Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Соғыстың сансыз сынағы

Соғыстың сансыз сынағы

Соғыс жылдарында, бүкіл елмен бірге, Ақтөбе өңірі де «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен өмір сүрді. Әсіресе, 1941-1942 жылдар өте қиынға соқты. Бұрын ер-азаматтар атқарған шаруалар нәзік жаратылған әйелдер мен буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балаларға жүктелді. Әйел-аналар күнделікті тіршіліктің бейнетінен бөлек, майданға жылы киім, азық-түлік түрінде үздіксіз көмек жіберуге, қанатымен су тасыған қарлығаштай, қорғаныс саласының қажетіне үлес қосуға тырысты.

Қызыл армияға нақты көмек

«Актюбинская правда» газетінің 1942 жылғы 17 қаңтардағы санында Ақтөбе комбинатының тұрғындар қалашығындағы үй шаруасындағы әйелдердің үндеуі жарияланды. Олар барлық қазақстандық қыз-келіншектерді «Советская патриотка» танкін жасап шығару үшін қаржы жинауға шақырған. «Біз, батыр халықтың қыздары, гитлерлік басқыншылар мен қанішерлерді жан-тәнімізбен жек көре тұрып, ержүрек Қызыл армияға нақты көмек берейік» — делінген үндеуде.

Үндеу тастаушылар тарапынан «Советская патриотка» танкінің құрылысына 3 140 сом қаржы жиналыпты.

 Ақын сөзінің құдіреті

Сол кезде жасы 82-ге қараған Нұрпейіс Байғанин де ел аралап, жұртшылықты қорғаныс қорына үлес қосуға үндеген. 1941 жылдың соңында, нақты айтсақ, 17 қараша мен 28 желтоқсан аралығында халық ақыны, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрпейіс Байғанин Жұрын, Темір, Байғанин аудандарын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Колхозшылар, машина-трактор стансалары мен кәсіпорындар еңбеккерлері ақынды ілтипатпен қарсы алып, оның өнеріне үлкен құрмет көрсеткен. Осы сапарлар нәтижесінде қорғаныс қорына 42 мың сом көлемінде қолма-қол ақша және 16 мың сом көлемінде бағалы қағаз түріндегі қаржылай көмектен бөлек, 150 пұт астық, 4 қой мен 4 сиыр, жылы киім-кешектер тапсырылған.

Ал ақын өз сапарын одан әрі Шалқар ауданында жалғастырыпты.

Майданға жіберілген сәлемдеме

Күні бойғы тынымсыз жұмыстан кейін, кешкісін шамның әлсіз жарығымен тоқылған жылы киімдер, тондар, пұт-пұт астық, ет пен сүт тағамдары, басқа да толып жатқан керекті заттар Ақтөбе жерінен майданға қарай вагон-вагонмен жіберіліп тұрды. Әр колхоз, әр еңбек ұжымы, әр отбасы күн сайын алыстағы жауынгерлерге көмек жіберудің қамын жасады…

1942 жылғы 23 ақпан, яғни Кеңес армиясы күні қарсаңында Ойыл ауданының еңбеккерлері майданға 3 вагон ет-сүт тағамдарын жөнелткен. Оған қоса, 6807 жылы киім, 264 центнер астық жіберген. Ал танк жасау үшін 2200 сом қаржы жинап беріпті.

Осы мереке қарсаңында Мәртөк ауданынан майдандағы жауынгерлерге 500-ден астам сәлемдеме жолданған. Жауынгерлерге, негізінен, құс еті, печенье, т.б. азық-түлік жіберілген. Сондай-ақ, Мәртөк ауданы «Ударник» артелінің колхозшылары Ленинградты қорғаушыларға арнап 100 центнер астық және фашистерден азат етілген аумақтардағы шаруашылықтарға 100 центнер тұқым жөнелткен. Артель мүшелері алдағы көктемде қосымша 20 гектар егін салып, одан түскен табысты қорғаныс қорының қажеттілігіне аударуды жоспарлағандарын баяндайды.

1942 жылдың 7 қарашасы, КСРО-ның басты мерекесі болған Қазан төңкерісі күні қарсаңында Мәртөк ауданының бір ғана «Социализм жолы» колхозының еңбеккерлері майданға 250 сәлемдеме жіберді. Әр отбасы екі сәлемдемеден дайындады: біріне — азық-түлік, екіншісіне сабын, сүлгі сынды күнделікті қажетті тұрмыстық заттар салынған. Одан бөлек, майданға жіберу үшін колхоз есебінен 100 келі сары май, 500 қаз бен тауық, 50 келі шұжық өнімдері, 1200 пұт бидай, көкөністер бөлінді.

Берсиевтің ерлігі

Майданға үсті-үстіне көмек жөнелтіп жатқан елдегі жұрттың өзі ашқұрсақ еді. Соғыс жылдарында жұртты тары асырады, тары дақылының қадір-қасиеті жоғары болды. Ойылдың ақ тарысын егіп, бірнеше мәрте рекордтық өнім алған Шығанақ Берсиевтің даңқы алысқа тарағаны баршаға белгілі.

1941 жылы Ойылда 19 400 гектар алқапқа тары егілген. Оның ішінде арнайы бапталған 680 гектар жердің әр гектарынан 40 центнерден жоғары өнім алыныпты. «Құрман» колхозында Шығанақ Берсиевтің звеносы арнайы баптаған 33 гектар алқаптан, орта есеппен, гектарынан 101,1 центнер өнім алынды. Осы алқаптың кей тұстары тіпті гектарынан 155,8 центнер өнім де берген. Шығанақтың шәкірті Зәуре Баймолдина жетекшілік ететін звено 32 гектар алқаптан, орта есеппен, гектарынан 63,2 центнер өнім жинады. «Жаңа қадам» колхозының звеношысы Қашкен Сағыров — гектарынан, орта есеппен, 79 центнер, «Саркемер» колхозының звеношысы Балмұқан Ақабаев 46,5 центнер өнім алған.

Мол өнім алу мақсатындағы жұмыстар тұқымды іріктеуден басталған. Шығанақ Берсиев алқапқа себілетін тұқымды өз қолымен іріктеп алатын. Диқандар 2-3 кезекке бөлініп, егілген тарыны тәулік бойы баптаған. Суару жұмыстары кешкілік немесе түнде ғана жүргізілген.

Облыста Шығанақ тәжірибесін кең тарату әрдайым күн тәртібінде тұрған мәселе болды. Оның табыстары мен тәжірибесі баспасөзде үнемі жазылып, насихатталды. Облыс басшылары 1942 жылдың егіс маусымында әр колхозды Берсиев тәжірибесі бойынша жұмыс істейтін 2-3 звенодан ұйымдастыруға міндеттеді.

 Тракторшы қыз-келіншектер

Егіс алқаптарындағы бұрын ер-азаматтар жүргізген тракторлар мен машиналарды тоқтатып қоюға әсте болмайтын еді. Сондықтан дереу арада бұл мамандықтарға қыз-келіншектерді оқыту басталды. 1942 жылдың көктемінде облыста 168 тракторшы қыз-келіншек болды. Тағы 155-і курстарда оқып жүрді және алда олардың қатарын әлі де көбейту міндеті тұрды. Тракторшы әйелдердің әрқайсысына өзіне екі шәкірттен әзірлеу жөнінда тапсырма берілді.

«Новофедоров» машина-трактор стансасында еңбек еткен Лиза Чумаченко секілді тракторды да, комбайнды да, машинаны да жүргізе алатын мамандар ерекше құрметке ие болды.

«Соғыстан бұрын журналист едім…»

«Мен ұрыстар жүріп жатқан жақтан келдім. Соғыстан бұрын журналист едім. Қазір Жұрын стансасындағы жөндеушілер бригадасында жолшы болып істеймін. Қолыма балта мен балға алып, пойыздар тоқтап қалмауы үшін, теміржолда еңбек етемін, осы арқылы Гитлердің бандасына қарсы күресте Қызыл армияға көмек көрсетіп жүрмін», — деп жазыпты Топчиева «Актюбинская правда» газетінің 1942 жылғы 6 қаңтардағы санында.

Фашистер басып алған аумақтардан үй-күйін тастап, қызыл әскермен бірге шегінген жүз мыңдаған адамдар арасында, осы хаттың иесі сынды, Ақтөбе жерінен жаңа қоныс тапқандар аз емес еді. Жергілікті жұрт оларды барынша жылы қарсы алды. Бұл үшін алғыс білдірген хаттар облыстық газеттерде жиі жарияланған. Сонымен қатар, сарғайған газеттер беттерінде реніштер де бар.

Мысалы, Ақтөбе қаласындағы 8 наурыз көшесіндегі 4-үйдің және Мәскеу көшесіндегі 19-үйдің қожайындары немістердің қол астында қалған аумақтан көшіп келген тұрғындарға жылы қабақ көрсетпепті. Газетте олардың кінәлары беттеріне басылып, аттары да көрсетіліпті…

Тазалық қамы…

Ерте кетіп, кеш қайтатын күнделікті жұмыс пен алыстағы жауынгерлерге жіберілетін көмектен басқа, бас көтерер ер-азаматы майданға кеткен елді мекендердің сырт келбетін аздырып, жүдетіп алмау міндеті де — соғыс кезінде күн тәртібінен түспеген мәселелердің бірі болды. Бұл үшін әйелдер мен балалар арасында үгіт-насихат жұмыстары үзбей жүргізілді.

1942 жылғы 1 мамыр мерекесі қарсаңында Тамды стансасында қыз-келіншектер стансаға қарасты ғимараттарды, жолаушылар залын, қызыл бұрышты, перронды, тіпті жолдардың бойын да күл-қоқыстан тазартып, жинап шыққан. Облыстық «Актюбинская правда» газетінің 19 мамыр күнгі санында осы жұмыстарға Отарбаева, Ескина, Бондарева, Кузнецова, Скрыльникова, Скутовалардың белсене қатысқаны жазылыпты.

Ал Темір қаласында үй шаруасында отырған әйелдер жақын колхоздардың біріне барып, бұзау қораларды тазалап шыққан. Оларға Кутейникова мен Шкапа басшылық жасапты.

Соғыс тұсындағы балалық

Аналарымен бірге балалар да әр күнін егін алқаптарында, жайылымдарда, зауыттар мен фабрикаларда — қайнаған еңбектің ортасында өткерді. Бейбіт заманда колхоздағы егіс алқаптарында еңбек ету түсіне де кірмеген қала балаларының өзі мұғалімдеріне ілесіп, бірінен соң бірі диқандарға көмекке ағылды. 1942 жылдың жазында Ақтөбедегі №7 мектептің 42 оқушысы колхоз жұмысына көмекке барып, жалпы есебі 1461 еңбеккүн жинаған. Ал №9 мектептен барған оқушылардың әрқайсысы 59 еңбеккүннен тапқан, т.с.с.

Облыстық комсомол ұйымының хатшысы У.Гафарова «Актюбинская правда» газетінің 1942 жылғы 16 шілдедегі санында жазғанындай, Ырғыз ауданында 396 пионер малшыларға жәрдем ретінде 186 бұзау, 197 қозы мен 11 лақты «қамқорлықтарына» алған. Ал ІІІ Интернационал атындағы колхозда 26 қозы мен 64 лақты бір өзі бағып жүрген Тұрмағамбетов есімді пионерді комсомол ұйымының басшысы барша балаға үлгі етіпті.

 Әзірлеген А.САРЫБАЙ.

(Деректер облыстық архивтен алынды)

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*