Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеге алты елден травматологтар келді

Ақтөбеге алты елден травматологтар келді

Конференция

А.Досжанова атындағы конференц-холда «Политравма диагностикасы және кешенді емнің заманауи концепциясы»  атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға АҚШ, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Қытай, Түркия және өзіміздің ел аумағынан травматолог-ортопедтер мен хирургтер келді. Шараның мақсаты — Ақтөбедегі травматология бағытын дамыту, озық елдердің тәжірибесін меңгеру.

Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысушылардың қадамына сәттілік тілеп, облыс медицинасының дамуын баяндады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ел медицинасындағы оң өзгерістерді, облыста  жасалып жатқан теңдессіз оталар туралы айтты. Алайда соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының салдарынан көз жұматындардың саны көбейген. Осы ретте былтыр ашылған политравма бөлімі жазатайым жағдайға ұшыраған адамдарға нәтижелі көмек көрсетіп келеді. Ал бүгінгі басқосу политравма бөлімінің әрі қарай жандануына өз ықпалын тигізбек. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев облыс медицинасындағы жаңашылдықтармен таныстырды.

Жалпы статистика бойынша, әлемде апатты жағдайларға адамдар жиі ұшырайды. Мәселен, 100 жол-көлік апатының 28-і жүргізушілер мен жолаушылардың өлімімен аяқталады екен. Сырт елден келген ғалымдар осындай жағдайлар кезінде науқастарға көмек көрсету және травматология,  ортопедия саласындағы озық технологиялар туралы баяндама жасады. АҚШ-тағы Сент Луис медициналық университеті ортохирургия орталығының профессоры, ортопедиялық госпитальдың директоры Жолдас Құлжанов «Политравма диагностикасы және кешенді емнің негізгі концепциясы» тақырыбында баяндама жасады. Профессор  аяқ, жамбас сүйектеріндегі сынықтарды емдеу әдістері және осы саладағы өз тәжірибесімен бөлісті. Түркиядан келген ғалым Эмре Кайпмаз «Политравма кезінде госпитализацияға дейінгі көмектің негізгі қағидалары» тақырыбында бейнекөрініс арқылы таныстырылым жасады. Оқыс оқиғалар кезінде жарақат алған адамдарға жан-жақты әрі жедел көмек көрсетудің әдістерін айтты. Ал Германиядан келген профессор Бюрен Волкер интенсивті терапия бөліміндегі жарақаты ауыр науқастарды емдеудің озық тәсілін бейнеролик арқылы көрсетті. Травматологиялық регистр, жарақаттың ауыр шкаласы секілді медицинаның әр бағытын жан-жақты түсіндірді. Оның ішінде жамбас сынықтарын емдеу, омыртқа сүйектерін қайта қалпына келтіру секілді медициналық тәсілдердің озық технологиясы айтылды. Оңтүстік Кореядан келген профессор Им Кенг Хун травматологиядағы  өз тәжірибесімен бөлісті. Емдеудің озық үлгілерін бейнекөрініс арқылы ұсынды.

Жиында бірнеше жерден жарақат алған науқастарды емдеу және одан туындайтын мәселелер талқыланды. Сондай-ақ конференц-холдың кіреберісінде көрме өтті. Еліміздің әр өңірінен келген медициналық ұйымдар өздерінің мүмкіндіктерін көрсетіп, жарнама жасады. Мәселен, «ApexC» фирмасы ортопедияға қажетті жамбас, буын импланттарын  ұсынды.

Жалпы конференция екі күнге созылды. Екінші күні шетелден келген мамандар  травматология және ортопедия саласындағы ең күрделі ота — жамбас сүйегінің реконструктивті  операциясы бойынша үш шеберлік класын өткізді.

Ал конференциядан бір күн бұрын профессор Жолдас Құлжанов қаладағы №3 емханада науқастарды қабылдап, тегін көмек көрсетті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*