Басты бет » Жаңалықтар » Дайындық жұмыстары пысықталды

Дайындық жұмыстары пысықталды

Биыл Ақтөбе облысының құрылғанына 85 жыл толды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қыркүйек айында Ақтөбеде «Туған жерге тағзым» атты республикалық акция аясында «Ақтөбе — құтты мекен» аталатын облыстық форум өткізу жоспарланғаны мәлім. Бұдан бұрын облыс әкімінің қатысуымен дайындық жұмыстары пысықталып, нақты тапсырмалар берілген болатын.  Кеше облыстық мәслихаттың хатшысы, ұйымдастыру комитетінің төрағасы Сәния Қалдығұлованың басшылығымен ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті.

Отырыста Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «Ақтөбе жерлестерін шақырады» интернет-сайтын құрып, әлеуметтік желімен жұмыс жасау жөніндегі шаруалардың қалай атқарылып жатқандығы туралы баяндама жасады. Ләззат Аманжолқызының айтуынша, қазір ұйымдастыру жұмыстары тиянақталып қалған, жақын арада  сайт толық іске қосылуы тиіс.

«Құтты мекен — Ақтөбе» энциклопедиялық анықтамалығын әзірлеу жөнінде баяндама жасаған «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры  Раукен Отыншин материалдар жинақталып, қазір қызу жұмыс жүріп жатқандығын, баспамен арада  анықтамалықты тапсыру және  шығу мерзімі келісілгендігін мәлімдеді. Оның  айтуынша, арнайы  жұмыс тобы құрылып, оның бірнеше отырысы өткізіліп, анықтамалықтың тараулары белгіленіп, қазір  нақты жұмыс істеліп жатыр.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева театрландырылған қойылымын дайындау және өткізу жөніндегі ойларын ортаға салды.

Ұйымдастыру алқасының  төрағасы Сәния Қалдығұлова барлық шаруаның бекітілген мерзім ішінде атқарылуы керектігін, Ақтөбе топырағында  кіндік қаны тамып, бүгінде берісі республика, арысы әлемге танылған өңір перзенттерінің бірде-бірі ұмыт қалмауы қажеттігін тағы бір еске салды. Енді ұйымдастыру алқасының  жиыны тұрақты түрде өтіп, әрбір тапсырманың орындалуы бақыланып отырмақ.

                                                                                                                       Өз тілшіміз.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*