Басты бет » Басты жаңалықтар » Шалқар-Ырғыз тасжолы жөнделеді

Шалқар-Ырғыз тасжолы жөнделеді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шалқар ауданында болды. Шалқар қаласынан Ырғыз ауылына дейін көлікпен барған өңір басшысы алдағы уақытта жол мәселесі шешіледі деп уәде етті.

Пайданың көзі — кооперация

Жұма күні Бердібек Сапарбаев Шалқар ауданының екі ауылы — Бегімбет пен Байқадамға барды. Онда облыс басшысы әлеуметтік маңызы бар мекемелерді аралады, солардың жұмысымен танысты.

Бегімбет ауылы — Шалқар ауданындағы Айшуақ ауылдық округінің орталығы. Шалқар қаласынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда 2 мыңға жуық халық тұрады.

Бегімбет ауылының тұрғындары облыс әкімінен Ақтөбе қаласына тікелей қатынайтын пойыз мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі ауыл тұрғындарының бала-шағасы негізінен Ақтөбе қаласында тұрады. Оларды қарсы алып, шығарып салу үшін ауыл тұрғындары пойызды Шалқар қаласында күтуге мәжбүр.

Сондай-ақ, халықты мазалайтын тағы бір мәселе — емханадағы маманның жетіспеушілігі.

— Облыста гинеколог, кардиолог, балалар дәрігері жетіспейді. Мұғалімді де, дәрігерді де ауылда дайындау керектігі туралы әкімдерге үнемі айтамын. Мектеп түлегі Ақтөбедегі жоғары оқу орнына жіберіліп, тәжірибе жинақтауды ауылда өткізсін. Оқуды бітірген соң ол туған ауылында жұмыс істеуі тиіс, — деп Бердібек Сапарбаев маман тапшылығын жоюдың жолын көрсетті.

Облыс әкімі Бегімбет ауылындағы ұсақ-түйек шаруа қожалықтарының көптігін сөз етті. Оның айтуынша, шаруа қожалықтары ірі кооперацияға бірігуі қажет. Тек сол кезде ғана мемлекеттен ірі көлемде қаржылай көмек алуға болады.

— Кімде өнімді өңдеуге, сатуға мүмкіндік бар, соның төңірегінде топтасуы керек. Малды өсірген соң, соны сату керек. Саудагерлер Қызылордадан немесе Шымкенттен келіп, сатып алып жатыр. Пайданы олар емес, маңдай тер төккен малшылар көруі қажет, — деп өңір басшысы сауданы қолға алуға кеңес берді.

 Су мен газға қаржы бөлінді

Байқадам ауылы — Шалқар ауданының Есет Көтібарұлы атындағы ауылдық округтің орталығы. Шалқар қаласынан 58 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда 900-ге жуық тұрғын мекен етеді.

Байқадам ауылының тұрғындары облыс әкімінен жаңа Мәдениет үйін салып беруін өтінді. Олардың айтуынша, ауылдағы Мәдениет үйі азып-тозып тұр.

Теміржол торабына қосылған Байқадам ауылын сумен және газбен қамтамасыз ету үшін 200 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, ауылдың медпункті жөнделеді.

— Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Елбасы айтқандай, тәуелсіздікті алу оңай емес, ал оны сақтап қалу одан да қиын. Сондықтан тұрғындар да жұмыс істеп, атсалысу керек. Ауылда мал шаруашылығымен айналысу қажет. Себебі барлығы не теміржолшы, не мұғалім бола алмайды, — деді өңір басшысы ауыл тұрғындарына.

Жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Есет Көтібарұлының кесенесіне де барып, зиярат етті.

Ет өңдейтін комбинат ашылады

Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Нұралы» шаруа қожалығында жуырда ет өңдеу комбинаты салынады. Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерде 400 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Кәсіпкер Бердібек Төлеуовтың айтуынша, малды Алға қаласындағы ет комбинатына тасымалдағанша, Шалқар ауданында бірден өңдеген әлдеқайда тиімді. Қазірдің өзінде ирандықтар қызығушылық танытуда. Екі қабаттан тұратын комбинатта сыйымдылығы 150 тонна болатын тоңазытқыш, сондай-ақ, тұшпара жасайтын цех жасақталады. Бұл комбинаттың ерекшелігі — өңдеу көлемі кішігірім болса да, малдың кез келген қалдығы пайдаға жаратылады.

Үш ауданның жолы жақсарады

Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе мен Ақтау арасында жол салынады. Соның ішінде Шалқар-Ырғыз тасжолы қалпына келтіріледі.

— Қазір Қазақстанда барлық облыстар бір-бірімен теміржол арқылы байланысқан. Тіпті Арқалыққа дейін теміржол тарттық. Ендігі мақсат — барлық облыстарды тасжолмен байланыстыру. Ақтөбеден Ақтауға, Астраханға дейінгі жолдың құрылысы былтыр басталды. Ислам банкінің қатысуымен келісімшарт жасалды. Соның арқасында 230 миллиард теңге қаражат бөлінеді. Сол ақшаға Ақтөбе мен Атырау арасында жол салынады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Ақтаулықтар Астанаға бару үшін алдымен Атырауға, содан кейін Ақтөбеге соғады екен. Бұдан былай, Ақтау мен Астананы тікелей байланыстыру үшін Ақтөбе арқылы тасжол төселеді. Яғни Ырғыз бен Шалқардың арасындағы жол жөнделеді.

Айта кетейік, облыс әкімі Шалқардан Ырғыз ауылына дейін көлікпен жетті. Ол 160 шақырымға созылған жолдың сапасыз екенін өз көзімен көрді.

— Таяу уақытта Ырғыз ауданында бизнесті дамыту үшін мүмкіндіктер бұрынғыдан да елеулі түрде арта түседі. Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын «Орталық — Батыс» жобасы Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау бағытын қамтиды. Бұл жобаның біздің облысымыз үшін маңыздылығы — салынатын жолдың үш ауданның ауылдық елді мекендерінің үстінен жүретіндігі. Бұл инвестиция тартуға және жол бойынан өнеркәсіп өндірісі нысандарын салып, қызмет көрсету аясын кеңейтуге жол ашып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермекші. Мемлекет елдің әр азаматының еңбек етуіне және жан-жақты жетілуіне мүмкіндіктер жасап отыр, екі қолды қусырып ұстап отырмай, еңбек ету керек,— деп түйіндеді сөзін Бердібек Машбекұлы Ырғыз жұртшылығымен кездесу барысында.

Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш-Ақтау бағытындағы Орталық-Батыс дәлізінің ұзындығы 2511 шақырымды құрайды. Ал Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз аумағындағы республикалық маңызы бар жол 401 шақырымды қамтиды. Ал жергілікті маңызға ие Ырғыз-Нұра-Қостанай облысы шекарасы қашықтығы — 120 шақырым.

Жалпы алғанда аталған аумақта облыстың 125 мыңдай халқы тұрады.

Ескі мектептің орнына жаңасы салынады

Облыс әкімі Шалқар қаласындағы №5 мектепке барып, оқу орнының тарихымен танысты. 1907 жылы салынған мектеп жуырда 110 жылдығын атап өтпек. Қазіргі таңда онда 900-ге жуық оқушы білім алуда, 100-ден астам мұғалім жұмыс істейді. Белгілі болғандай, мектепке спортзал мен акт залы керек.

Ескі мектепті көрген облыс басшысы жаңа мектеп салу қажеттігі туралы айтты.

Су тасқынынан зардап шеккен отбасына үй беріледі

Бердібек Сапарбаев аудандық Мәдениет үйіне келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімі Бауыржан Қаниев төрт айда атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді.

Облыс басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасына мән беру қажеттігін ескертті. Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, Ақтөбе қаласындағы әрбір оныншы басшы Шалқар ауданының тумасы.

— Шалқардан шыққан кәсіпкерлер мен басшылар көп. Соны пайдалану керек. Олар кіндік қаны тамған, тәрбие алған жерін ұмытпауы тиіс. Туған жерінің дамуына үлес қосулары қажет. Ақтөбе қаласында хоккей модулін салып берген Щегельскийлер отбасы үлгі болуы керек, — деді өңір басшысы.

Жиын барысында аудан тұрғындары мен ақсақалдар сауалдар қойып, облыс әкіміне алғыстарын жаудырды. Ал Мәншүк Отарбаева микрофон алдында қуаныштан толқып, жылап жіберді. Ол — Ақтөбе қаласындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғын. 2013 жылы Ақтөбеге көшіп келген Мәншүк үш баласымен сырты силикат, іші саманнан тұрғызылған үйді мекен етті. Судың салдарынан оның үйі жарамсыз танылады. Қайда барарын білмеген отбасыға Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев жеке хабарласыпты.

— Ол бізге үш бөлмелі үй беруге шешім қабылдағанын айтты. Күйеуім жұмысқа тұрды. Қыркүйек айында үйіміздің құрылысы бітеді. Ал қазір Жылтыр ауылында ата-енемнің қолында тұрамын, — дейді Мәншүк Омарова.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

 

 

Бір пікір

  1. Піралина Гүлжанат Жәрдембергенқызы

    Тілші! Ақпаратты қайта сүзіп шыққаныңыз абзал! Шалқар қаласындағы ном.5 мектептің іргетасы 1907 жылы қаланып, 2007 жылы 100 жылдығы тойланып кетті. Ал биыл “Ғасыр мектебі” атанған бұл білім ордасына 110 жыл. 110 жылдық мерейтой да мамыр айында өз деңгейінде атап өтілді.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*