырағаны. Дәрігер өмір бойы біліктілігін арттыруы керек. Себебі медицина бір орында тұрмайды, күн сайын жаңа дәрі, жаңа технология, жаңа емдеу әдісі  шығып жатыр. Осының барлығын дәрігер меңгеруі  керек. Басқарма тарапынан мамандарды оқытуға күш салынып жатыр. Ақтөбелік дәрігерлер елімізден бөлек, сырт мемлекеттерде де тәжірибе жинақтап қайтты. Қазір олар облыс медицинасының ілгері басуына өз үлестерін қосып жүр. Биыл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ана мен бала денсаулығына қатысты грантын ұтып алдық. Грант құны — 30 миллион теңге. Ұйым бізге білікті мамандар жібереді. Осылайша ақтөбелік дәрігерлер шеберліктерін шыңдайды, тәжірибе алмасады.

Қазір облыс үшін  мамандарды шетелге жібергеннен гөрі олардағы маманды өзімізге шақырған экономикалық жағынан тиімді болып отыр. Мәселен, біз бір маманды сыртқа жіберу үшін қомақты қаржы жұмсаймыз. Ал оларды шақырсақ, арзанға түседі әрі шеберлік кластарын өткізу арқылы бірнеше маманды оқытуға мүмкіндік туады. Жуырда травматологтардың халықаралық конференциясы өтті. Осы басқосуда ақтөбелік дәрігерлер біраз тәжірибе жинақтады. Проблемалар талқыланды. Санитарлық авиацияның облысаралық орталығын ашу жайында мәселе көтерілді. Егер орталық ашылса, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарындағы ауыр дертке шалдыққан  науқастарды ұшақпен  Ақтөбеге  алып келеді. Оларды бұрынғыдай Алматы, Астана қалаларына апармайды. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе медицина саласы бойынша батыс өңірдің астанасына айналады. Бұл шаруа келер жылдан бастап қолға алынады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл экономикалық жағынан да тиімді. Артық шығын болмайды.

Жалпы қазірдің өзінде облысқа батыс өңірден жылына үш мыңнан астам адам келіп емделеді.

— Ақтөбелік хирургтер күрделі операцияларды меңгеруде.  Олардың қазіргі еңбекақысы қандай?

— Маманның тәжірибесіне, біліктілігіне қарай жалақы көлемі әртүрлі. Қазіргі күні жас хирургтер 60-70 мың теңге көлемінде еңбекақы алса, тәжірибелі мамандардың жалақысы —  150-300 мың теңге арасында.

Әсет Әскерұлы, сіздің басшылық қызметіңізден бөлек, білікті хирург екеніңізді де білеміз. Әлі де ота жасайсыз ба?

— Әрине, жасаймын.  Аптасына екі рет жедел медициналық көмек ауруханасында таңғы сағат жетіде отаға кіремін. Жаңа технологияларды меңгеруге тырысамын. Қазір лапароскопиялық, яғни жарақаты аз  оталар жасап жүрмін. Бауыр, жемсау, асқазан, өңеш секілді ішкі құрылыстағы аурулардың барлығына  ота жасаймын. Көп жағдайда науқастардың өздері хабарласып, іздеп келеді. «Отаны сізге жасатқымыз келеді, сіз танысыма, ағайыныма жасап едіңіз» деп өтініш айтады.  Келген науқастардың ешқайсысынан бас тартпаймын. Ал былайғы күндері жедел медициналық көмек ауруханасына барып, кез келген науқасқа операция жасай беремін. Хирургияның ең күрделі саласы — бауыр трансплантациясының алғашқы кезеңдеріне де қатысып жүрмін. Әрине, бұндай ота түрін де меңгеруге болады. Ол үшін өзге шаруаны ысырып қою керек.

Мен өз мамандығын шексіз сүйетін адамдардың қатарынанмын. Ота жасаған күні өзімді жеңіл сезінемін, көңілім көтеріледі. Студент кезімнен-ақ түрлі операцияларға  қатысып, ұстаздарымның қасында жүрдім. Оқу бітірген соң да бірден еңбекке араласып кеттім. Өз мамандығымның қыр-сырын үйренуге тырыстым,  әлі күнге дейін үйреніп жүрмін. Жалпы хирургия саласында жиырма жылдық тәжірибем бар. 1997 жылдан бері ота жасап келемін. Денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істегеніме он жылға таяды. Ал осы қызметте істегеніме 19-шы маусым күні үш жыл болады.  Қазір басқарманың жұмысы болған соң, ауруханаға күнде баруға уақыт бола бермейді. Бірақ отадан қол үзуді ойлаған емеспін. Алла қуат берсе, зейнет жасымнан ассам да қолымнан скальпельді тастағым келмейді.

Әдетте дәрігерлер туған жерінен келген  науқастарға ерекше ықыласпен қарайды. Сізді іздеп келетіндер бар ма?

— Туған жерім — Қобда ауданы Ақырап ауылдық округінің Қарабұлақ ауылы.  Сол жердегі 8 жылдық мектепті бітіріп, 8-9 сыныпты Ақырапта аяқтадым.  Қазір менің ауылымда 3-4 үй қалды. Тұрғындардың көпшілігі көшіп кетті. Әрине, ауылымнан көмек сұрап келетіндерге қол ұшымды аямаймын.

Хирургтің бойында қандай қасиет болу керек?

— Хирургтің қолы — нәзік, көзі — қырағы, жүрегі мықты болу керек. Оның бойынан табылуы тиіс тағы бір қасиет —  шыдамдылық. Себебі хирург күн-түн демей жұмыс істейді. Түнгі кезекшілікке қалады. Таң алдында жағдайы ауыр науқас түссе, бірден отаға кіріседі. Ол осының барлығына төзуі тиіс. Өзінің мамандығын сүйген хирург қана мықты маман болады. Кейде алдыңа келген науқасқа қандай шешім шығарарыңды білмейсің.  Ота жасамасаң, көз жұмуы мүмкін, ал жасаған кезде пышақты көтеруі екіталай. Осындай сәтте  хирург тез шешім қабылдай білуі керек. Кейде науқастың соңғы демі таусылып бара жатқан сәттегі  бет-бейнесі көпке дейін ойыңнан кетпей, көз алдыңда елестеп жүретін кездер болады. Ал осындай психологиялық жағдайларға хирург шыдай білуі тиіс.

— Ота —  жауапты іс. Қателесіп, «әттеген-ай» деген тұстар болды ма?

— Адам болған соң барлығы қателеседі. Жұмыс барысында да әртүрлі жағдайлар орын алады.  Отадан кейін сауығып кетсе, ол —  дәрігердің біліктілігінің арқасы. Бірақ аурудың да түрі бар. Барынша тырысып, қолыңдағы мүмкіндікті пайдаланғаныңмен де, көмектесе алмайтын кездер болады. Отадан кейінгі асқынуларға шыдамай науқас көз жұмады. Бұндай кезде әртүрлі ойлар келеді. «Егер былай жасағанда тірі қалар ма еді» дейсің кейде. Себебі медицинаның әлі де талқылауға түсіп жатқан тұстары көп. Сондай сәтте хирургтің біліктілігі, тәжірибесі ғана науқасты құтқарып қалады.

— Отаға  кірер сәтте жасайтын ырым-тыйымдарыңыз бар ма?

— Операция алдында кейбір хирургтер өзін дайындап, отаны сәтті аяқтап шығуы үшін іштей ырымдарға сеніп жататыны рас. Бірақ менде айтарлықтай дәстүр жоқ. Қолыма скальпельді алып, науқастың денесін тілер сәтте ішімнен «біссімілла» деп айтамын.

— Отбасыңызда сізден басқа дәрігер бар ма?

— Біздің әулетте атамның жақын ағасы ғана хирург болған, өзгелері әртүрлі кәсіппен шұғылданған. Ал өзімнің отбасымда зайыбым — педиатр. Екеуіміз бір оқу орнында  оқыдық. Қазір ол қаладағы емдеу мекемелерінің бірінде жұмыс істейді. Қызым Аружан Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде  стоматология факультетінде білім алып жатыр. Үлкен ұлым Әділет оныншы сыныпты бітірді. Қазір ол Қарағанды қаласында өтіп жатқан үздік оқушылардың «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынына қатысып жатыр. Болашақта менің ізімді жалғастырып, хирург боламын деген арманы бар. Ал кіші ұлым Әлібек  алты жастан асты. «Әке  өскенде мен де сіз секілді мықты хирург болам» дейді. Адамдарды емдегісі келеді. Балаларым ізімді жалғастырып, осы саланы таңдаймын десе, ешқандай қарсылығым жоқ. Егер дәрігер білікті әрі өз ісінің шебері болса, қоғамда абыройлы, сыйлы болады.

— Әңгімеңізге рақмет!

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

Бір пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Ардақты ақ халатты абзал жандар!

                Сіздерді алда келе жатқан 18 маусым –  медицина қызметкерлері күні мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
                 Мансаптың да, қызметтiң де, атақтың да, байлықтың да дәрiгер үшiн құны көктиын. Дәрiгерге ең қажетi – адамның денсаулығы, оның тағдыры. Науқас адам жанына дәру iздеп, дәрiгерге барады. Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы ақ халатты абзал жандар.
                Осындай бiлiм мен мейiрiмдiлiктi ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына бірлік, береке тілейміз!

    Ақтөбе қаласынан:
     Нұрлан-Болған ЕСЕНҒАЗЫ əулеті!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*