Басты бет » Жаңалықтар » Қытайдағы қазақ қызы — «Экспо-2017» көрмесінің еріктісі

Қытайдағы қазақ қызы — «Экспо-2017» көрмесінің еріктісі

Астанада өтіп жатқан Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілер де, онда қызмет етушілер де көп. Олардың қатарында еріктілер де бар. Өзінің аты айтып тұрғандай, ақысыз негізде, өз қалауымен туристерге көмек көрсететіндерге сұраныс айтарлықтай. Ұйымдастырушылардың сөзінше, үш айға созылатын бүкіләлемдік шара барысында 6 мың ерікті жұмылдырылмақ. Олардың жүзден астамы — шетелден келген жастар. Біз Қытай Халық Республикасынан осы көрмеге арнайы келген қаракөзіміз, сондағы университеттің студенті Құралай Құрманжанқызын әңгімеге тартқан едік.

 

— Жасым — 20-да. Қытайдың Бейжің қаласындағы шетел тілдер университетінің II курс студентімін. Осы «ЭКСПО-2017» көрмесіне ерікті болу үшін арнайы келдім.

Былтыр мұндағы Халықаралық көрмеге атсалысып, ерікті атану үшін университеттегі студенттер арасында іріктеу жұмыстары жүргізілген. Көп ұзамай қазақ, орыс, қытай тілдерін меңгерген, жұртшылықпен тез тіл табысуға икемді мыңдаған жастардың арасынан 5 адам таңдалып алынды. Солардың бірі — менмін. Бұл үшін дайындық жұмыстарына қатыстық, түрлі сыннан өттік.

 

— Негізгі мақсат атамекеніңді көру, мұндағы тыныс-тіршілікпен танысу болды ғой?

— Әрине. Менің ата-бабамды ертеректе Қытайға жер аударған, оның нақты уақыты мен себебін білмейді екенмін. Дей тұрғанмен, атажұртқа қарай әлдебір күш тартып тұрады ғой (күліп).

Ең алғаш рет 2013 жылы Қазақ еліне табаным тиді. Сол уақытта Астана мен Алматы қалаларын аралағанмын. Алған әсерім ерекше. Мұнда келместен бұрын адамдардың айтқанынан «Қазақтар өз арасында көбіне-көп орысша сөйлеседі» деген ой қалыптасқан еді. Сөйтсем, бұл қате пікір екен. Керісінше, өз елімде жүргендей, бірден бейімделіп кеттім. Енді, міне, Қазақстанға екінші рет келіп отырмын.

— Осындағы және Қытайдағы қазақ жастарының айырмашылығы бар шығар?

— Анау айтқандай айырмашылық бар деп айта алмаймын. Мұндағы қыз-жігіттерде еркіндік барын байқадым. Өз ойын-көзқарасын ашық білдіруге дағдыланған. Сол-ақ.

Есесіне, тұрмыс-тіршілікте ерекшеліктер бар. Мысалы, елордадағы азық-түліктің бағасы біздікімен ұқсас болғанмен, тұрмыстық тауарлар өте қымбат екен. Осындағы күнделікті өмірге қажетті техникалардың, киім-кешектің құны жоғары.

Мен туып-өскен жерім — Құлжа қаласы. Ол жақта қазақ мектебі бар. Ана тілімізде хабар тарататын газет, телеарналар жұмыс істейді. Яғни тілді меңгеру жағынан ешқандай кедергілер жоқ. Өз тілімізде сөйлесіп, домбырамызды тартып, қалауымызша өмір сүріп жатырмыз. Қазақтың Наурыз сияқты ұлттық мейрамын да өз деңгейінде жыл сайын атап өтеміз. Бұл түркі тілдес халыққа ортақ мереке болғанмен, Күн мен Түннің теңелетін мезгілін қазақтар ерекше тойлайтын сияқты.

Қытайдағы қазақтардың жағдайы бірқалыпты. Арамызда материалдық жағдайының төмендігінен жоғары білімді игере алмай отырғандардың барын жасырмаймын. Бірақ ондай топтағы азаматтар ілуде біреу. Шынымен жақсы өмір сүремін, ел қатарлы боламын дегенге жұмыс табылады.

Көрменің өзінде жұмыс істеу үшін әр айда бірыңғай форма киген 1500 адамнан, барлығы 4,5 мың ерікті дайындалған. Олардың 800-і еліміздің өңірлерінен, 150 ерікті өзге елден тартылған. Олардан бөлек, Астана қаласының аумағында біраз қыз-жігіт жұмыс істейді. Барлығы — 6 мың ерікті. Олар 2 миллион мейманды қарсы алады деп күтілуде…

Еріктілерге күніне үш мезгіл ас-ауқат және жол жүру билеті қарастырылған. Олар теміржол вокзалдарында, әуежайда, қонақүйлер мен саябақтарда және қоғамдық орындарда қызмет көрсетеді.

Мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі басталғалы ерікті боп жүрсің. Арада аз уақыт өтсе де, белгілі бір түсінік-пайымың қалыптасқан болуы керек.

— Иә, бәрі жақсы. Қызығушылық танытып, көрмеге қарай асыққандардың қарасы қалың. Өзім Қытай павильонының еріктісімін. Келушілерге болашақтың энергиясы, инновациялық игіліктер, жалпы жаңашылдықтар туралы айтып беремін.

Осы павильонда Қытайдан келген жастардың саны — 5. Алмасып, күніне 5-6 сағаттан жұмыс істейміз. Жолақымызды, басқа да шығындарымызды мемлекеттің өзі көтерді. Көрме қалашығында салынған жатақханада тұрып жатырмыз, бәрі ойдағыдай.

— Қай уақытқа дейін осында ерікті болмақсың?

— Көрме аяқталғанша, қыркүйектің 10-ына дейін Қазақстанда аялдаймын. Атамекенім болғандықтан, арнайы осында сұранып келдім ғой.

Астанадан арнаулы тілшіміз

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*