Басты бет » Жаңалықтар » Экспода Ақтөбе күндері өтеді

Экспода Ақтөбе күндері өтеді

Брифинг

«Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы соңғы 5 айдағы жұмыстардың қорытындысы және «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі кезінде облыс атынан атқарылатын жұмыстар туралы брифинг өткізді.

Ермек Кенжеханұлының айтуынша, аймақаралық байланыстарды кеңейту мақсатында Ресейдің бірқатар қалаларымен, Польша, Татарстан мемлекеттерімен қарым-қатынас орнату жоспарланған. Өзге елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстандағы 45-тен аса дипломатиялық миссия өкілдерінің қатысуымен бизнес-форумдар өткізілген.

— «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезінде жолаушылар легін көлікпен қамтамасыз ету мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі мен «Қазақстан Темір Жолы» АҚ бірігіп, теміржол құрамдарын және әуекөлігінің өткізу сыйымдылығын арттыру мәселелері пысықталды. Көрме өткізу кезінде жалпы орындар саны 1872 қосымша пойыздарды іске қосу, әуекөліктің өткізу сыйымдылығын 3000 бірлікке көбейту жоспарланды, — деді Е.Кенжеханұлы.

Ақтөбе облысының еріктілер тобы «ЭКСПО-2017» көрмесінің жұмысына шілде айының 3 және 31 күндері аралығында кіріседі. 26-30 маусым күндері көрменің бекітілген кешенді бағдарламасына сәйкес, Ақтөбе облысының мәдениет күндері өтеді. Алғашқы күні «Ақтөбе — құтты мекен» атты республикадағы және шетелдегі өнер жұлдыздарының, облыстық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылмақ. Жалпы, облыстың мәдениет күндеріне 500 қызметкер қатысады деп күтілуде.

Қытай елінде аты шыққан жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің Астана қаласында 27 маусым күні «Бастау» атты шығармашылық кеші өткізілмек. Концерттен бөлек, аспан асты елінің жанкүйерлері Димаштың туған жері, тұрғылықты үйі, отбасымен танысқысы келеді. Осыған байланысты өңірдегі туристік компаниялар туристік маршрут ұйымдастыруда.

— Өздеріңіз білетіндей, жерлесіміз Димаш тек қана Қытайды емес, әлемді мойындатты. Бүгінде Ақтөбеге келушілердің қатары көбеюде. Солардың бірі — Қытай елінің азаматтары. Біз барлық жұмыстарды қоса атқарып жатырмыз. Концертке дейін немесе концерттен кейін 2000-нан астам қытайлықтар өңірге келеді деп күтілуде. Оларға Ақтөбенің көрікті жерлерін көрсету үшін де қосымша маршруттар дайындап жатырмыз, — деді басқарма басшысы Ермек Кенжеханұлы.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*