Басты бет » Басты жаңалықтар » Салтанат жазғы маусымның ашылуына ұласты

Салтанат жазғы маусымның ашылуына ұласты

Кәсіптік мереке

«Ұлт мәдениетімен мәңгілік». Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шара осылай аталды. Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Сондай-ақ, сала ардагерлері, 12 ауданның мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, қала тұрғындары мен қонақтары жиналды.

Биылғы салтанатты жиынның басты ерекшелігі — мерекелік шеру ұйымдастырылды. Шеруге қатысушыларды Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы бастады. 73 жылдық тарихы бар өнер ордасында халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері, облыс абыройын асқақтатып жүрген 9 шығармашылық ұжым жұмыс жасайды. Филармония ұжымынан кейін кітапхана қызметкерлері, еліміздегі тұңғыш әрі жалғыз облыстық планетарийдің ұжымы сап түзеді. Мерейлі мерекеде 55 жылдық тарихы бар өнер ордасы — облыстық халық шығармашылық үйі, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма  және  «Екі езу» эстрадалық миниатюра театрларының ұжымдары да қызыл кілеммен жүрді. Сондай-ақ, облыстағы мұражайлардың қызметкерлері, Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұжымы, қалалық мәдениет үйлерінің, 12 ауданның мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, «Самрұқ» эстрадалық балет би тобының, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ұжымдары мерекелік шеруге қатысты.

Жалпы облыста 478 мәдениет мекемесі бар. Нақтырақ айтсақ, Ақтөбе қаласында 14 облыстық мәдениет мекемесі, 13 қалалық кітапхана, 6 мемлекеттік және 1 жекеменшік мәдениет үйі жұмыс істейді. Сонымен бірге 2 жекеменшік кинотеатр бар. Ал аудандардағы тұрғындарға 189 клуб, 222 кітапхана,  17 мұражай қызмет көрсетеді.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.  Ол өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым мәдениет саласына ерекше қолдау, көмек көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына баса мән-маңыз береді. Оның айқын дәлелі — елімізде бой тіктеген, заман талабына сай жабдықталған мәдениет мекемелері, — деді облыс басшысы.

Біздің өңірде де мұндай нысандар аз емес. Мысалы, облыстық тарихи өлкетану мұражайы, жастар сарайы, неке сарайларының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын нығайта түсу үшін салынып жатқан басқа да құрылыстар бар.

Биыл әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналып жатақхана салынды. Соның 35 пәтері мәдениет саласының қызметкерлері үшін берілді.

Ақтөбе топырағынан шыққан қазақ өнерінің майталмандары көп. Ұлт руханиятын дамытуға сүбелі үлес қосқан бір ғана Жұбановтар әулетінің өзі неге тұрады? Жұбановтар әулетінің құрметіне Ақтөбе қаласында «Жұбановтар әуені» мұражай үйі салынып жатыр. Бұл құрылыс күзде аяқталатын болады.

Жас әнші Димаш Құдайберген Ақтөбенің ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Атақты әнші Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік сән өнері көрмесіне қатысып, күллі жұртты қазақ өнеріне тәнті етсе, күні кеше Димаш Париж төрінде қазақ өнерін паш етті, — деп Бердібек Сапарбаев ұлт мәдениетінің өркендеуіне зор үлесін қосқан бір топ мәдениет және өнер қызметкерін марапаттады. Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғандардың арасында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі, термеші Елдос Жұмағұлов, халықтық «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің жетекшісі әрі балетмейстері Шолпан Айнабекова, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актеры  Берік Нұрмағанбетовтер бар. Сондай-ақ, бірнеше адамға Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары берілді.

Жиында 15 мәдениет қызметкері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сыйлығына ие болды. Мұның ішінде 9 қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хаты мен 100 мың теңгеден сыйақысы берілді. Олардың арасында «Екі езу» эстрада миниатюра театрының әртісі Гүлсім Қаратаева, Байғанин аудандық  орталықтандырылған кітапханасының бөлім меңгерушісі Гүлнұр Боранбаева, Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханасының қызметкері Лиза Қанатовалар бар.

Сондай-ақ, 6 қызметкер «Үздік актер», «Үздік кітапханашы», «Үздік клуб қызметкері», «Үздік музыкант», «Үздік суретші», «Үздік музей қызметкері» номинациялары бойынша марапатталып, олар да 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық алды.

Салтанатты түрде өткен шарада мәдениет саласының ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, сыйлықтар тарту етілді. Мереке қарсаңында еңбегі еленіп, сый-құрметке ие болғандар көп болды. Олардың бірқатарын Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, облыстық басқармалардың басшылары, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС басшылығы құттықтап, сыйлықтар табыс етті.

Төл мереке құрметіне орай, саябақта «Ақтөбе Арбатының» екінші маусымы салтанатты түрде ашылды. Жаңа кітаптар мен мұражай жәдігерлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Қалалықтар «Көкжар жәрмеңкесінің» жәдігерлерін, ашық аспан астында жұлдыздар әлемін тамашалауға мүмкіндік алды.

Мерекелік шара облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты. Салтанатты жиын соңында жұртшылық  отшашуды тамашалады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*