Басты бет » Жаңалықтар » Жобалар тиімді болуы тиіс

Жобалар тиімді болуы тиіс

Қала құрылысы кеңесінің мәжілісінде облыс әкімі білім беру, мектепке дейінгі мекемелер, мәдени және музей ғимараттары құрылыстарының ұсынылған жобаларына байланысты сын айтты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов Қобда селосындағы музейдің, сондай-ақ Темір қаласындағы 100 орындық интернатпен бірге 300 оқушылық мектептің, ауысымына 50 адам қабылдай алатын дәрігерлік амбулаторияның жобаларын қарауға ұсынды.

Кеңес мүшелері бұл жиында барлығы салыну үстіндегі және жоспарланып отырған 15 құрылыстың жай-жапсарын талқыға салды.

— Өткен жолғы мәжілісте біз бірқатар жобаларды әлі де нақтылап, жетілдіру үшін қайтарып бергенбіз, бүгін сол жұмыстарды қабылдайтын болармыз деп үміттенемін, — деген еді Бердібек Сапарбаев жиын ашар сөзінде.

Өкінішке қарай, әкімнің үміті ақталмады. Көптеген жобаларға қатысты облыс басшысы ғана емес, сондай-ақ басқарма жетекшілері мен архитекторлар да сын айтты.

— Біз аудандарда соншалықты сән-салтанатты ірі ғимараттар салудың қажеті жоқтығын бұған дейін де бірнеше рет айтқанбыз. Құрылыстар барынша ықшам және аз шығынмен салынуы тиіс, — деп облыс басшысы ескерту жасады. — Жобалардың барлығы да қағаз жүзінде сондай тамаша көрінеді, ал іс жүзінде қандай да бір казармаларға ұқсап шыға келеді. Мұнда ашық бояулар көрінбейді, ізденістер байқалмайды.

Жиын қорытындысында кеңес мүшелері жобаларды кеңінен талқылап, айтылған ескертулер бойынша тыңғылықты жұмыс жасауды, содан кейін толыққанды күйінде кеңес қарауына ұсынуды тапсырды.

— Кеңес мақұлдаған жобалар кідіріссіз іске асырылуы тиіс,— деді жиын қорытындысында Бердібек Сапарбаев. — Егер де болашақ ғимараттардың үлгісі ұсынылып жатса, кеңес мүшелерінің талқылауына да оңтайлы болар еді. Жобаларды талқылауға облыстың ардагер архитекторларын да шақыру керек. Олардың тәжірибесі бізге көмегін тигізері сөзсіз.

 Санат РӘШ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*