Басты бет » Жеңіс » Ажалдан арашалаған

Ажалдан арашалаған

Өмір жолы адам баласын қайда бастап кететінін бағамдау қиын. Шалқар ауданының Арал теңіз жақ бетіндегі Бақанды деп аталатын ауылындағы ата-баба мекенінен Сералы Бегжанов алыстап кетемін деп ойлады дейсіз бе?!

Оның бүкіл ғұмыры, нақты айтқанда балаң кезінен азамат болып қалыптасу, еңбек ету, елге танылу сатыларының бәрі Қарақалпақ жерінде өтті. Сол өңірмен сабақтасып, сіңісіп кеткендігі сонда, оны туабітті сол елдің азаматы деп біледі.

Дүниеге 1918 жылы келген ол 1928-1934 жылдары Мойнақ мектеп-интернатында тәрбиеленеді. Ал 1935 жылы Төрткүлдегі медицина техникумына оқуға түсіп, одан орта арнаулы дәрежелі маман болып шығады. Қыпшақ ауданында фельдшер болып еңбек жолын бастаған ол содан кейін Тақтакөпір аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарады.

Сералы Бегжанов 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысады.

Біз Сералы ағаның майданда оқ пен оттың ортасында жүріп талай кеңес жауынгерін ажалдан арашалап қалғанын, өзінің дәрігерлік парызын жоғары деңгейде орындағанын білдік. Ол кей тұстарда қолма-қол ұрыстарға да қатысып отырған. Оның бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталуы жауынгерлік ерліктерінің куәсі деп білеміз.

Ол кісі майданнан оралған соң Өзбекстан Компартиясы Қарақалпақ облыстық комитетінде нұсқаушы, Нөкіс қалалық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы қызметтерінде болады. Содан кейінгі аралықта Ташкент мемлекеттік медицина институтында оқиды.

Жоғары білімді білікті дәрігер ұзақ жылдар бойы Қарақалпақстанның денсаулық сақтау саласында басшылық қызметтерде әртүрлі лауазымда еңбек етеді. Адал еңбектің нәтижесі болар, екі рет республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін кеудесіне тағады. Қарақалпақстанның еңбегі сіңген дәрігері атағын алған.

Сералы Бегжанов 1992 жылы дүниеден өткенде республикалық «Еркін Қарақалпақстан» газетінде суретімен қазанама беріліп, оған сол елдің Д.Шәмшетов, А.Тәжиев, Қ.Режепов, А.Асанов, Ж.Сүйінов, Ә.Тәжібаев, Б.Юсупова секілді бір топ белгілі тұлғалары, танымал азаматтары қол қойыпты. Онда «Сералы Бегжанов үлкен адамгершіліктің иесі, кішіпейіл, еңбеккер, жайсаң жан, жастардың сүйікті ұстазы болды» деп жазылған.

Біз, кейінгі ұрпақтары, Сералы Бегжанов сынды алдыңғы буынның асыл тұлғасын ұмытпаймыз, өмірінің бастауы Ақтөбе өңірінен өрбігенін мақтан тұтамыз, жадымызда жаңғыртып, есімін кейінгі жастарға насихаттап отырамыз. Жеңіс күні мерекесі тұсында да ел қорғауға қатысқан сол бір абзал жанның аруағына тағзым етуді парызымыз санадық.

 Құрманбек ЛӘППАЕВ,

Шалқар ауданы.   

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*