Басты бет » Басты жаңалықтар » Темірліктер Ақтөбеге келді

Темірліктер Ақтөбеге келді

Өткен жылы аудандардың Ақтөбе қаласында өткен күндерінің қорытындысы бойынша темірліктер көш бастаған еді. Сондықтан да биылғы маусымның шымылдығын ашу да олардың еншісіне тиді.

«Туған жерім — нұрлы елім» мерекелік іс-шарасы аясында бірқатар мәдени-әлеуметтік маңызды бағдарламалар жүзеге асты. Темір ауданының мерекесіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, мұндай шараның елдік пен бірлік, жас ұрпақ тәрбиесі тұрғысындағы ықпалы зор екенін атап көрсетті. 

Темір ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев өңірде кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігін пайдалану, тұрғындарды жұмыспен қамту, тағы басқа бағыттардағы жұмыстар жөнінде көпшілікті хабардар етті. 

«Табыстағы» сауда

 Темірліктердің «Табыстағы» саудасы тым ерте қызды. Әдетте облыстың әр өңірінен әкелінген мал еттерінің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұл малдың жайылымына, жейтін шөбінің түріне байланысты. Сол тұрғыдан аталған аймақтан жеткізілген етке сұраныс көбірек болады.

Базарға ауданнан 2500 кг сиыр еті, 800 кг қой еті, 350 кг жылқы еті әкелінді. Қой етінің бір келісі 1000 теңгеден сатылса, жылқы еті 1500 теңге шамасында. Қымыз-шұбаттың бір литрінің бағасы 600 теңге . Тары-талқан да сол шамада сатылып жатты.

— Аталған жәрмеңкеге аудандағы «Елеу», «Расбек», «Бірлік», «Темірлан», «Ботажан», «Шамшырақ», «Олжас» секілді шаруа қожалықтары қатысуда. Клара Шипалақова, Хамит Қуатов, Сайын Боранқұлов, Берікқали Молдағалиев, Нұрлыбек Молдақұлов, тағы басқа мал өсіріп, ел берекесін келтіріп отырған кәсіпкерлер қала халқына семіз ет, құнарлы сусындарын алып келді.

Бір атап өтерлігі, сәске түске жетпей ет сөрелері босап қалып жатты. Жәрмеңкеге кештеу келіп, ауылдан әкелінген өнімдерден құр қалған қала тұрғындары тарапынан реніш те байқалмай қалған жоқ. Бұған байланысты темірлік кәсіпкерлер алда да келетіндерін айтып, олардың көңілін тыныштандырып жатты.

«Табыс» базарындағы бүгінгі жағдаймен танысқан облыс әкімі тары-талқан сатып отырған әженің жанына аялдап, жай-жапсарын білді. Бұрынғы Қарабұтақ ауданының Аралтоғай ауылының тұрғыны болған Қанзада әже сексен жеті жаста екен. «Келіндеріме жөн-жоба көрсетіп отырып, өзім тары салдырамын, қуырып дайындап бергесін өзім саудаға шығарамын» дейді қария. Облыс әкімі «кейбір адамдар еңбек етудің орнына бос сөз қуып жүреді, сізден үлгі алу керек қой» деп, оған алғысын білдірді.

 

Көңілді көше мерекесі         

Темір ауданы күндері аясында өткен көше мерекесі өзінің сән-салтанатымен көпшілікті өзіне тартты.

Темір өлкесінен шыққан  батыр, би Сәңкібай есімімен аталатын даңғыл бойында бұл күні таңертеңнен әсем әуен қалықтап, даңқы айналаға кеңінен таралған баба ескерткіші жанына келушілер уақыт өткен сайын көбейе түсті.

Бұл мерекеге облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Сәңкібай батыр ескерткішіне гүл қою рәсімінен соң сөз алған облыс басшысы жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады. Ел қорғаған батыр бабалар мен сөз ұстаған билердің үлгісін ұстанған ұрпақтың да келешегі кемел болатынын айтқан ол көпшілікті қашанда бір болуға шақырды.

Батыр ескерткіші жанында игілікті шаралар жүзеге асырылды. Соның бірі биылғы көктемде болған  су тасқынынан зардап шеккен 15 отбасыға тұрмыстық бұйымдар мен құрылыс  материалдарына  сертификаттар табысталуы болды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов көшенің қарт тұрғындарының бірі Жансұлу әжеге жақсы тілек айтып, сыйлық табыстады.

Темірлік кәсіпкер, ел ішінде мырза азамат атанған Хамит Қырқымбаев осындай сәтте ортаға шығып, табиғаттың қиындығына тап болған көпбалалы екі отбасының біріне соғым, біріне күздік беретінін жария етті.

Сәңкібай батыр даңғылы бойынша орналасқан мекеме-кәсіпорындардың өкілдері мерекеге белсене қатысты. Мәселен, «Динар-Электромаш» ЖШС-ның іс басқарушысы, облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Вишняк осы көшенің ең кішкентай тұрғыны Рамазан Асланұлының анасына қазақ халқының дәстүрлі желісімен бүкіл жасау-жабдығымен әсем бесікті табыс етті. Сонымен бірге ол «Біздің сыйлығымыздың ішінде қамшы да бар. Рамазан атқа мінетін жігіт болып өссін!» деген тілегін жеткізді.

Ал «Дару» емханасы» оңалту медициналық  орталығы» ЖШС директоры  Ғалымжан Елеуов Темір ауданынан 5 ересек, 5 балаға оңалту орталығына жолдама берді. Сөйтіп, қала мен аудан аралығында жақсы бір қарым-қатынастың жолын салғандай болды.

«Ақбөбек» білім орталығының бас директоры,  Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Күлпаршын Айдарханова бұл мерекеге «Ақбөбек» орталығында жазғы лагерьде демалып жатқан бір топ балғындарды алып келіпті. Көпшілік алдында көңілді би билеген олар облыс әкімімен бірге суретке түсіп, мәз болып қалды.

Көше бойындағы әсем алаңқайда көше тұрғындарына, жалпы осында келушілерге «Дару» емханасы дәрігерлерінің медициналық қызмет көрсетуге әзір тұрды. Осында өздерінің қан қысымын өлшетіп, дәрігерлік кеңес алу мүмкіндігі жасалды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ақпараттық қызметі келушілерге оңтайлы мүмкіндікпен тұрғын үй алу бағыттарын түсіндіріп жатты. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының көрмесі де көрермендердің көз жауын алды.

Темір аудандық спорт бөлімінің шахмат, тоғызқұмалақ ойын түрлерінен спорттық жарыстары қызу өтіп жатты.

Ал көше жағалай орналасқан «Алтын ғасыр», «Салтанат сарайы», «Багетто», «Ханшатыр» мейрамханаларының дәмдері, «Дина», «Анвар» сауда желілерінің азық-түлік қоржыны таратылуы көпшілікті мәз етті.

«Оксана» ұлттық-мәдени орталығының әншісі Любовь Нешко көше тұрғындарын «Армандастар» әнімен ерекше қуанышқа бөлеп, мереке сәнін көтере түсті.

Сәңкібай батырдың тікелей ұрпағы Совет Байқадамов,  «Алтын той» иесі Есен Тасыбаев,  осы күні отау құрып отырған жас отбасыға сыйлықтар тапсырылды.

«Ең үздік абаттандырылған нысан», «Ең үздік ұжым», «Ең үздік әлеуметтік жауапкершілік» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Темірлік өнерпаз Сейсен Айтжановтың әсем әні мерекеге жиналғандардың көңілін көтеріп, қуанышқа бөледі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Бір пікір

  1. Берік Дәндібаев

    Өте тамаша өтті бұндай мерекеде қуанышта реніште болуы әбден мүмкін бірақ дұрыс жақсы өтті қанша бірге қызмет істеген ақсақал ағалармен жүздестік қойылым қандай тамаша болды бұл жалғасын табады деді облыс басшысы рахмет

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*