Басты бет » Мереке » Жиырма жылдың жемісі

Жиырма жылдың жемісі

Мерей

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан аймақтық «Славяне» этномәдени бірлестігінің құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай Ақтөбе қаласындағы «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарының маңында мерекелік кеш өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

«Славяне» этномәдени бірлестігі — 1997 жылдың мамырында славян мәдениетін, этникалық ерекшеліктерін сақтап, дамыту мақсатында құрылған орталық. Бірлестік мүшелері 20 жылдық мерейтойында ақтөбеліктерге мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.

Шараның ашылуында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Әрбір мемлекеттің дамуы мен болашағы достыққа, тыныштыққа, бейбітшілікке байланысты. Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән беріп келеді. Әр ұлттың тарихын, мәдениетін, тілін ұмытпауға мүмкіндік жасау — біздің мемлекетіміздің негізгі саясаты.

Бүгінгі күні өңірде 18 этномәдени бірлестік құрылып, жұмыс атқаруда. Ондағы ең үлкен орталықтардың бірі — «Славяне» этномәдени бірлестігі. Қандай мереке болмасын, олар әрдайым бізбен бірге, халықтың көңіл күйін көтеруге үлес қосып келеді. Әрдайым еліміздің абырой, беделі арта берсін. Ең негізгісі, ұлттар арасындағы достық берік болсын! — деді.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыс етті. Олардың қатарында «Славяне» этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Гуменный, бірлестіктегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Борис Петухов, бастамашыл топ кеңесінің мүшесі Евгений Савин және «Стройдеталь» ЖШС бас директоры Анатолий Симоновтар бар.

— Әрбір ұлт өз тiлiн, мәдениеті мен тарихын, әдебиетiн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн жаңғыртып, кейiнгi жастарға үйретуі керек. Өткен 20 жыл ішінде бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Бірлестікте 4 хореографиялық орталық, театрландырылған студия мен хор ұжымы бар. Әлемнің Франция, Италия, Испания елдерінде өнер көрсетіп, жүлдемен оралды. Алда Санкт-Перебургте өтетін байқауға дайындық үстіндеміз. Сонымен қатар, «Орыс әндері» хоры құрылды. Оған 2011 жылы славяндық халық хоры атағы берілді, — деді аймақтық «Славяне» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Гуменный.

Мерекелік кеште этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдардан өзге облыстың Қарғалы, Мәртөк, Алға аудандарынан келген өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

Мерекелік бағдарламада «Русская песня» халықтық хоры, «Купава» фолк-модерн тобы, «Коляда» фольклорлық ансамблі мен «Радуга Престиж» халықтық би ұжымы өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің көрмесі, көңілді сайыстар мен спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*