Басты бет » Білім » «Әсем» ақтөбелік оқушылардың «Артегіне» айналады

«Әсем» ақтөбелік оқушылардың «Артегіне» айналады

Жергілікті билік Ақтөбе қаласының Кірпішті ауылындағы «Әсем» лагерін ақтөбелік оқушылардың «Артегіне» айналдырмақ. Бұл туралы өткен сенбіде лагерде болған кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.  

Былтыр қыста Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Ақтөбе қаласының тұрғындарымен кездесу сәтінде Бердібек Машбекұлы: «Келер жылы біз жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь құрылысын бастаймыз. Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағыдай, үздік оқитын және әртүрлі республикалық, халықаралық конкурстарда жеңіске жетіп жүрген оқушылар осындай лагерьлерде демалып, білім алуы керек. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, бала күнімізде «Артекке» баруды армандайтынбыз. Міне, сондай шағын «Артек» Ақтөбеде де болуға тиіс. Бізде табиғаты әсем жерлер бар. Сондай жерлерге 150-200 орынға арналған құрылыс жұмыстарын салуымыз керек», — деген болатын.

Облыс әкімі сенбі күні Кірпішті ауылында Қарғалы өзенінің жағасында орналасқан «Әсем» лагерінде болды. Ондағылар облыс басшысын жалпы аумағы 13 гектар аумақты қамтитын лагерьдің тыныс-тіршілігімен таныстырды, болашақ жүзеге асырылатын жобалар жайын да сөз етті.

Қазір лагерь аумағында «Жастар» кафесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалыпты. Облыс әкімі құрылысты өз көзімен көрді.

Болашақта лагерьде спорттық ойындар алаңының саны көбеймек. Атап айтқанда, хоккей корды мен теннис алаңы, жаттығу орындары ашылмақ. Лагерь басшылығы  мұнда ботаникалық саябақ салуды да жоспарлап отыр. Онда жылыжай бой көтермек. Сондай-ақ, лагерьде тынығушылар үшін Ақтөбе облысы және лагерь схемасы кескінделген алаңқай жабдықталмақ.

Облыс әкімі лагерь аумағындағы жердің бүгінгі күні қанша гектары бос жатқанын сұрады. Себебі, алдағы уақытта жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь аумағында тынығушылар үшін 300 орынға арналған оқу ғимараты ыңғайлы жерден бой көтермек.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов облыс әкіміне былтырғы берген тапсырмасына сәйкес осы бағытта қалалық құрылыс, білім бөлімдері «Әсем» лагері ұжымымен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Әсем» лагерінің өзінде оқу ғимараты жоқ. Сондықтан біз салып беруді  жөн көрдік. Ал лагерьдегі балалардың тамақтануы, оқуы, бәрі «Әсемнің» өз міндетіне жатады. Бұл орайда лагерь басшылығы бізбен келісімшартқа отырды, — деді І.Испанов.

Содан соң үлкен экраннан лагерь аумағында салынатын оқу ғимаратының жобасы таныстырылды. Облыс басшысы бір көргеннен оқу ғимаратының қасбетін ұнатпады. «Қасбеті жақсы емес. Ескі жоба», — деген баға берді. Бердібек Машбекұлы ғимараттың қасбеті балаларға арналған мекеме екенін бірден айшықтап тұру керектігін ескертті. Оқу корпусының сыйымдылығы — 300 орын.  Жоба бойынша, салынатын оқу ғимаратының ішінде 300 орынға арналған конференция залы мен сыйымдылығы үлкен спорт залы болмақ. Оқу ғимаратының ішкі бөлмелері әдеттегідей емес, заманауи сипатта жобаланған. Мұнда барлығы 22 оқу және  7 әдістемелік кабинет болмақ. Ғимарат модификацияланған кабинеттерден тұрады.

Оқу ғимараты жобасының ішкі безендірілуіне көңілі толған Бердібек Машбекұлы: «Барлық мектептердің ішін осылай жасауға болады ғой. Ғимараттың ішін безендіруге көп қаражаттың қажеті де жоқ. Әртүрлі суреттермен безендірілсе, көрер көзге бәрі әдемі көрінер еді», — деді.

Лагерь алаңындағы оқу ғимаратында балаларға арналған баспасөз орталығы жұмыс жасамақ. Бұл — орынборлық жобаға сәйкес әзірленген. Бұл орталықта жеке телеарна мен радио жұмыс жасап, маусым сайын газет шығарылмақ.

Орынборда дизайнерлік мектеп бар. Олар дизайнерлерді өзінде даярлайды. Қажет болса, шетелде білімін жетілдіруге жағдай жасайды. Ал бізде ондай жоқ. Бұл — проблема. Сондықтан, мұның өзі үлкен жаңашылдық. Менің арманым осы ғой. Осыны жасау керек. Біз сіздердің базаларыңызда Ақтөбе «Артегін» жасаймыз. Әзірге бұл шартты атау. Бұл жерде балалар тамақтанып, тынығуы керек, жыл бойы жұмыс жасайтын лагерь болғасын олардың оқуы үшін мектеп болуы қажет. Балалардың ойнайтын, суға түсіп, демалатын жері неғұрлым кең болу керек, — деді Б.Сапарбаев.

Бұдан кейін «Әсем» лагерінің басшысы Рабиға Тасыбаева облыс әкіміне лагерь аумағын таныстырды. Бердібек Машбекұлы лагерьдің бірінші маусымында тынығып жатқан балалармен әңгімелесті. Облыстың түкпір-түкпірінен келген үздік оқушылар лагерьде тынығып, ойнағанмен, қаланың Батыс-2 ауданындағы «Сымбат» мектебіне оқуға барады. Ол үшін лагерь тарапынан арнайы көлік қарастырылған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*