Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Облыстық газеттер — Ойыл ауданында

Облыстық газеттер — Ойыл ауданында

Акция

Бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамды қозғаушы күш ретінде рөлі арта түсуде. Сондықтан да басылымдар мен оқырмандардың арасындағы байланысты нығайту, жұртшылықтың ой-пікірін, ұсыныстарын биліктің назарына жеткізу міндеті қалам иелері үшін кәсіби парыз ғана емес, сондай-ақ Елбасы Жолдауларында айтылған елді ілгерілету, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге қосылған үлес те болмақшы.   

Осындай бағытты берік ұстанған облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газеттерінің журналистері өткен аптада Ойыл ауданында болып, өздерінің оқырмандарымен кездесті. Шығармашылық топты аталған газеттер құрамына енетін «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастап барды. Серіктестік директорының орынбасары Руслан Дарбаев, облыстық басылымдардың бас редакторлары Бауыржан Өтеулиев, Мирал Жармұхамбетов, сол топырақта туып, облыс журналистикасына зор үлес қосқан ардагер журналистер Төлеміс Меңдіғали, Идош Асқар және «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Аманқос Орынғалиұлы осы топты құрады.

Ежелгі Көкжар өңірінде өткен бұл мәдени-көпшілік шара облыстың құрылуының 85 жылдығына және өңірде кеңінен қанат жайып отырған «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында орайластырылды.

Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева журналистерді өңірдің бүгінгі экономикалық-әлеуметтік даму барысымен таныстырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бүгінгі күннің өзекті мәселелері туралы кеңінен сұхбаттасты.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесу барысында ойылдық оқырмандар өздерін толғандырып жүрген мәселелерге қатысты ойларын білдірді, ұсыныстарын ортаға салды. Баспасөз қызметкерлері мен жұртшылық арасында ашық әңгіме өрбіді.

 КӨНЕ КӨКЖАРДЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Ойыл өңірінің көнеден сақталған көп тарихы бар. Соның негізгі бір тінін Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Көкжар жәрмеңкесі құрайтыны анық. Бұл жерде заманында дүбірлі жиын, елдің басын қосқан үлкен сауда, соның айналасында түрлі шаралар ұйымдастырылған. Жәрмеңке дабыры шалғайға таралып, Ойылдың атын шығарған.

Аудан әкімі Бұлбұл Бисембайқызы журналистерге бұл тарихи орынның кешегісі мен бүгінгісі туралы байыпты баяндап берді.

Ең бастысы кезінде жәрмеңке болған сауда қатарлары сақталған. Жәрмеңкеде жеті  қатар сауда орны болыпты. Олардың жалпы ұзындығы 500 метр шамасын құраған. Осыдан алты-жеті жыл бұрын ескіні жаңғыртып, аталған сауда қатарларын қалпына келтіру үшін облыстан 3 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Қызыл кірпіштен өрілген сауда қатарларының архитектурасы айрықша көрінеді. Басты ерекшелігі, мұнда шеге пайдаланылмаған.

Көкжар жәрмеңкесінің даңқы алысқа тарағаны сондай, батыстан ағылшындар, шығыстан қытайлар тауарларын жеткізген. Орыстар, татарлар, өзбектер өз алдына ат басын бұрған. Жәрмеңке көктемде және күзде өтіп тұрған. Бір деректерде жәрмеңкенің тауар айналымы 46.061 рубльге жеткені айтылады.

Жәрмеңкенің кеңсесі болған ғимарат бүгінге дейін сақтаулы. Бүгінгі күні онда аграрлық колледждің жатақханасы орналасқан.

Осында аталған оқу орнының директоры Серік Займолдин Көкжардан қалған көне жәдігерлердің бүгін де ел игілігіне пайдаға асып отырғанын мақтаныш сезімімен айтты.

ХІХ ғасырдың аяғында салынған көне мешіт те осы аймақтағы құнды жәдігерлердің бірі.

Мешіттің кірпіштері барқын құмы мен сазды араластырып жасалған. Көнекөздер кірпішті қойдың жүнін қосып, биенің сүтімен илегенін жеткізеді. Бір қызығы, қар жауған тұста, сондай-ақ жаңбырдан соң күншығыс жағынан қарағанда кірпіштер құбылып тұрады екен.

Кеңес заманында мекемелер кеңсесі ретінде қолданылған мешіт қазір бұрынғы қалпына оралды.

Көкжар жәрмеңкесі аумағындағы Есет батырдың қызы Ботагөзге қойылған ескерткіш елдіктің, қазақ қызының асқақ тұлғасының көрінісіндей әсер береді.

Шығанақ Берсиев атындағы аудандық мұражай өзінің бай мұраларымен ерекшеленеді. Мұражай қызметкері Дулат Исабаев әрбір жәдігердің тарихына қысқаша тоқталып, келушілерге аз уақыт ішінде көп мағлұмат беріп үлгереді.

Мұражайда Көкжар жәрмеңкесінде қолданылған сирек заттар,  қыш құмыралардың сынықтары, балта, кісен,  қақпан,  І Николай, ІІІ Александр патшалардың заманындағы ақшалар, жиһаздар сақталған.

Мұражайда өзінің аты берілген әйгілі  тарышыға бір зал арналған. Онда Шығанақтың өмірі мен өнегесі кеңінен насихатталған.

Қысқасы, аудан орталығының заман талабына сай еңсесін көтеріп, сәнді ғимараттар бой көтере бастауы, көшелерге өзгеше көрік беріле түскені қуантады. Белгілі кәсіпкер-ғалым Бекежан Ахан ауылға бет бұрып, осында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Көкжар» қонақ үй кешенін салуды қолға алыпты. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тұсында ашылған және Даңқ парктері бүгінде халықтың көп жиналатын, жақсы демалатын, мәдени шаралар өткізілетін орнына айналған.

 «БҰЛ — БІЗДІҢ ГАЗЕТІМІЗ!»

Аудандық Мәдениет үйінде өткізілген оқырмандармен кездесуге жұртшылық көп жиналды. Олардың барлығы да облыстық басылымдардың өкілдерінің келгенін біліп, «Ақтөбе» және «Актюбинский вестникке» жанашырлығын білдіріп, «бұл — біздің газетіміз» деп ыстық ықыластарын айтып жатты.

Кездесу барысында жиналғандарға ең алдымен «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігін баяндайтын бейнебаян ұсынылды. Қазіргі уақытта серіктестік құрамына облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, «Адырна», «Үш таған» журналдары, сондай-ақ ақпараттық-талдау орталығы кіреді.

Осы жайларды айта келіп кездесу тізгінін қолға алған танымал тележүргізуші Есет Қаниев баспасөз бен оқырман арасына алтын көпір орнатқандай болды.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева өңір экономикасының негізінен ауыл шаруашылығына тәуелді екенін тілге тиек етіп, сондықтан да мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

«Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау-көмектер нәтижесінде мал саны көбейе түсті, мал тұқымын асылдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Негізгі қорға инвестиция тарту 3,2 миллиард теңге құрады», — деді ол. Бүгінгі күні өңірде облыс әкімінің тапсырмасы бойынша егістік алқабы ұлғайтылуда, суармалы егісті тиімді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылуда.

— Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Ойыл тарысының даңқын қайта көтеруді тапсырды. Бұл — біз үшін мәртебелі іс. Өйткені Шығанақ атамыздың еңбегі ескірмеуі тиіс. Біз қазір тары өсіру, оны өңдеу және өткізу жұмыстарын қолға алдық. Ақтөбедегі «Ваниль» кондитерлік цехы біздің өнімдерімізді ықыласпен алуда. Біздің мақсатымыз — ауданда тары кластерін құру, — деді Бұлбұл Күзембаева. Ол сонымен бірге аудан басшылығының бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын да алға тартты.

Аудан әкімі баспасөзге байланысты ойларын білдіре келіп, «Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері — біздің ежелгі достарымыз. Бұл басылымдар ауданда болып жатқан маңызды жаңалықтарды, игі шараларды жүйелі түрде көрсетіп отырады. Ойыл өңіріндегі көп өзгерісті облыс жұртшылығы сіздердің газеттеріңіз арқылы біліп отырғанын білеміз. Сондықтан да журналист ағайындарға айтар алғысымыз шексіз»,— деді ол.

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншин өз кезегінде аталған екі газеттің ғасырлық ғұмырға бет алғанын айтты. «Актюбинский вестник» келер жылы 100 жылдығын атап өтпекші, ал «Ақтөбе» 2019 жылы 95-ке толмақшы.

— Біздің газеттеріміз ғасыр бойы халықпен бірге келеді. Бүгінгі күні Тәуелсіздіктің нәтижесінде басылымдарымыз жаңа деңгейге көтерілді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясатты жұртшылық арасында насихаттай отырып, қоғам дамуына, еліміздің өркендеуіне ақпараттық қолдау көрсету — басты парызымыз.

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бұқаралық ақпарат құралдарына оң көзқарасын сіздер жақсы білесіздер.

Ойыл өңірінде де біздің тұрақты оқырмандарымыз жыл сайын көбейіп келеді. Сіздердің сенімдеріңіз бізді қанаттандырады. Біз алдағы уақытта да сіздермен бірге боламыз, — деді ЖШС директоры.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев оқырмандар назарын газеттің интернет нұсқасы да жұмыс істейтіндігіне аударды. Ол жұртшылыққа газеттен бұрын жетеді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде екі газеттің өз парақшалары бар.

«Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Мирал Жармұхамбетов газетке жазылып қана қоймай, оқырмандардың оның жұмысына белсене қатысуларына да тілек білдірді.

Облыстық «Ақтөбе» газетінде ұзақ жылдар қызмет істеген Төлеміс Меңдіғалиев, Идош Асқар өздерінің естеліктерімен бөлісті. Ал жақында ғана «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атағына ие болған Аманқос Орынғалиұлы газеттің өзі жетекшілік ететін экономика бөлімінің қызметін кеңінен ашып айтты.

Кездесу барысында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының өкілі Сағира Шалабаева өздері үшін басты міндет газет-журналдарды иелеріне дер кезінде жеткізу екенін және бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Ал оқырмандар атынан сөз алған елдің белгілі азаматы, кезінде аудан басқарған Ғазиз Займолдин осы ойды өрбіте түсті.

— Біз облыстық газеттерді келесі күні-ақ қолға аламыз. Бұл басылымдарды дер кезінде оқып отыруға мүмкіндік береді, — деді ол. — Осы кездесу барысында мына жайт ойыма оралып отыр. Раукен Отыншин «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясына басшы болып тұрған кезінде «Алтын микрофон» акциясын Ойыл өңірінен бастаған еді. Сол дәстүр бүгін де жалғасып отыр. Бұл — ойылдық оқырмандарға көрсетіліп жатқан құрмет деп түсінеміз. Алдағы уақытта сіздердің жанашырларыңыз көбейе түсері сөзсіз.

ЖҮЛДЕЛЕР КІМГЕ БЕРІЛДІ?

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС ұжымы оқырмандарымен кездесуге құр қол келген жоқ. Мәселен, «Ең белсенді оқырман» номинациясы Амангелді Темірмұқанов пен Наталья Пономареваға тапсырылды.  Еңбек ардагері Ғұсман Жұмбергенұлы «Жанашыр оқырман» белгісін иеленді. «Ең жас оқырман» номинациясын Алена Голикова мен Олжас Жәрдемов алды.

Басылымның тұрақты оқырмандары Қазбек Нұрымгерейұлына, Тыныштыбай Шалабаевқа, Жалғас Мусинге  «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне билет сертификаты табысталды.

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ының бірқатар әлеуметтік әріптестері осы шараға байланысты өздерінің демеушілік ілтипаттарын танытты. Осы бағытта басылымның тұрақты оқырманы, газет жанашыры Ғазиз Займолдинге «Шипагер» шипажайына сертификат тапсырылды. Сондай-ақ Оксана Нұрлыбаева «Ақбөбек» балалар демалыс орталығында демалу мүмкіндігіне ие болды.

Көпсалалы «Болашақ» колледжіне ақысыз оқу сертификаты Ойыл орта мектебінің биылғы түлегі Жайнагүл Сағындықоваға тапсырылды.

Жергілікті журналист Самат Нарегеев жазушы Құрал Тоқмырзин атындағы сыйлықтың иесі атанды.

Кездесу барысындағы тебірентерлік сәт — тоқсан бес жастағы Бибі Асқарова мен тоқсандағы Шайзада Қылипанова әжелерге арнайы сыйлық табысталуы. Елдің ардақты аналары журналист балаларына ақ батасын берді.

 ОЛЖАСТЫҢ ӨНЕГЕСІ

Ойыл қазақ орта мектебінің биыл алтыншы сыныбын бітіріп жатқан Олжас Жәрдемов — жан-жақты ізденіп жүретін талапты оқушы. Ол Көкшетау өңіріндегі Щучинск шаһарында өткен «Зерде» деп аталатын ғылыми жобалардың республикалық конкурсында бірінші орын алды.

Жас талап ғылыми жобаны қорғау үшін тақырыпты алыстан таңдаған жоқ. Өзі кішкентай кезінен жақсы білетін мал шаруашылығына ден қойды. Оның ішінде шұбатын сүйсініп ішіп, кішкентай ботақандарына мейіріммен қарайтын түйе малын өсірудің тиімділігіне назар аударды.

— Менің бұл бағытта жұмыс істеуіме ең алғаш рет ықпал еткен аудандық ауыл шаруашылығы және малдәрігерлік бөлімінің басшысы Дулат Нәубетов аға еді, — дейді ол.— Содан бергі екі жыл ішінде көп іздендім. Мәселен, атақты түйе өсіруші Есіркеп Жиевтің балаларымен сұхбаттасу маған көп мағлұмат берді. Түйе өсірудің, оның өнімдерін өндірудің қыр-сырын жақсы білетін Қаратал ауылының тұрғындары Жолдас Әбиев, Гүлбаршын Жақашева секілді үлкен кісілердің берген деректері, ой-ұсыныстары мен үшін бағалы болды.

Олжас қазіргі уақытта ғылыми ізденістерін одан әрі дамытып, түйе шаруашылығына инновацияны енгізу тиімділігін дәлелдеу бағытында жұмыс істеуде.

Оқушы баланың аудандық, облыстық газеттерді оқуға құштарлығы да осы ниеттен туындапты. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарында беріліп жатқан кәсіпкерлікті қолдау, шаруашылық түрлерін дамыту, оларға мемлекеттік қолдау тақырыбындағы мақалалар Олжасты қызықтырады екен.

Оның «Ең жас оқырман» номинациясының иегері атануына да осы жай септігін тигізді.  Олжасқа газетке бір жылға тегін жазылу сертификатын тапсырған облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев жас ұланға сәттіліктер тіледі.

 «ОЙЫЛ — МЕНІҢ ОТАНЫМ»

Осы өңірдің байырғы тұрғыны Наталья Пономарева оқырмандармен кездесу барысында ықыласпен сөз сұрады. Ол ең алдымен бүгінгі шараға қуанышпен келгенін жеткізді.

— Мен осы Ойылда туып-өстім. Мен үшін ең ыстық мекен де осы жер. Өмір бойы осында еңбек еттік, шамамыз келгенінше қоғамымызға пайдамызды келтірдік. Қазір зейнет демалысындамыз. Шынын айтсақ, демалысқа шықтық деп үйде отырып қалыппыз. Ал ауданға Бұлбұл Бисембайқызы басшы болып келгелі бізді үйде отырғызбайтын болды. Түрлі мәдени шараларға қатыстырады, мерекелерде арнайы құттықтап, сыйлықтарын ұсынады. Тіпті қазір мен Мәдениет үйінде тағы не ұйымдастырылады екен деп елеңдеп отыратын болдым. Бүгін де осы кездесуге келетінімді білген шалым «Сен белсенді болып кеттің ғой» деп үйден жібергісі келмеді. Бірақ оған қараған жоқпын, — деп жұртшылықты күлдіріп алған Наталья Петровна өз замандастарын — бір кездері белсене еңбек еткен апа-әжелерді жастарға үлгі беруге, өнеге сабақтарын өткізуге шақырды.

Облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Мирал Жармұхамбетов оған «Ең белсенді оқырман» сертификатын тапсырып тұрып, Ойылда оқырмандар қатарын көбейтуді «міндеттеді». Бұл қоғамдық жұмысты қабыл алған Наталья Петровна белсенді еңбек етуге уәде берді.

САХНАДА — ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ

Оқырмандармен кездесу әсем әнге, тәтті күйге ұласты. «Құрмет» орденінің иегері, дәулескер күйші Жайлау Асылханов сахнада Құрманғазы мен Қазанғаптың күйлерін дүбірлетті. ҚР мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгір ауыл, туған жер әндерін шырқады.

Бұл екі өнер иелері де осы қарсаңда игі істерімен көпшіліктің жылы лебізіне ие болған. Мәселен, Жайлау өз шығармашылығының отыз жылдығы құрметіне концерт өткізіп, одан түскен қаржыны су тасқынынан зардап шеккендерге аударды. Ал Оралдың бір әнін Димаш Құдайберген Қытайдағы конкурста орындап, талайға танымал етті.

Республикалық конкурстардың жүлдегері «Қыздар-ай» тобының әншісі Айнұр Алшынбаеваның арнайы осы шара үшін Алматыдан келуі тыңдармандарды бір серпілтіп тастады.

Сондай-ақ Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Алма Адаханова, Ойыл өңірінен түлеп ұшқан Сәбит Бегіман шырқаған әуендер көпшілік көңілінен шықты.

 ГАЗЕТ ЖӘНЕ ОҚЫРМАН

Биғали Ахметов, зейнеткер:

— Баспасөз қызметкерлерін біз көбінесе олардың жазған мақалалары арқылы білеміз. Ал бүгін олармен бетпе-бет кездесіп, пікір алыстық, бағыт-бағдарларын білдік. Ашық әңгіме болды.

Мен облыстық газеттердің көп жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Ақтөбе өңірінің көп жаңалықтары туралы «Ақтөбе» газетінен біліп отырамын.

Өзім кезінде Ақтөбедегі химия-механика техникумын бітіргенмін. Мәскеу түбінде армия қатарында болдым. Орынбор жағында болдым. Бәрібір туған жерге оралып, осында ұзақ жыл еңбек еттім. Ойылда дизельді электр стансаларының күшімен ауданды орталықтандырылған бірыңғай энергия жүйесіне қосып, толықтай электрлендіру дәрежесіне жеткізудің барлық кезеңінде осы істің басы-қасында болдым.

«Халықтар достығы» орденімен, «Үздік еңбегі үшін» медалымен марапатталғанмын. Қазір кемпірім Жұмабике екеуміз де құрметті еңбек демалысындамыз. Журналистеріміз осылай ел ішіне көбірек келіп, халықпен кездесіп отырса, жақсы болар еді деп ойлаймын.

Балқия Рысбаева, аудандық өнер және өлкетану музейінің директоры:

— Біздің музейімізге 2006 жылы атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің есімі берілді. 2007 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік музей» деп танылып, сертификат иесі атандық. Одан бергі кезеңдерде Қарағанды, Атырау, Орал, Ақтөбе, Түркістан және Алматы қалаларында өткен әртүрлі семинар-кеңестерге, конференцияларға қатыстық.

Жыл өткен сайын музейіміздің қойылымдары саны жағынан да, сапасы тұрғысынан да көбейіп келеді. Ойыл өңірі — тарихи оқиғаларға толы. Сондықтан да біздің қорымыздағы мұралар келушілерді қатты қызықтырады. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келушілер өздерінің оңды бағасын беріп кетіп жатады.

Өткен аптада ғана Батыс Қазақстан облысынан шыққан «Алаш жолымен» экспедициясы осында аялдады. Экспедиция мүшелері Айнагүл Ойшыбаева, Есқайрат Жайдаров, Дулат Исабаев және басқалары Ойылда болған алашордалық қайраткерлер туралы көптеген мәліметтер жинап, бізге алғыс сезімін білдірді.

Біздің жұмысымыз баспасөзбен тығыз байланысты. Бұл ретте облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде шыққан материалдарды жиі пайдаланамыз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*