Басты бет » Жаңалықтар » Еңбек қатынастары саласы — тұрақты бақылауда

Еңбек қатынастары саласы — тұрақты бақылауда

Облыс басшылығы үшін еңбек қатынастары саласын бақылау, сондай-ақ еңбек қорғау мен қауіпсіздік мәселелері басымдық күйінде қалып отыр.

Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асырумен байланысты негізгі проблемалар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте талқыланды.

Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Мирболат Райымқұлов баяндағандай, жыл басынан бері мекемеде 731 өтініштер мен шағымдар қаралды, оның 80 пайызы еңбекақы мәселелері мен еңбекақының төленбеуіне байланысты. 284 тексеру жүргізіліп, 566 тәртіп бұзушылық анықталды, 190 ұйғарым беріліп, 8,2 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Кәсіпорындарды профилактикалық аралау, азаматтарды жеке қабылдау, кәсіпорын басшыларымен оперативті жұмыстар, қандай да даулы мәселелерді шешу үшін еңбек ұжымдарына бару тұрақты негізде жүргізілді, проблемалық компаниялар мәселесі штаб мәжілістерінде жедел қаралды.

Нәтижесінде жыл басынан бері 217,3 миллион теңге мөлшеріндегі еңбекақы бойынша қарыз өтелді және 20-дан астам даулы жағдайлар шешімін тапты.

Ахуалды тұрақтандыру мәселесінде әкімдіктер, кәсіподақ органдары және кәсіпорындар басшыларының арасында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша жасалған меморандумдар маңызды рөл атқарады. Ағымдағы жылы 84 мың адамды қамтыған 7179 меморандумға қол қойылды, 8577 кәсіпорында ұжымдық келісім-шарттар жасалды.

Маңызды проблемалардың бірі болып кәсіпорындардың қызметкерлерімен еңбек келісім-шартын дер кезінде жасау мәселесі қалуда. Шағымдарды тексеру және облыс прокуратурасымен бірлесіп жүргізілген акциялар барысында 2016 жылдың қараша айынан бері 323 шаруашылық жүргізуші субьектілерде 983 қызметкермен еңбек келісім-шарттарының болмауы анықталды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, өндірісте жарақат алушылық жағдайлары орын алуын жалғастыруда: тау-кен және мұнай өнеркәсібі салаларында жарақат алушылық жоғары күйінде қалуда. Еңбек қорғау және қауіпсіздік мәселелері бойынша жыл басынан бері 41 тексеру жүргізілді, соның нәтижесінде 156 тәртіп бұзушылықтар анықталды.

— Еңбекақы төлемі, жеке және ұжымдық келісім-шарттардың талаптарын сақтауға қатысты мәселелерді тұрақты бақылауда ұстау қажет. Өндірістік жарақат алушылыққа келетін болсақ, тиісті тұжырымдар жасап, үшжақты комиссия мәжілісі барысында проблемалық кәсіпорындарды қараған дұрыс, — деп тапсырды Бердібек Сапарбаев.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламаларының кешенді жоспары мен оны жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы жұмыс орындарымен 31100 адамды қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазіргі сәтте 12023 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында — 2391 адам, мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланусыз — 4095 адам қамтылды. Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын жүзеге асыруға 4,8 миллиард теңге бөлінді, жұмыс орындарымен 5 мыңнан астам адам қамтамасыз етілетін болады.

Тұрғындардың жұмыспен орналастырылуына ықпал жасауға 1 миллиард теңге қарастырылды. Жыл басынан бері 585 адам әлеуметтік жұмыс орындарына ие болды, жастар практикасына 611 адам жіберілді. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы мен инфрақұрылымдарды дамытуға 502,7 миллион теңге қарастырылды.

Сондай-ақ кеңес барысында жобалау-сметалық құжаттама жасауға бөлінетін қаржының тиімділігін көтеру мәселесі де қаралды. Облыс әкімі жобалау-сметалық құжаттамасын жүзеге асырудың төменгі деңгейі салдарынан оны жасауға бөлінетін бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану деректерін атап көрсетті.

Осыған байланысты Бердібек Сапарбаев облыстың стратегиялық жоспарына сәйкес жобалау-сметалық құжаттамасын жасауға қаржы бөлудің бірыңғай ұстанымын жасау, жобалау-сметалық құжаттама мәліметтердің электрондық базасын құру, оларды жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігін көтеруге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*