Басты бет » Мереке » Төл мерекесін тойлады

Төл мерекесін тойлады

Кәсіподақ

Облыстың кәсіподақтар активі қаладағы «Зере» мейрамханасында сенбі күні Қазақстанның кәсіподағы күнін атап өтті.

Бұл шараға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, салалық кәсіподақтардың жетекшілері, әлеуметтік әріптестер шақырылды. Салтанатты шара басталар алдында Қазақстан кәсіподағы туралы фильм көрсетілді. Облыс кәсіподақтарының жұмысшылардың әлеуметтік еңбек құқықтарын қорғау бойынша жүргізген жұмыстары туралы әңгіме болды.

Облыстың кәсіподақ активін Жалпы Еңбек Конфедерациясының, ҚР Кәсіподақтары федерациясының, салалық кәсіподақтардың атынан марапаттаулар ұйымдастырылды.

Облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Т.Айжарықов «Жалпы Кәсіподақ Конфедерациясына 25 жыл»  күміс белгісімен, Дөң кен байыту комбинатының төрағасы Р.Бекмаханова және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Каванов грамотасымен марапатталды. Ал «Октябрьмұнай» мұнайгаз өндіру басқармасы кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Қауқақов, Алға аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Ерқосымова ҚР Кәсподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісін алды.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері Кәмшат Қопаева мен Нини Грузинова Алғыс хатпен марапатталып, сыйлыққа ие болды.

Бұдан соң кәсіподақ белсенділерін салалық кәсіподақтардың жетекшілері құттықтап, марапаттаулар тапсырды.

Бұл күнгі мерекелік бағдарламаның басты түйіні — бірінші рет өткізілген «Қанатты әйел» облыстық конкурсы болды. Конкурста тау-кен, металлургия өнеркәсібі, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік мекемелер, мәдениет, байланыс және телекоммуникация бастауыш ұйымдарынан 7 қыз-келіншек сынға түсіп, өз өнерлерін көрсетті. Қазылар алқасы үш жүлделі орынмен бірге, «Ерекше ару», «Нәзіктік аруы», «Сымбатты ару»  және «Көрермендер көзайымы ауруы» номинациялары бойынша жүлдегерлерді анықтады. Бір сөзбен айтқанда, конкурсқа қатысқандардың бірде-біреуі жүлдеден құр қалмады. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар тапсырылды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*