Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбе қаласы 148 жылдығын атап өтті

Ақтөбе қаласы 148 жылдығын атап өтті

Кеше ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық демалыс және мәдениет саябағында Ақтөбе қаласының 148 жылдығына орай «Сүйікті қалам, Ақтөбе!» атты шоу-бағдарламасы ұйымдастырылды. Қолайсыз ауа райына қарамастан, шараны көрем деушілер аз болмады.

Жиналғандарды қала күнімен құттықтаған  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев толассыз жауған жауын-шашынды Алланың нұрына балап, бұның ауыл шаруашылығы саласы үшін пайдалы екенін атап өтті:

— Менің ойымша, бүгін саябаққа Ақтөбенің нағыз патриоттары жиналды. Жаңбыр — біз үшін нұр. Ауыл шаруашылығы саласы үшін қосымша байлық.

Бүгін облысымыздың орталығы, сүйікті қаламыз Ақтөбенің туған күні. Соған орай күні бойы іс-шаралар өтіп жатыр. Барлық аудан, елді мекендер Ақтөбеге қарап, бой түзейді, дамиды. Сіздердің аттарыңыздан осындай күн райына қарамастан, тамаша көңіл күй сыйлаған барлық мәдениет саласы  қызметкерлеріне алғыс айтамын. Барлығыңызды осы мерекемен құттықтаймыз! Ең негізгісі, елімізде тыныштық, аманшылық болсын. Ақтөбеміз өсіп, дами берсін. Біз, облыс әкімшілігі, өз тарапымыздан Ақтөбенің көркеюі үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз, жасай да береміз. Бұйыртса, келесі жылғы Ақтөбенің туған күнінде көптеген ғимараттар пайдалануға беріледі, — дей келе, шаһардың дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың арасында облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Ғұбайдұлла Бітіков, қалалық ғылыми-әдістемелік орталықтың басшысы Жәния Мұхамбетова, ҚР құрметті сәулетшісі Болат Егімбаев, сондай-ақ, бір топ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлары, т.б. бар.

Шара барысында Ақтөбенің даму жолы туралы фильм көрсетіліп, шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Артынша аспанға 148 түрлі түсті шар ұшырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*