Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеде алғаш рет балалардың шеруі өтті

Ақтөбеде алғаш рет балалардың шеруі өтті

Шеруге 2 мыңнан астам талантты жас музыканттар мен әртістер қатысты.

1 маусымда балаларды қорғау мерекесіне орай облыс әкімдігінің алдында шеру басталды. Аталған шараға Ақтөбе қаласындағы 20-дан астам білім беру мекемесінің оқушылары атсалысты. Сондай-ақ, Қарғалы, Мәртөк және Алға аудандарының оқушылары өнер көрсетті.

Шеруді ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектептің үздік оқушылары, түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлері атанған 20 балаға сыйлық жасады. Балаларға Орынбордағы «Күншуақ елі» бірегей оқыту-сауықтыру орталығына жолдама берілді. Сондай дарынды баланың бірі — 14 жастағы Азамат Орынбаев. Ол былтыр Астанада өткен халықаралық жарыстан екінші орын алған.

—  Жарыста Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» атты өлеңін оқыдым. Қазақ прозасы мен поэзиясы жанры бойынша жүлделі екінші орынға қол жеткіздім. Болашақта Асанәлі Әшімов сияқты атақты актер болғым келеді. Сосын режиссер болып, кино түсіремін, — дейді Байғанин ауданындағы мектеп оқушысы Азамат Орынбаев.

Алаңға ең дарынды балалар шықты. «Аққу» мен «Әлия гүлі» би ансамбльдері «Қара жорға» биін биледі. Ал қаладағы музыкалық мектептердің оқушылары бір мезетте домбырамен «Адай» күйін орындады. Барлығы 2200 жас дарын жүріп өтті. Шеру облыс әкімдігінің алдынан басталып, Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға дейін созылды. Мерекелік шараны ұйымдастыру үшін балалар 2 күн бойы дайындалған.

Айта кетейік, балалар мен жастардың музыкалық оркестрі мен ансамбльдерінің шеруі Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Нұрлы болашақ» жалпықазақстандық акцияның бір бөлігі болып табылады. Осыған ұқсас шерулер бір уақытта еліміздің барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар Алматы мен Астана қалаларында өтті. Ақтөбеде өткен шеру соңында барлық қатысушыларға тегін балмұздақтар берілді.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*