Басты бет » Басты жаңалықтар » Ырғыз ауданында көптен күткен банк филиалы ашылады

Ырғыз ауданында көптен күткен банк филиалы ашылады

9 маусымда ауданда тұңғыш банк операциясы жасалады. Бұдан былай, аудан тұрғындары 400 шақырым қашықтықта орналасқан Ақтөбеге келмей, тұрғылықты жерде несие алады.

Жұма күні облыс әкімі Шалқар ауданынан бірден Ырғыз ауданына барды. Өңір басшысы ауданда бірінші рет ашылғалы тұрған «Халық банк» филиалының ғимаратына кіріп, құрылыс жұмыстарымен танысты.

— Егер біз кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасасақ қана, ол дамиды. Үлкен ауданда өзінің банк филиалының болмауы ұят. Осыған дейін Ақтөбе облысының екі ауданында банк филиалы болған жоқ. Оның біреуі Ырғыз ауданында, екіншісі — Ойыл ауданында. Ойылда «Евразия банкінің» филиалын ашсақ, Ырғызда «Халық банкі» ашылғалы тұр, — деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысының айтуынша, банк 15-20 маусым аралығында іске қосылады. Ал алғашқы банк операциясы 9 маусымда жүзеге асуы тиіс. Осыдан кейін аудан тұрғындары Ақтөбе қаласына келмей-ақ, несие алуға қол жеткізеді.

Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын Бердібек Сапарбаев Ырғыз, Ойыл, Қарғалы аудандарындағы банк филиалының жоқтығын сынға алған еді.

Балық табыстың қосымша көзі

Іссапар барысында облыс әкімі Ырғыз ауданындағы егін мен балық шаруашылығын дамытуға арналған су қорын тексерді.

Қыл мен Қожа су бөгеттері аудандағы табиғи су қоймалары кеуіп кетпеуі үшін арнайы 2012-2013 жылдары салынған. Жалпы Ырғыз ауданында үш өзен мен 80 көл бар.

Өңір басшысы гидротехникалық құрылыстарды қарап шыққан соң, суармалы алқаптар мен балық шаруашылығын дамыту туралы тапсырма берді.

— Балық — Ырғыз сияқты су ресурсы мол аудан үшін табыстың қосымша көзі. Қолда бар су ресурстарын барынша тиімді пайдалану керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі балық шаруашылығын дамыту арқылы кәсіпкерлікпен айналысуға болатындығы туралы  айтты. Оның сөзінше, Ырғыздың бренді — балықты көрші аудандар мен облыстарға сату қажет.

Сондай-ақ, Ырғыз ауылында аудан әкімі Мәди Елеусізовтің есебі тыңдалды. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейі өскен. Дегенмен облыс әкімі жол бойындағы кәсіпкерліктің әлсіз дамығандығын сынға алды.

— Арал мен Ырғыздың арасында не тамақ ішетін жер жоқ, не жанармай бекеті жоқ. Аралдан Қарабұтаққа жетем дегенше, адам аштан өліп қала жаздайды. Менің есептеуім бойынша, сол жолмен күніне 7 мың көлік жүріп өтеді. Міне, ақша қайда жатыр? — деп облыс әкімі жол бойындағы кәсіпкерлікті дамытуға тапсырма берді.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*