Басты бет » Басты жаңалықтар » Қазақстанда теңдесі жоқ бейімдеу орталығы ашылды

Қазақстанда теңдесі жоқ бейімдеу орталығы ашылды

Белгілі кәсіпкер Кеңес Рақышев пен оның зайыбы Әсел Тасмағамбетова Ақтөбеде «Мейірім» орталығын ашты. Олар әлеуметтік мекемені ашу үшін отбасылық бюджеттен 1,5 млрд теңге жұмсаған.

Сәрсенбі күні Қазақстанның ең бай кәсіпкерлерінің бірі Кеңес Рақышев және «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова Ақтөбе қаласына келді. Олардың қаржылай қолдауымен қаладағы Кірпішті ауданында «Мейірім» бейімдеу орталығы ашылды. Аталған мекеме жетімдер үйінен шыққан жастарға арналған. Бұл ғимарат — дизайн және архитектурасы, жабдықтандыру мен абаттандыру жағынан Қазақстанның әлеуметтік мекемелері арасында теңдесі жоқ жоба. Ғимаратты пайдалану барысында бюджеттік қаражаттың үнемделу мәселесі де қарастырылған. Бұл типтік ғимарат емес, тұрғындары үшін мүмкіндігінше үйдегідей жайлы жағдайлар жасалған.

2,7 гектар жер телімінде 5 корпус орналасқан. Оның төртеуінде пәтерлер болса, ал бесіншісі — әкімшілік корпус. Жалпы алғанда, орталықта бір бөлмелі 80 пәтер бар. Әр пәтердің ауданы 43 шаршы метрді құрайды. Әкімшілік бөлігінде миницехтар ашылған (шаштараз, тігін және етік жөндеу цехтары, гүл дүкені).

Мамандардың айтуынша, бұл орталықта балалар үйінің 16-29 жас аралығындағы түлектері тұратын болады. Бүгінгі таңда орталыққа 88 тәрбиеленуші қабылданды, болашақта 110 тәрбиеленуші тұрады. Ал 16 тәрбиеленуші миницехтарда жұмыс істейді.

— Осы үйді салған қайырымды жандарға алғысым шексіз. Ғимараттың ішіндегі бәрі ұнайды, — дейді Алға балалар үйінің түлегі Данагүл Шүкенова.

Ол 2015 жылы Ақтөбе сервис коледжін модельер мамандығы бойынша бітіргін. Ал қазір С.Бәйішев атындағы университетте жоғары білім алуда. Данагүл орталықтағы тігін цехында мамандығы бойынша жұмыс істейтіндігіне қуанып жүр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жетім балалардың жасаған өнімдері мемлекеттік мекемелерге өткізілетіні туралы айтты.

— Бұл өнімдер балалар үйіне, мектептерге, медициналық мекемелерге қажет болады. Мемлекеттік тапсырыс арқылы балалардың жасаған бұйымдарын аламыз. Олар аяққа тұрып кетпейінше, солай қолдау көрсетеміз. Соны қыркүйек айында міндетті түрде бастаймыз, — деді өңір басшысы келген қонақтарға.

Орталықты жастар тек қана мекен етпейді, сондай-ақ, нарықта сұранысқа ие мамандықтар алып шыға алады.

— 2012 жылы ауылшаруашылық колледжін бітірдім. Қазір кен орнында даяшы болып жұмыс істеп жүрмін. Бұған дейін пәтер жалдап тұрған едім. Ал қазір мен осында тұрып, шаштараз маманы атанамын, — дейді Жайсаң балалар үйінің түлегі Динара Ұлықпанова.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, Ақтөбеде мұндай орталықтың ашылуы үлкен олжа.

— Мұндай орталықтың ашылуы 10 жылда бір рет болады. Бұл — тарихи оқиға. Алғаш рет Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін теңдесі жоқ әлеуметтік үй ашылды. Әрине, мемлекет жетім балаларды назардан тыс қалдырмайды. Бірақ бұл жеткілікті емес. Жылына әлеуметтік бағдарламалар бойынша оларға 70-80 пәтер берілуде. Қазіргі таңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша 3 мыңнан аса адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегінде тұр. Сондықтан осындай орталықтың ашылуы өте маңызды, — деп Бердібек Сапарбаев Рақышевтар отбасына алғысын білдірді.

Жаңа орталықты мейман қонақтарға таныстырып жатқанда, жергілікті кәсіпкер Шамиль Каспранов Алға балалар үйінің түлегіне бір бөлмелі пәтер сыйлады. Ендігәрі Ирина Кудрина үш жастағы баласымен бірге өз үйінде тұрады.

— Әрбір адамда өзінің үйі болуы тиіс. Сондықтан мен Ирина Кудринаға сертификат беру туралы шешім қабылдадым, — деді «Нектар» ӨК жетекшісі Шамиль Каспранов.

Үй алған келіншек 25 жаста. Ол балалар үйінде мектепті үздік бағамен бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне түскен. Содан география мұғалімі мамандығын алды. Алайда баланың дүниеге келуіне байланысты ол мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Шамиль Каспранов келіншекті жұмысқа қабылдап қана қоймай, оның баласын да балабақшаға орналастырды. Сол балабақшада Ирина да тәрбиеші болып жұмыс істейді.

— Менің Шамиль Гайнановичке алғысым шексіз. Мұндай сыйлық аламын деп ойлаған емеспін. Жақсылық жасайтын қасиетті Рамазан айында ол маған пәтер сыйлады. Өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды. Жақсылық Құдайдан қайтады, — деп есептейді Ирина Кудрина.

Кеңес Рақышев Ақтөбеде тағы бір жоба бастайтынын жасырмады. Оның айтуынша, әрбір кәсіпкер өз еліне көмек көрсетіп, қолдауы керек. Әсел Тасмағамбетова да бұл жобамен шектелмейтіндігін айтты.

— Елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан бұл жобаның маңызы өте зор. Осы бастаманы әрі қарай дамытамыз. Айта кетейін, Ақтөбеде бұған дейін де бірнеше жобаны жүзеге асырдық. Мүгедектерге арналған көліктер сыйладық. Төрт ойын алаңын аштық. Сондай-ақ, дарынды жастарға көптеген гранттар беріп жатырмыз, — деді «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*