Басты бет » Басты жаңалықтар » «Күзеттің» орнына балабақша ашылды

«Күзеттің» орнына балабақша ашылды

«Күзет» ұйымына тиесілі болған ғимаратта «Райгүл» балабақшасы өз есігін айқара ашты.

1 маусым күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Рысқұлов көшесіндегі жаңа балабақшаның ашылу салтанатына барды. Аталған балабақша мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы аясында ашылды. Мектепке дейін білім беру мекемесінде 300 бала тәрбие алады және 25 адам жұмыс істейді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Индира Бексұлтанованың айтуынша, бұл ауданға балабақша өте қажетті болған. Сондықтан «Райгүл» балабақшасы балаға бірден толды. Мұнда балаларды екі тілде тәрбиелейді. Екі қабатты ғимараттың ішінде музыкалық және дене шынықтыру залы, медицина бөлмесі, логопедиялық және психолог кабинеттері бар.

Бердібек Сапарбаев жиналған жұртты мерекемен құттықтап, балабақшаның ашылуына септігін тигізген кәсіпкерге алғыс білдірді.

— Бала өмірдің жалғасы ғана емес, ол — күнделікті өмірдің гүлі, нұры, көңілі. Бәрі балабақшадан басталады. Сондықтан біз балаларды балабақшамен қамтамасыз етуіміз керек. Өкінішке қарай, барлығын балабақшамен қамтасыз етуге мемлекетте қаржылай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер көмектесіп жатыр, — деді өңір басшысы.

Айта кетейік, былтыр «Күзет» компаниясынан кейін ғимаратты өз қарауына кәсіпкер Ержан Кенжебаев алды. Ол ғимараттың жөнделуіне және оның жабдықталуына 190 миллион теңге салған. Сондай-ақ, биыл маусым айында Сәтбаев көшесінде Ержан Кенжебаевтың көмегімен екінші балабақша ашылады.

— Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деген осы. Егер кәсіпкерлік пен билік бірге жұмыс істесе, онда халқымыздың жағдайы жақсы болады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Биыл балабақшаға жолдама беру науқаны 2 маусым күні басталып, 27 маусымға дейін жалғасады.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*