Басты бет » Жеңіс » 101-дің жауынгері

101-дің жауынгері

Соғыс кезінде Ақтөбеде жасақталған 101-ші атқыштар дербес бригадасының даңқын оның ержүрек жауынгерлері айналаға кеңінен танытты. Сол құрама сапында өзінің ерлігімен көзге түскен батыл майдангерлердің бірі сержант Жайылхан Мерғалиев еді.

1938 жылы жиырма бір жасында Кеңес Одағына жан-жақтан сыртқы жаулар қауіп төндіріп тұрған уақытта Қобда аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылған ол өзінің азаматтық борышын жақсы түсініп, ел қорғауды басты парызым деп ұғынады. Сондықтан да жауынгерлік және саяси дайындықтарда алдыңғы қатардан көрініп, өзгелерге үлгі бола біледі.

Ол Калинин майданында 39-армия құрамында взвод командирі ретінде Зайцево деревнясы маңындағы шешуші шайқастарға бірнеше рет қатысады. Жаумен осы бетпе-бет ұрыстар кезінде оның өзі фашистердің 22 солдаты мен офцерінің көзін жояды. Мұның сыртында тағы бір қанды шайқаста гранатамен қарсыластардың үш танкісін жарақсыз етеді.

Соғыс жылнамасынан жазылып қалған деректерде батыл командир Жайылхан Мерғалиев басқарған взводтың кезекті шайқаста өздеріне қарсы ұмтылған 49 неміс жауынгерлері мен офицерлерін жер қаптырғаны жазылған.

Жайылхан Мерғалиев взвод командирі ретінде өзін жігерлі жетекші, саяси сауатты, жас жауынгерлерге бағыт беріп, жеңіске бастайтын дем беруші тұрғысынан көрсете біледі.

Өзінің жауынгерлік міндетін абыроймен орындаған ол соғыстан, таусылмайтын бейнетті тірліктен әбден қажыған елге қуат ала келеді.

Ол аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жауапты қызмет атқарып, елдің тірлігін түзеуге атсалысты. Күн-түн демей дамылсыз еңбек етіп, көп шаруаны қолдай жүзеге асырып, аудан экономикасының оң бағытқа бет алуына ықпалын тигізеді. Одан кейінгі жылдары колхоз басқарады, аудандық жол бөлімінің басшысы ретінде көптеген игілікті істердің ұйытқысы болады. Сөйтіп, ел еңсесінің көтерілуіне, халықтың әл-ауқатының артуына да көп көмегін тигізеді.

Оның «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері, бірқатар жауынгерлік медальдары — майдандағы өшпес ерлігінің куәсіндей еді.

«Біз білетінде Жайылхан аға 1995 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысып қайтты. Бұл оның адал еңбегі мен ерен ерлігіне берілген лайықты баға еді»,— деп еске алады еңбек ардагері Өтеміс Әкімов аға.

Жайылхан атаның ұрпақтары да елге қалтқысыз қызмет етті, әке өнегесін ілгері дамыта білді. Оның қызы Мағиша Жайылханқызы қатардағы фельдшерден аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансаның бас дәрігеріне дейінгі жолдан өтіп, халықтың денсаулығын қорғау жолында жемісті жұмыстар жасады.

Тағы бір қызы Қарылға да медицина саласында бүгінге дейін еңбек етіп, ұстаздық жолды қатар жалғастыруда.

Енді бір перзенті Әлібек Ақтөбе азаматтық әуе ұшқыштары училищесін бітіріп, тәуелсіз еліміздің әуе кеңістігі органын құрушылардың бірі. Ол — 19 шетелге ұшу мәртебесіне ие болған санаулы ұшқыштардың бірі.

Биылғы Жеңіс күні Жайылхан ата әулетінде ерекше аталып өтпекші. Өйткені майдангердің дүниеге келгеніне — 100 жыл.

Батыр атаның ұрпақтары өздеріне өмір сыйлаған, өнегелі жол сілтеген аяулы тұлғаның аруағына Құран бағыштап, оның жарқын бейнесін тағы да сағынышпен еске алады.

 Нұр ДОСБОЛОВ.      

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*