Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбе ірі агломерациялық орталыққа айналады

Ақтөбе ірі агломерациялық орталыққа айналады

Облыс əкімдігінде Ақтөбе агломерациясын дамыту мəселелері талқыланды. Еліміздегі ірі агломерациялық орталықтардың бірі ретінде анықталған Ақтөбе агломерациясы аймағына Алға, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандарының 70 елді мекені, соның ішінде Алға, Қандыағаш қалашықтары мен Хромтау моноқаласы кіреді.

— 2013 жылы Елбасының тапсырмасымен Ақтөбе қаласы Астана, Алматы және Шымкентпен қатар, агломерацияның заманауи орталығына айналатын шаһарлардың қатарына кірді. Ақтөбе Батыс Қазақстанның орталығы болуы керек. Біз Алға, Хромтау серіктес қалаларын, аудандарды дамыту жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар, — деп атап өтті облыс əкімі Бердібек Сапарбаев.

Осыған байланысты экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан ағымдағы жағдайға талдау жүргізіліп, агломерацияны дамытудың проблемалық аймақтары мен негізгі бағыттары анықталды. Басқарма басшысы Олжас Смағұлов өңірде агломерация аймағындағы халықтың тығыздығы мен санын арттыру, инфрақұрылымдық дамуды жақсарту, көлік жолдарын жөндеу, елді мекендерді газбен жəне сумен жабдықтау бойынша қолданылып жатқан шаралар жөнінде мəлімдеді.

Болжамдарға сəйкес, 2020 жылға дейін келешегі бар агломерациялық жолдарды жөндеуге жыл сайын 5 миллиард теңгеге дейін бөлінетін болады. Қазіргі таңда орталықтандырылған газбен жəне сумен жабдықтау тұрғысынан агломерациямен қамтылған тұрғындар саны 96,1% құрайды. Халықты сапалы баспанамен қамтамасыз ету де агломерацияны дамытудың негізгі тапсырмаларының бірі болып табылады: баспана кезегінде 25,6 мың адам, жер телімдеріне 134 мың адам тұр. Осы тапсырманы шешу үшін 2017 жылдың өзінде агломерация аймағында 575,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, 13 613 жер телімдерін бөлу жоспарлануда.

Алға ауданының Маржанбұлақ ауылдық округінде құны 33,8 миллиард теңге болатын «Болашақ ауылы» ірі жобасын жүзеге асыру жоспарда бар. Облыс əкімі жобаға жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтып, оны жүзеге асыру үшін қолда бар барлық мемлекеттік бағдарламаларды барынша іске қосуды тапсырды.

Сонымен, пәтерлі тұрғын үйлер мен электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы — «Нұрлы жер», мектептер мен сумен жабдықтау желілері — «Нұрлы жер», балабақша, Мәдениет үйі, амбулатория мен дене шынықтыру жəне сауықтыру кешені МЖС механизмімен жүзеге асырылатын болады.

Мал биржасы, мал сою бекеттері, бөлшектік-көтерме орталығы, мал семірту алаңдары, көкөніс сақтау жəне сүт қабылдау бекеттері секілді орындарға қажет инфрақұрылым «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жүргізілмекші.

Ақтөбе агломерациясын нүктелі дамыту мақсатында 10 жаңа негізгі бағыт анықталды, соның аясында Ақтөбе елдің көліктік-логистикалық тірегінің орталығы, Қазақстанның батыс облыстарына медициналық қызмет көрсету орталықтарының бірі ретінде дамитын болады. Басты назар индустриялық-инновациялық бағыттарға, құрылыс салаларына, экономика мен ауыл шаруашылығына аударылмақшы.

Оқушылар орнының тапшылығы мен кезегін шешу үшін 2020 жылға дейін кемінде 190 балабақша пайдалануға беріліп, кем дегенде 26 жаңа мектеп салынады деп күтілуде.

— Әрбір 10 бағыт бойынша жұмыс тобы құрылу керек. Агломерация аймағына енетін нақты елді мекендермен жұмыс жасау қажет. Әрқайсысының жеке даму бағдарламасы болуы тиіс, — деген Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылап, басқарма басшыларына халықтың бос уақытын өткізетін орындарды арттыру мəселесін шешуді, ғимараттар мен тұрғын үйлердің алдын ретке келтіруді, барлық елді мекендерді көгалдандырып, көркейтуді тапсырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*