Басты бет » Жастар » Табиғатты аялады, сыйлықтармен марапатталды

Табиғатты аялады, сыйлықтармен марапатталды

Атаулы күн

5 маусым — Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне орай облыстық экология департаменті Ақтөбе қаласындағы Ақжар-2 ауылының маңында сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Шараға қаладағы жоғары оқу орнының студенттері, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары және департамент мамандарынан 200-ге жуық адам қатысты.

Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Асхат Муфтаковтың айтуынша, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар наурыз айында бастау алған.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылдың маусымында қабылданып, биыл 45-ші рет аталып өтіп отыр. Бүгінгі сенбілікте жастар Ақжар-2 ауылының және осы маңдағы орман алқаптарын күл-қоқыстан тазартуда. Бұл жұмыстарға 6 «Камаз» жүк көлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ бүгін Мәртөк ауданында жыл сайын оқушылар арасында өтетін «Жас эколог» байқауы басталды. Мұндай шаралар жас ұрпақты еңбекке бейімдеп, өз елінің шынайы патриоты атануға тәрбиелейді, — дейді А.Муфтаков.

Ал, облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусин табиғат аясына демалуға шыққан қала тұрғындарын орман алқаптарын ластамауға шақырды.

Сенбілікте қолдарына еңбек құралдарын ұстаған 200-ге жуық студент белгіленген орындарды қоқыстан тазалады.

«Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс жасағаныма екі жыл болды. Өзім қатарлы жастармен бірге еңбек етіп, әр күніміз қызықты өтеді. Туған қаламның көркейіп, гүлденуі үшін өз үлесімді қосу — парызым деп есептеймін, — дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі Гүлсезім Серікбаева.

Бұдан кейін Ақтөбе қаласындағы №7 арнайы түзету мектебінде осы атаулы күнге орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Табиғатты аялайық» байқауы қорытындыланды.
Облыстық экология депарматенті мен білім басқармасы ұйымдастырған байқауға Алға балалар үйі, Жайсаң арнайы білім беру мекемесі, Ақтөбе қаласындағы №7 арнайы мектеп-балабақшасы, облыстық арнайы есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернаты, сондай-ақ Қобда, Хромтау, Темір және Мәртөк аудандарындағы отбасылық үлгідегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысты.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Мира Нұрғалиеваның айтуынша, аталған байқау «Табиғатты аялайық» тақырыбында эссе жазу және сурет салу номинациялары бойынша өткен. Барлығы 119 тәрбиеленуші қатысқан сайыста 96 сурет пен 26 шығарма ұсынылған.

Салтанатты шарада байқаудың жеңімпаздары Алғыс хаттармен және демеушілер ұсынған сыйлықтармен марапатталды.
Білім басқармасы мен экология департаментінің мамандарынан құрылған қазылар алқасының шешіміне сәйкес, 8 бала I дәрежелі, 22 бала II дәрежелі, 26 бала III дәрежелі дипломдармен марапатталды. 32 қатысушыға Мақтау қағазы берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*