Басты бет » Басты жаңалықтар » ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин: Ақтөбенің тәжірибесі барлық өңірлерде қолданылуы тиіс

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин: Ақтөбенің тәжірибесі барлық өңірлерде қолданылуы тиіс

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда терроризм мен діни экстримизмнің алдын алу және ескертуді күшейту мәселелері, сонымен қатар, осы саладағы заңнамаларды жетілдіру  шаралары кеңінен талқыланды.

Жиынды аталған комитеттің төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізді.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәселекелестікке қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етуді ішкі саясат саласындағы алдағы жылдардың негізгі тапсырмасы ретінде атап өтті.  Бейбітшілікті қорғау, тыныштықты сақтау — ел мұраты. Діни экстремизм мен терроршылдық Қазақстанға ғана емес, күллі әлемге де қауіп төндіретіндігін өмір байқатты. Ол шекара таңдамайды, бай мен кедейге бөлмейді. Сондықтан бұл бағытта бәріміз бірігіп күресуіміз маңызды. Алдымызда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін күндер жақындап келеді. Нақ осы тұста біз көтеріп отырған мәселе ерекше маңызға ие. Өйткені біз аталған шараны мазмұнды ұйымдастырумен бірге, қауіпсіздікті де жоғары деңгейде қамтамасыз етуіміз керек, — деді Нұрлан Нығматулин.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбеде өтіп отырған бұл отырыстың мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін өзекті жай болып табылатын экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелерін шешу үшін қозғау болатынын жеткізді. Ол сонымен қатар, облыстағы қоғамдық-саяси және діни жағдайдың тұрақты екенін атап өтті.

Өңірде экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет желісі бойынша мақсатты және кешенді жұмыстар жалғасуда.

2016 жылы қазанда Елбасының тапсырмасымен облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша республикалық десант жұмыс жасады, соның аясында 145 мыңнан астам адамды қамтыған 2500 іс-шара жүргізілді, 6600 ақтөбелік нақты көмек алды.

Өңір басшысының бастамасымен сегіз бағыт бойынша жоба 2016 жылдың 10 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында және 2017 жылдың сәуір айына дейін жалғасты. Жұмыс тобының құрамына білікті дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, белгілі кәсіпкерлер, теологтар мен имамдардан құралған 130 адам қатысты. 170 адамды қамтыған 2,5 мыңнан астам іс-шара өткізілді, облыстың 6 мың тұрғыны нақты көмек алды.

Бұл ауқымда  115 жұмыссыз еңбекпен қамтылып, сырқат жандарға 40 хирургиялық операция жасалды, 500 адам тиісті деңгейде ем алды, 100 бизнес жобаға 1 миллиард 134 миллион теңге көлемінде қаражат берілді. Әлеуметтік желілердегі 716 экстремистік материалға шектеу қойылды немесе көзі жойылды.

— Осы бағыттағы жүргізілген белсенді іс-шаралар нәтижесінде тіркелген қылмыстар саны 35,5 пайызға дейін төмендеді. Құқық қорғау органдары елдегі оқиғалардан кейін бір жылдың ішінде  салафизм ағымының 64 жақтаушысын ұстап, олардың барлығы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өздеріңіз білетіндей, өңіріміздің басты проблемаларының бірі — бүлдіргіш діни ағым. Осыған байланысты біз барлық дін ұстанушыға тексеріс жүргізіп, бүлдіргіш діни ағым жақтаушыларын есепке алудың бірыңғай базасын құрдық. Әрбір салафит қазір арнайы есепте тұр, оның әлеуметтік төлқұжаты жасалған, бізге оның қайда жұмыс істейтіні, немен шұғылданатыны, табатын табысы, араласатын ортасы сияқты деректері мәлім. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі, — деді облыс әкімі.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуы туралы сөз болғанда Нұрлан Нығматулин аталған ауқымдағы тәжірибені Қазақстанның өзге де өңірлерінде тарату қажеттігін атап өтті.

— Еліміздің Бас прокуроры басшылық еткен 230 маманнан құралған ведомствоаралық топпен халыққа тек әлеуметтік, медициналық, құқықтық, кеңес беру және өзге де көмектер көрсетіліп қана қойған жоқ, сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік  органдары тарапынан жинақталған тәжірибелер жүйеленіп, қауіп-қатерлі топтар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Сонымен, бүгін Ақтөбе облысында орталық және жергілікті биліктің бірлескен профилактикалық жұмыстарының тиімді механизмі мақұлданды. Және бұл тәжірибе, әрине, еліміздің өзге де барлық өңірлерінде қолданылуы тиіс, — деді Мәжіліс төрағасы.

Жиын барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар аудандарда имамдарды қолдау, діни кадрлар жетіспеушілігін шешу шараларының қолға алынып отырғанын жеткізді. Бұл мәселеде жергілікті билік «Нұр-Мүбәрәк» және ресейлік ислам институтының ақтөбелік түлектерін іске тартуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта мамандандырылған қару-жарақ дүкендерінде облыстық ішкі істер департаментінің орталық жедел басқару жүйесіне жалғанған бейнебақылаудың жоғары технологиялық камералары мен жедел белгі беру тетігі орнатылған, операторлар тәулік бойы нысандарды бақылап отырады. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен облыстық ІІД-нің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға қосымша 3,5 млрд теңге бөлінді.

Бердібек Сапарбаев бірқатар өзекті мәселені шешуге мүмкіндік беретін ұсыныстарды ортаға салды. Ол дәстүрлі емес діни ағымға ресми тыйым салу мәселесін, соның ішінде ҚР Конституциясының нормаларына қарсы келетін салафизмді заңнама деңгейінде қарастырып, тыйым салынған діни әдебиеттер тізілімін жаңартып, оны қолданыстан алып тастау, діни әдебиеттер мен өзге де діни тұрғыдағы заттарды сату орындарын білім мекемелерінен барынша алшақтату қажеттігіне тоқталды. Облыс әкімі әйелдер теологын дайындау мүмкіндігін қарастыруды жөн деп санайды. Өйткені бүгінде дәстүрлі емес дін ағымын ұстанушылардың 35%-ы әйелдер болып келеді.

Қазақстандықтардың шетелдік рухани теологиялық орталықтарға шығуын бақылауды күшейту, діни киім-кешек элементтері мен бірыңғай мектеп формасындағы атрибуттардың қолданылуына тыйым салу  да күн тәртібінде.

Сондай-ақ,  отырыс кезінде министрлік өкілдерінің, Парламент Мәжілісі депутаттарының,  қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің пікірлері тыңдалды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов, Ақпарат және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов және басқалары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баян етті. Олардың айтуынша, басқа шаралармен қатар, діни оқу орындарына тексерулер жүргізіліп, қауіпсіздік жұмыстары жүргізілген.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев көтерілген мәселелер бойынша еліміздегі ахуалды жан-жақты айтып, белгіленген міндеттерге тоқталды.   Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшысы, бас имам Ержан Малғажыұлы да өз ойларын ортаға салды.

Депутат Қуаныш Сұлтанов: «Террорлық деген ұғым біздің халқымыздың тарихында болған емес, ол ұлттық санамызға жат қылық. Біз ел болып бірігіп, жастарымызды лаңкестік әрекеттерден қорғай білуге міндеттіміз. Негізінде дін мен лаңкестік — қарсы ұғымдар. Дін тазалығы мен оның ізгілігін жас буынға түсіндіру жағы жетіспейді. Бұл ретте отбасылық тәрбиенің маңыздылығын ескеру қажет», — деді.

Көшпелі отырысты қорытындылаған Нұрлан Нығматулин талқылау кезінде айтылған барлық сыни ескертулер мен ұсыныстардың Үкімет пен мемлекеттік органдарға діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі жұмыстарды жетілдіру бойынша кеңестерде көрініс табатынын атап өтті.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*