Басты бет » Жаңалықтар » Үміткер — үшеу

Үміткер — үшеу

Сайлау — 2017

Облыстық мәслихатта Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтің қатысуымен кеңес өтті.

Онда алдағы 28 маусымда өтетін Парламент Сенатына кезекті сайлау қарсаңындағы жұмыстар жайы әңгіме өзегіне айналды.

Облыс бойынша жергілікті сайлау комиссиясына 5 үміткерден өтініш түсті. «Сайлау комиссиясы белгіленген жоспарға сәйкес барлық шараларды атқаруда», — деп атап көрсетті облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Күнбаева. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға әрбір кандидаттың сәйкестілігіне прокуратура және құқық қорғау органдарына тиісінше сұрау салынды.

Нәтижесінде барлық қажетті құжаттарды облыстық сайлау комиссиясына ұсынған 3 адам Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутаттыққа кандидат ретінде тіркелді. Олар — Мамырғали Аққағазов, Әділбек Ділжанов және Мұхтар Жұмағазиев.

— 8 маусымнан бастап республика аумағында кандидаттардың сайлауалды науқаны басталды, ол 27 маусым күні 00 сағатта аяқталады. Осы мерзім ішінде кандидаттар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, түрлі кездесулер өткізе алады, басқа да осы бағыттағы шараларды жүзеге асырады, — деді сайлау комиссиясының төрағасы.

Биылғы жылы сайлауға қатысты бірқатар жаңалықтар енгізілмекші.

— Бұл сайлауда біз пилоттық жоба — сайлаушылар болып табылатын мәслихаттардың депутаттарын электронды тіркеуді енгізгіміз келеді, — деді Бақыт Мелдешов, — Барлығы да еліміздің аумағында онлайн режимінде өтеді. Сайлаушылардың қатысуы туралы барлық мәслихаттардан ақпараттар Астанадағы Орталық сайлау комиссиясының үлкен экранында көрініс беретін болады.

Кеңес барысында Президенттің бірқатар өкілеттіктерді Парламент пен Үкіметке беру туралы шешіміне сәйкес «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға түзетулер әзірленіп жатқаны айтылды. Егер қазіргі сайлаулар Президенттің Жарлығымен тағайындалып келсе, алдағы уақытта тиісті заңға сәйкес жүргізілетін болады.

Жиында биыл өтетін село әкімдерін сайлау жөнінде де сөз болды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*