Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбе Мемлекеттік рәміздер күнін кең көлемде атап өтті

Ақтөбе Мемлекеттік рәміздер күнін кең көлемде атап өтті

Мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына тура 25 жыл толды. Мерейлі мерекені облыс жұртшылығы кең көлемде тойлады. 

4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара облыс әкімдігі алаңынан бастау алды. Шаһарымыздың бас алаңынан авто-вело-мото шерушілер және атты әскерлер тобы қолдарына мемлекеттік нышан — көк Байрағымызды алып, сап түзеді. Егемен еліміздің ең қастерлі нышанын ұстаған топ қаланың орталық көшелерімен жүріп өтіп,

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс  саябағындағы тутұғырына дейін барды. Сөйтіп, мерекелік шара саябақта «Мемлекеттік рәміздер —  ел мерейі»  атты концертпен жалғасты.

Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты. Тутұғыры алаңындағы мерекелік жиынға қатысушылардың қарасы көп болды.

Алдымен айбарлы Әнұранымыз шырқалды. Бұдан кейін жас мемлекеттік қызметшілердің Ант қабылдау салтанаты өткізілді.

Біз, жас мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет атқаруды қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы өзіміздің биік жауапкершілігімізді сезіне отырып, еліміздің Конституциясы мен заңдарын сақтауға, халқымызға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етеміз, — деді облыстық статистика департаментінің жетекші маманы Индира Сейсенқызы.  Басқалар да осылай ант беріп жатты.

Айта кету керек, кеше облыс орталығындағы ірі сауда орындарында бір уақытта  мемлекеттік Гимн айтылды. «Керуен Сити» сауда үйінде ақтөбелік жастардың ұйымдастыруымен жастарды отансүйгіштікке баулуды мақсат еткен патриоттық шара ұйымастырылды.

Сондай-ақ, бұл күні аудандардың бәрінде де мемлекеттік рәміздерімізді жан-жақты насихаттау мақсатында ауқымды шаралар — салтанатты жиындар, концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар, жастардың флешмобтары өтті. Елдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.  Мереке қарсаңында жоғары және орта арнаулы оқу орындарында конференциялар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, кездесулер ұйымдастырылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*