Басты бет » Жеңіс » Ерлерді еске алды

Ерлерді еске алды

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әр жауынгер — батыр. Себебі олар ел басына күн туған кезде от пен оқтың ортасына барып,  қасық қаны қалғанша күресті. Олардың сол батылдығы қазақтың талай ұлдарының бойына қуат беріп, жүрегіне от тұтатты. Ауылдан келген көптеген жас жігіттер бірден майданның алғы шебіне аттанып, ерліктерімен көзге түсті. Олардың арасында менің әкем Жанғали мен онымен бірге туған Ғани, Биғали Тажмұхановтар да бар еді.

Жанғали Тажмұханов 1924 жылдың қаңтар айында Қобда ауданы Ақсай ауылында дүниеге келген. Ол екі ағасымен бірге ел басына ауыр жылдар төнгенде ешнәрседен қаймықпай, соғысқа аттанған.

1941 жылдың аяғында Ақтөбе қаласында 101-атқыштар бригадасы жасақталады. Көпшілікпен бірге ол осы бригада құрамына алынады. Өзінің естелігінде: «1942 жылдың қысы болатын. Өгіз арбамен Ақтөбе қаласына үш күн жүріп жеттік…» — деп еске алатын. — «Бәрімізді жинақтап келесі күні пойызбен Орынбор облысы, Тоцск қаласына алып келіп, соғысқа дайындады. Көп ұзамай пойызбен соғысқа жөнелтіліп,  майдан даласынан бір-ақ шықтық», — дейтін. Әкеміз Ржев қаласының түбінде Калинин майданы 39-шы әскер құрамында стратегиялық шабуылдаушы «Марс» операциясына қатысқан. Тарихи деректерге сүйенсек, осы операция кезінде Калинин майданының 39-шы әскері құрамында соғысқан, қазақстандық ұлттық 100-атқыштар бригадасы 10 мыңнан аса, 101-атқыштар бригадасы 13 мыңнан аса жауынгерлерінен айырылған. Мәскеуге дейінгі 150 шақырымда ұлттық бригаданың жауынгерлері үздіксіз 14 ай шайқасып, 90 пайыз жауынгерлерін жоғалтқан.

Әкем сұрапыл қақтығыстарға толы майданда жүріп, жарақат алып, дала госпиталінде емделуге мәжбүр болады. «Қақаған аяз, қалың қар, жер қатып қалғандықтан окоп қазу өте қиын, үстімізде дұрыс киім де жоқ, жаудың қарша бораған оғынан бас көтеру мүмкін емес, ұзақты күні атыс-шабыс, зеңбіректерден атылған оқ, айнала астан-кестен, осындай түрлі қиындықтарға тап болдық. Ешнәрседен қорықпай, төсін жаудың оғына қарсы қоя білген, қайран менің боздақтарым», — деп, өзінің жаужүрек қаруластарын күрсініп еске алатын еді ол.

Талай қиындықты бастан өткізген кеңес жауынгерлері елді жаудан азат етіп, бейбіт күнге жетуді аңсады. Әкем Ржевск қаласын үлкен ерлікпен қорғағандығын, бір адым алға жылжудың өзі ұзақ, ауыр болғандығын айтып есіне алатын. «Алдыңғы қатарда үнемі жаяу әскерлер жүретін. Менің бұл соғыста аман-сау келуімнің себебі Алланың  қалауы және пулеметші болғандығым», — дейтін ол.

Әкем соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, елге 1948 жылы оралады. Майдандағы ерліктері үшін әкеміз «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерен ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ бірнеше рет Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарімен марапатталған.

Беларусь жерін жаудан азат ету жолындағы ерлігі үшін Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенконың Жеңістің 60 жылдығына орай арнайы Алғыс хатын алған.

«1944 жылы 3 шілдеде Беларусь жерін азат етуші Жанғали Тажмұқанов, Сіздің табандылығыңыз, ерен ерлігіңіз үшін басымды иемін», — деп жазылған Алғыс хатта. 1944 жылы Беларусь жерін азат еткеннен кейін Батыс Еуропа, Шығыс Пруссия жерін неміс басқыншылардан азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін Румынияда сығандар көтеріліп, ол соғыстың да алапатын көріп, ары қарай оларды Жапон соғысына (Манчжурияны азат ету соғысына) жіберген.

Биғали әкем соғыста барлаушылар отрядының құрамында болып, Берлинге дейін барған. Ол қан майданда кеудесінен жарақаттаныпты, соғыстан кейін елге оралып, ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысып, отбасын құрып, ұрпақ сүйіп, 1965 жылы дүниеден озған.

Ал немере әкеміз Нәби Өміров Сталинград түбінде шайқасқан. 1943 жылдың наурызында хабар-ошарсыз кеткендігі жөнінде елге хабар келген. Тікелей ұрпағы, балалары қанша іздеу салса да, нәтиже болмады. Тек 2013 жылы ғана Ресей және Қазақстан Республикасының іздестіру топтарының көмегімен баспа беттерінен соғыста қайтыс болғандардың тізімінен табылып, Украинаның Славута қаласы маңынан жаралы жауынгерлерді азаптау лагерінде қайтыс болғандығы туралы белгілі болды.

70 жылдан кейін Нәби әкеміздің қайтыс болған жері анықталды.

Елге аман-есен оралғаннан кейін әкеміз Жанғали анамыз Ақзиямен отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, ауылда 40 жыл ұстаз болып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Анамыз 1975 жылы дүниеден өтіп, әкеміз 8 баланы өзі өсіріп, анамыздың орнын жоқтатпауға тырысты. Әкеміз 2011 жылы дүниеден озды.

Қандай қиындық көрсе де мойымаған, жігері жасымаған, өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болатын әкеміздің рухы жыл өткен сайын асқақтап бара жатқандай көрінеді.

 Б.ТАЖМҰХАН,

                                                                                                          Ақтөбе гарнизоны

                                                                                                       әскери сотының судьясы.

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*