Басты бет » Жеңіс » Тағдыры бөлек адам

Тағдыры бөлек адам

Майдангер Елтоқ Сәрсенбайұлы есімі байғаниндіктерге жақсы таныс болатын. Оның себебі де бар. Өмірі өзгеше өрілген бұл сарбаздың тағдырдан көрген тауқыметі жастайынан көп еді.

Елтоқ аға 1924 жылы 25 қаңтарда Қара батыр деп аталатын ауылда қарапайым шаруа отбасында өмірге келеді. Жастайынан әке-шешесінен ерте айырылады. Сөйтіп, жетімдік тағдыры басталады. Қиын заманда қарақан басын сақтауды ойлайтын жылдарда қараса қоятын ет жақыны бола қоймаған соң, Қонжардағы жетім балалар үйінен пана табады. Сонда тәрбиеленіп жүргенде, жетімдер саны көбейіп кеткен соң жасы ересектерін іріктеп, Ресейдегі балалар үйіне ауыстырады. Ол, сөйтіп, Вологда қаласынан бір шығады. Кәмелет жасқа толған шақта 1940 жылдары ФЗО-ға оқуға жіберіледі. Құрылысшы мамандығын иеленеді. Көп ұзамай батыстан қара бұлт төнген шақта армияға шақырылады. Арнайы жаттығудан өткен соң Ленинградтағы 263-дербес әскери-теңіз десанттық бригадасының жауынгерлері сапында қоршауда қалған шаһарды қорғауға қатысады.

Ұлы Жеңістің 55 жылдығына орай сарбаз жайлы телебағдарлама түсіріп сырласқанбыз. Өр мінезді сарбаз әңгімені келістіріп айтып, жорық жылдарынан талай сырды ақтарды. «Бәрінен бұрын оқ пен оттың ортасында жүргенде қираған үйде жолығып қап алақанын жайған бала мен ананың аштық күйін көру азаптың азабы болатын» деген-ді ол.

«Қалтада қалған қатқан нанның қалдығын беріп, дұшпаннан кек қайтаруға ұмтылатынбыз. Ленинградтағы әр көше, әр үй үшін қатты шайқастар жүрді» деген сарбазға өмір мен өлім арасындағы болған сәттер туралы сауал қойғанмын.

«Бірде сондай үйдің біреуінен фашистерді құрту үшін оларды қуып шығуға тапсырма берілді. Білдірмей аяқ басып әр дыбыс, атысқа құлақ түріп, келе жатқанымда бір бұрыштан еңгезердей неміс офицері байқаусызда келіп, мойнымнан алып, қанжар секілді қарумен өлтірмек болды. Кеңірдегіме өткір кездіктің жақындап бара жатқанын сездім. Өлген жерім, біткен демім осы болар деп денеме суық тер шықты. Менен гөрі қарулы сияқты, бір қолыммен қанжар ұстаған оның қолын шаққа тіреп тұрмын. Кездіктің ұшы тамағыма кіріп барады. Жан дәрменмен екінші қолыммен белімдегі пышағымды тауып алып бүйірден мен де салдым. Лезде екінші рет қаттырақ сұқтым. Сол кезде әлгінің қанжар ұстаған қолынан күш кетіп, бүгіле бастады. Итеріп жібердім де о дүниеге аттандырдым. Сөйтіп, бір өлімнен аман қалдым. Көретін қызығым бар екен» деп қиян-кескі жылдардан бір сырды ашқан-ды.

Осыдан он жеті жыл бұрын Елтоқ ағаның сол кездесудегі бір сөзі әлі есімнен кетпейді. «Адамға жамандық ойламау керек, үнемі жақсылық тілеу қажет, жаман ой кейін адамның басына ауыртпалық болып оралады. Осыны кейінгілерге айта жүр» деп ақ жарылғаны бар-ды.

1944 жылы Ленинградтағы қоршауды бұзып шығады. Кескілескен ауыр шайқастарды басынан өткереді. Талай рет жарақаттанады. Госпитальдан шығып, қайтадан қолына қару алады. Одан соң Балтық жағалауындағы елдерді азат етуге қатысады. Соғысты Шығыс Пруссияда аяқтайды. Ел Жеңіске жеткенімен сарбаздың әскери қызметі 1950 жылдарға дейін жалғасады. Десантшы матрос Елтоқ Сәрсенбайұлы жорық жылдарында «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен қатар, екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Жуков медалімен марапатталады. Ленинград қаласының іргетасының қаланғанына 250 жылдығына орай төсбелгісін алады. Қоршауда қалып аштық пен төбеден жауған бомбалардан қорғаған Елтоқ Сәрсенбайұлына Ленинградтың құрметті азаматы атағы беріледі.

Елге келіп түрлі қызмет атқарған ол кейін Алматыдағы өрт сөндірушілердің арнайы курсынан өтеді. 1967-1985 жылдар аралығында Байғанин ауданындағы өртке қарсы күрес бөлімінде жетекшілік жасайды. Өз қызметін абыройлы, тиянақты атқарғанымен ауылда арыз жазып, қудалаушылар көп болып, бейбіт заманда қуғынға ұшырайды. Оған тәңірдің берген сыйы емшілігі себеп болады. «Бұл — діннің адамы, заңсыз әрекетке барады, елді емдейді» деп әлекке түсіреді. Талай рет мәселесі қаралады.

«Жанына шипа іздеп, алыстан ат арытып келгендерді көргенде қолымнан келгенше көмектескенім маған тағылған айып болды. Дәрігерден ем қонбағандар есігімнің алдына келіп жатып алатын» дейтін ол. Амалсыз ем-дом жасауға әрекет етті. Бұл жайлы жақын туысы Жауғашты деген азамат «Ағам тамыз айларында дәрілік шөптерді жинап жүретін, бұл кешегі қоғамның оның ізіне түсуіне әкелді» десе, елге белгілі азамат Келдібай Еспағамбетов «Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында аздап ауырып қалып, Елтоқ ағаны іздеп бардым. Ол қарап, ақ шүберекке түйіп тұмар берді. «Бұл тұмар сенің қорғаның болады» деді. Содан бері жолға шықсам, мойныма тағып аламын. Ол кісінің келгендерді қабылдауы бөлек еді, бұрын кездесіп көрмесе де, алдына келушінің өмір тарихын айтып, таңғалдыратын» деп бір сырды ашқаны бар.

Елтоқ Сәрсенбайұлын ел батыр адам қатарында санайтын. Байғаниндіктер «жастайымыздан көріп өскен кісінің қадір-қасиетін көршілес облыстардағылар да білетін, жалпы халықтың мақтанышы болған» деседі. «Ол кісі ауру ауадан, лас судан деп, таза ауада жүрумен қатар бұлақтың суын пайдалануға орай кеңес беретін» дейді жерлестер.

Сарбаз Елтоқ Сәрсенбайұлының суреттері Ленинградтың әскери-теңіз мұражайында және Байғанин ауданының музейінде ілулі. Көзі тірісінде «Мені Жеңіс мейрамы қарсаңында Ленинградтан шақыртатын. Басшылар рұқсат берген соң барамын. Бүкіл шаһар алақанына салып аялайды, мэрі қабылдайды, ал ауылға келсем бәз баяғы өрт сөндіруші болып қаламын» дейтін.

Майдангердің теңіз жағасындағы қаладағы көрген құрметі турлы күйеу баласы Ұлықпан былай дейді: «1991 жылы Рүстем деген балдызым армияға шақырылып, Вологдада әскери борышын өтеді. Содан бір күні атам «менің жас кезім Вологдада өтіп еді, енді Рүстем сол жерде жүр, балам, екеуміз барып қайталық» деді. Ақтөбеден Ленинградқа ұштық. Жаздың кезі, жолаушылар көп, билет жоқ деп кассадағылар жолатпайды. Сол кезде атам өзінің «Ленинградтың құрметті азаматы» деген құжатын көрсетіп еді, әлгі кассир лезде біреулерге хабарласып, жеңілдікпен билет тауып берді. Вологдаға барып, таксиге отырдық. Жолшыбай қаланың түкпір-түкпірі туралы жүргізушіге сауал қойды, екеуінің әңгімесі жарасты. Бала күнінен сыр шертті. Таксист ерекше риза болып, тегін әкеліп тастады. Енді қайтарға билет жоқ. Мен атама Астраханға ұшуға кеңес бердім. Сөйтіп, Астраханнан пойызға отырып ауылға жеттік. Сонда атам Ресей ардагерлерін қатты қадірлей біледі деп айтқаны есімде» деген.

Елтоқ отызыншы жылдары жетімдік тақсіретін көбірек көрген. «Одан сұрапыл соғыстың қасіретін бастан өткерген Елтоқ ағаның КСРО заманында көрген қорлығы одан да көп болды» дейді балдызы Орынғали Жұмағалиев. Социалистік қоғам құран оқығандарға қарсы болды. Соған қарамастан ол жолда жүріп келе жатқанда да намазын қаза жібермейтін. Талай рет жазылған домалақ арыз жүйкесін тоздырды. Аудан мен Ақтөбе шаршатты. Бірде Ақтөбеден келе жатып төс қалтасынан бір бет қағазды шығарып көрсетті. Сойтсем әбден шыдамы таусылған ол Ленинградтың мэріне хат жолдаса керек. Соған жауап келіпті. Ол сол кездегі облыстың бірінші хатшысы Ливенцовқа жолданған. Онда: «Егер облыстағы Ленинградтың құрметті азаматын құрметтей алмасаңдар, ол сарбазды бізге жіберіңдер, біз қадірін білеміз» деген екен. Содан кейін қуғындау ісі тоқтатылған.

Бүгінде сарбаздың өзі арамызда жоқ болғанымен, оның бейнесі қызметтестері мен жерлестері жүрегінде ерекше сақталған.

«Ағамыз елге сыйлы, қадірлі азамат болды. Өр тұлғалы адам алдына келгеннің көңіл күйін, жағдайын жанарына қарап біліп отыратын және жұмбақтамай ашық сөйлейтін кісі еді» дейді туысы Базарбек Боранбаев.

Сарбаз тіршілігінде отбасында екі ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Көпке үлгі-өнеге болды.

Елтоқ Сәрсенбайұлын халық әулие деп танитын. Дертке ұшырағандар жазылып кетіп, артынан алғысын айтып жататын. Ол әулие санатындағы Барақ, Ыбырайым ахундардың жалғасы болатын дейді елдегілер. Осыдан екі жыл бұрын аудан орталығы Қарауылкелдінің оңтүстік-батысындағы қорымға Елтоқ атаның тілеуханасы салынды. Халық көп жиналды. Атаға деген жүректегі алғыстарын білдірді. Өмірде де, қиын уақытта да еңсесі түспеген сарбаз әулие деп танылған Елтоқ Сәрсенбайұлына мына бір өлең жолдарын арнаған едім. Сарбаздың рухы ырза болсын деген ниетпен ұсынуды жөн көрдім.

Ғасырлар оны ашылмай қалған көмбе дер,

Таразыла оймен, өкінбеу үшін сен де егер.

Зеңбіректерден атылған оқта үні бар,

Тағзым етіңдер, осы сарбазға пенделер.

 

Өтті ол маңғаз даланы өртке шалдырмай,

Емдеді елді, келгеннің көңілін қалдырмай.

Дұшпанға қарсы күресе білген қадірлім,

Жатырсың бүгін бейітте мынау алдың жай.

 

Күтесің үнсіз, қаздарды келген қаңқылдап,

Жүруші ең өзің жатсынбай жанды жарқылдап.

Тілдестірмейді бақи дүниеден қу тірлік,

Ызғары молдау жұмақ дейтұғын салқын бақ.

 

Жүректерде ғана сақталды ізгі атың көп,

Күндеді талай құдайшыл адам жатым деп.

Замана өтті әулиесін елемей,

Ленинград қана құрметтеді батыр деп.

 

Баса алмай өксік жүректен туар өлең көп,

Күтеді Питер құрметтім қашан келер деп.

Тірлікте сенің қадіріңді пенде білді ме?

Еңбегің енді тілеуханада мәңгі еленбек…

Иә, өр мінезді майдангер Елтоқ Сәрсенбайұлының жарқын бейнесі, көрсеткен үлгі-өнегесі оны көргендер мен жиі араласқандар жадында ұзақ сақталмақ. Бұл — Байғанин топырағындағы бір сарбаздың өмірдегі жүріп өткен жолы. Бүгінгі ұрпақ бейбіт өмірі мен бақытты күндері үшін кеудесін оққа тосқандар алдында борышты.

Жақсылық  АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*