Басты бет » Басты жаңалықтар » Лаңкестік әрекеттің құрбандары еске алынды

Лаңкестік әрекеттің құрбандары еске алынды

Былтыр 5 маусымда лаңкестік шабуылдан қаза болған сарбаздарды еске алуға олардың туған-туыстар мен жақындары Ақтөбеге келді.

Осыдан тура бір жыл бұрын лаңкестік топ №6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған еді. Соның салдарынан бөлімнің үш әскери қызметкері қаза болды. Олар — майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы сарбаз Досбол Сапар. Сейсенбі күні Отан үшін жан тапсырған батырларды еске алуға арналған митингі өтті.

Сол күні қаза тапқан ақтөбеліктерді еске алып, гүл шоқтарын қоюға туған-туыстары мен жақындары және Қазақстанның өзге өңірлерінен келген қонақтар мен ақтөбеліктер қатысты.

Қаза болған Досбол Сапардың анасы Жұлдыз Құдабаева Оңтүстік Қазақстан облысынан келді. Ол баласының есімі ел есінде мәңгі сақталатындығын мақтан тұтады. Дегенмен, Досболдың артына ұрпақ қалдырмай, қыршын жас кеткеніне өкінеді.

— Досболдың Отан үшін жанын қиғанына ешқашан өкінбеймін. Мұны мақтанышпен айта аламын. Тек жастай кеткеніне өкінемін. Кеше мектеп мұрағатынан оның 4-сыныпта «Мен кім боламын?» деп жазған шығармасын тауып алдым. Сонда ол әскерге барып, әскери адам болатындығы туралы жазыпты. Сол арманын өзі жүзеге асырмаса да, халық соны жүзеге асыруда. Қолдағандарыңыз үшін көп рақмет! — деп Жұлдыз Құдабаева көз жасын тыя алмады.

Ол Отан үшін отқа түскен баласына бір шумақ өлең арнапты:

— Бір жыл да өтті арадан, Алла…

Келер ме деп ем қаладан балам,

Келмейсің деген соң қайғыменен қан жұттым, балам.

Отаным, жерім деп балам,

Көз жұмды, қыршын кетті, жанын қиды балам.

Анасының айтуынша, Досболдың сарбаз болғысы келгені соншалықты, ата-анасының рұқсатынсыз-ақ әскерге өзі аттанған.

— Тек соңында ғана әскерге кетіп бара жатқанын айтты. Амал жоқ, баланың арманына бөгет болмайық деп рұқсат бердік. «Мама, келісімшарт негізінде осында қызмет атқарамын» деп айтушы еді, — деп сарбаздың анасы баласын еске алды.

Лаңкестерге тойтарыс берген Сырым Сүндетов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Оның сөзінше, бұл марапатқа тек ол емес, шабуылға қарсы шыққан бүкіл сарбаз лайық. 5 маусым күні ол лаңкестердің жүгіріп келе жатқанын көреді. Сарбаз оларға бірден оқ жаудырды. Сол сәтте оның сол жақ аяғы мен көкірегіне оқ тиді. Алайда ол автоматтан оқ жаудыруды тоқтатпаған. Лаңкестер жалғыз қалған сарбазды қоршап, оның қаруын тартып алып, оған сегіз жерінен пышақ сұққан.

— Алғашқыда дәрігерлер маған аяққа тұрмайды деп диагноз қойды. Тек екі айдан кейін ғана қадам бастым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан Республикасы Ұлттық Гвардиясының Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың көмегі арқасында алдарыңызда тұрмын, — дейді Сырым Сүндетов.

Қазіргі таңда ол Шымкент қаласындағы №6506 әскери бөлімінде тәрбие жұмыстары бойынша бөлім бастығының көмекшісі болып қызмет атқарады.

Еске алу шарасын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.

— Өкінішке қарай, біз осыдан бір жыл бұрын қайғылы оқиғаны бастан өткізіп, соның салдарынан бейбіт тұрғындардан, ақтөбеліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзінің әскери борышын өтеуде ерлік көрсеткен сарбаздардан айырылып қалған болатынбыз. Біздің парызымыз — олардың ерлігі мен батырлығын мәңгі жадымызда сақтау. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесе отырып халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдаудамыз. Мен қоғамның белсенді араласуымен өз мақсатымызға жететінімізге сенімдімін, — деді облыс әкімі қатысушыларға қарата айтқан сөзінде.

Қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып,  аспанға үш дүркін оқ атылды. Сонымен қатар, №6655-әскери бөлімінің жедел мақсаттағы екінші ротасының бөлімшесінде әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан сарбаздардың тізімі жазылған естелік тақта ашылды.

Бердібек Сапарбаев жергілікті атқарушы билік органдары қайтыс болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді жалғастыратынын атап өтті. Кеше олардың балаларына жазғы демалыс лагерлеріне, соның ішінде РФ Орынбор облысындағы «Күншуақ елі» балалар орталығында демалу үшін 15 жолдама берілді.

Айта кетейік, өңірде экстремизм мен теорроризмге қарсы әрекет ету желісі бойынша мақсатты және кешенді жұмыстар жалғасып жатыр.

2016 жылғы қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша республикалық десант жұмыс істеп, оның аясында 145 мың адамды қамтыған 2500-ден астам іс-шара өткізілді, 6600 ақтөбелікке нақты көмек берілді.

Өңір басшылығының тапсырмасына сәйкес, аталған жоба 2016 жылы 10 қараша мен 10 желтоқсанға дейін жүзеге асырылды, сондай-ақ, биыл да сәуір айына дейін жалғасты. Жұмыс тобының құрамына үздік дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, кәсіпкерлер, теологтар мен тәжірибелі имамдардан құралған 130 адам кірді. 170 мың адамды қамтыған 2500-ден астам іс-шара өткізіліп, облыстың 6000-нан астам тұрғыны нақты көмек алды. 115 жұмыссыз еңбекпен қамтылды. 40 хирургиялық операция жасалды, 500-ден аса адам ем алып, 100 бизнес жоба 1 млрд 134 млн теңге көлемінде қаржы алды. Әлеуметтік желілілердегі 716 экстремистік материал бұғатталды немесе жойылды.

Аталмыш тиімді жұмыстардың нәтижесінде тіркелген қылмыстардың саны 35,5 пайызға төмендеді.

Құқық қорғау органдары маусымдағы оқиғалардан кейін жыл бойы «салафизм» ағымының 64 өкілін анықтады. Олардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*