Басты бет » Жаңалықтар » Тыңдайды… кеңес береді

Тыңдайды… кеңес береді

Сенім телефоны

Ақтөбе қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Мәселе жоқ!» сенім телефоны өз жұмысын бастады. «Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылып отырған жобаға 7 миллион теңге бөлінген.

«Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте сөз алған жобаның ұйымдастырушысы, «Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Дүйсенованың айтуынша, мақсат — түрлі қиын жағдайларға тап болған өрендерге қолдау көрсету. Бұл үшін бас-аяғы 8 адамнан құралған психолог, заңгер, т.б. мамандар телефон шалғандарға ақыл-кеңесін беріп, жөн сілтейтін болады. Облыстық білім басқармасының қолдауымен іске асырылып жатқан жоба жеткіншектердің арасында суицид, ерте жүктілік сияқты мәселелердің өршуіне байланысты қолға алынып отыр.

— Біз тәулік бойы, ауысыммен жұмыс істейміз. Кез келген ақтөбелік өзін толғандырған мәселелер бойынша хабарласа алады. Барлығын тыңдап, ақысыз кеңес беруге, мүмкіндігінше көмектесуге әзірміз. Негізінен мұнда құқықтық, психологиялық демеу көрсетілмек. Егер хабарласушы аты-жөнінің белгісіз боп қалғанын қаласа, оған да рұқсат. Жалпы, жобаға мемлекеттен 7 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл соңында атқарылған жұмыстар бойынша есеп бергелі отырмыз, — дейді Айгүл Дүйсенова.

Жиын барысында облыстық білім басқармасының, жоғарыда аталған бірлестіктің мамандары да адами сезімдерден бұрын, қым-қуыт тіршілік, қаланың күйбең өмірі, материалдық игіліктер алдыңғы шепке шыққан уақытта кәмелет жасына толмағандарға осылай қызмет ететін сенім телефонының мән-маңызы ерек екенін, ең бастысы, әр адам оны тыңдайтын құлақ бар екенін сезінгеннің өзі бойға рух беретінін айтты.

…Көңілі құлазып, жаны жабырқаған жастар 90-90-00 телефон нөміріне хабарласып, мамандармен кез келген мәселе бойынша сырласа алады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*