Басты бет » Мереке » Киіз үй жасайтын жалғыз үйші

Киіз үй жасайтын жалғыз үйші

 Ерекше қасиетті баспана

Көшпенді қазақ тұрмысына ыңғайлап жасалған киіз үйдің артықшылығы көп. Тез құрылады, тез жиналады. Бір түйенің қомына сыйып кететін ықшам әрі жеңіл. Салтанаты да асып тұрады. Қазақтың күллі қолөнері соның ішінде. Үзігі, басқұры, өрнекті, оюлы сықырлауығы бірінен-бірі асып, көз тартады. «Ши ораулы болмаса, үйдің сәні келер ме?» дейтіні тағы бар. Өңшең бір жарасымы үйлескен анық, қанық бояулар ертегі әлеміне сүйрейді. Қыста жылы, жазда салқын, жайлы баспана. Қазақы қойдың күзем жүнінен басқан киіз қыста суық өткізбейді. Ал аптапты жазда іргені түріп жібергенде, салқын самал есіп қоя береді.

Көшпенді заманда қазақ халқы қысы-жазы осы киіз үйде салтанат құрып, ұрпағын өрбіткен. Ұлттық нақыштағы киіз үйдің құрылымы мен сәулетінің ғарыштық кеңістікпен үйлесімді жасалғанын әлемнің зерттеуші ғалымдары да мойындаған.

Жалпы айта берсек, ұлтымыздың құндылығы — бренді саналатын киіз үйдің асыл қасиеттері жетерлік. Музыка мамандары ән-күй, саз әуендері таспаға киіз үй ішінде таза жазылатынын айтады.

Осындай қымбат мүлік — киіз үйлер музейлердің жәдігері болмай, халқымызға әлі де қызмет етер еді деп ойлаймыз. Наурыз мерекесінде, өзге де салтанат-тойларда қазақтың киіз үйлерінің тігулі тұруы қандай жарасымды. Алайда соның өзі жыл өткен сайын сиреп бара жатқан сияқты. Табиғи киіз үйдің орнын бүгінде шыбық темірден құрастырған, сыртына жұқа ақ мата жабылған, ағаш үй формасындағы жасанды құрастырмалар  басты. Мұның себебі белгілі. Өйткені қазір киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберханалар да, шеберлер де жоқ. Мұндай өндірістік шеберхана мен шеберлер осыдан ширек ғасыр бұрын Ойылда ғана болып еді. Кейін жойылып кетті.

Таяуда Наурыз мерекесі қарсаңында біздің аймақта осы өнерді жалғастырып жүрген енді кім бар деп іздегенімізде, бір адамды ана тіліміздің жанашыры, ұлтжанды азамат Зардыхан Әбікейұлының көмегімен, Қобда ауданынан таптық.

Киіз үй — Дөрбетханның отбасылық бизнесі

Дөрбетхан Онабасұлы — Монғолиядан, еліміздің тәуелсіздік алуымен, 1993 жылы алғашқылардың қатарында атажұртқа ат басы тіреген қандасымыз. Келген бетте Қобда ауданын қоныстанып, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы ұжымшарда қоғамның малын бағады.  Ұжымшар тарағаннан кейін жеке шаруашылығын қолға алып, бала-шағасын біріктіріп, өз алдына мал өсірумен айналысуға көшті. Қазір білдей бір шаруа қожалығының басшысы.

Қобда ауданының орталығынан терістікке қарай 30 шақырым жердегі Терісаққан ауылында тұрады.Бүгінде  біздің өңірде киіз үй жасайтын ескіден қалған жалғыз көз осы кісі. Жас шамасы жетпіске қарай жақындап келе жатқан Дөрбетхан әкесі Онабастан үйренген ескі өнерді, қандай қиыншылық болса да, қалдырмай ұстанып келеді. Бүкіл киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, маңдайша, табалдырық, таяныш секілді барша сүйегін, өзге де жабдығын өз қолынан шығарады.

Шеберханасы өзінің үйінің шарбағында. Оның жұмысына осы ауылда тұратын үлкен ұлы Мұхамбеттен бастап, бала-шағасын, күйеу балаларын, немерелерін түгел қосады. Бәйбішісі Зейне екібастан ұдайы қасында.

— Киіз үйге пайдаланылатын ағашты күзде жапырағы түскен кезде дайындап қоямын. Киіз үйдің сүйегіне ең қолайлы, жақсы ағаш қайың. Бірақ біздің қазақтар қайыңнан жасалған үйді тергейді, ырымдап алмайды.  «Қайың қатты ағаш. Сол себепті, өмір-тағдырымыз да қатты болуы мүмкін» деп секемденеді. Осыны білгендіктен мен киіз үйдің сүйегін боз талдан қиямын. Ол өзен жағасында, көлдің, қарсудың маңайында көп өседі. Қобдада Шоқпар деген жерден табылады, — дейді шебер.

Киіз үйге керекті ағаштың неге күзде дайындалатынын сұрағанымызда: «Көктемде тал толық өсіп қалыптаспағандықтан, өңдеген кезде қисайып, икемге келе бермейді. Күзде өсуі тоқтап, жапырағы түскен кезде дайындалған ағаш ыңғайға жақсы көнеді», — деді.

Сондай-ақ шебердің айтуынша, киіз үй тұтынушылар өсімталдығын білгендіктен, өсіп-өнеміз, ұрпағымыз көбейеді деп ырымдап, боз талдан (қазақ сәмбі тал деп те атайды) жасалған ағаш үйді ұнатады екен.

Ал боз талдың шеберге ұнайтыны — қабығының оңай аршылып, икемге тез келетінінен, ыңғайлылығынан екен.

Киіз үй шаруасы жеңіл жұмыс емес. Оған асықпай жасағанда шебердің екі ай, тіпті одан да көп уақыты кететін көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Дөрбетхан киіз үйдің бүкіл сүйегі мен өзге жабдықтарын бір қолдан өзі жасайды. Бұларды жасайтын толып жатқан киіз үй шеберханасына тән құралдары, әдіс-тәсілдері бар.

— «Мор» дейтін болады. Көңді жағып қойып ағашты ішімен өткізетін құралды осылай атаймыз. Оған салынған ағаш жанып үлгермей, ысып тұрған сәтінде алынып, «тезде» түзетіледі. Тез — қазық құсаған төрт-бес ағаштан жасалған  құрал. Содан өткізу арқылы қисық ағаштар түзетіледі. «Тез» жанында қисық ағаш жатпайды» деген мақал содан шыққан. Қисық, қыңыр адам туралы айтқанда, біреулердің «тезге салатын екен» дейтіні де сол.

Киіз үйге арналған ағаштың қабықтарын жарақаттамай тазалайтын құралды «ысқауыр» дейді. Кәдімгі қолорақ түрінде — бір жағы ара сынды да, екінші жағы пышақ жүзіндей өткір келеді. Осы құралмен ағашты жонады.

Керегелерге қайысты өткізетін құралды сымсуыр дейді.

Шебер керегелерді қайыспен көктейді. Бұған түйенің терісі жақсы болатынын айтады..

Дөребетханның үйі кішігірім өндірістік шеберхана десе болады. Басында айтқанымыздай, киіз үйдің ірілі-ұсақты шаруасы көп. Әрине, оны бір өзі екі айда да үлгере де алмас еді. Соны біліп, бәйбішесі, балалары, келіндері көмекке келеді. Басқұр, ши, арқан сол кісілердің қолымен жасалады. Тіпті қазір әкеден үйреніп балалары киіз үйдің сүйегін де жасай беретін дәрежеге жеткен.

Шебердің қолынан шыққан бір киіз үй шарбағында дайын тұр. Енді екінші киіз үйді қолға алған. Алушылар негізінен Қобда, Ембі, Қандыағаш тұрғындары екен. Шебер әр үйге бар өнерін салып жасайды. Сондықтан оған қызығушылар да көп. Мысалы, Қандыағаш қаласындағы бір кәсіпкер Дөребетханның киіз үйін екі бөлмелі пәтер беріп алған. Бағасының мөлшерін осыдан біле беріңіз.

Қандай үйді алатынын тұтынушының қалауы біледі

— Сіздің қолыңыздан шыққан киіз үйлер қалай аталады?

— Ол туырлығына, яғни киізінің түсіне байланысты. Қандай қойдың жүнінен жасаласа, соған қарай, ақ үй, боз үй, қоңыр үй деп атала береді.

— Үйіңіздің көлемі неше қанат?

— Көбісі алты қанат. Алайда үйдің көлемі қанатына байланысты емес. Оған қарап тұрған мәселе жоқ. Мәселе қанаттың басында. Ағаш үйді торкөз, желкөз деп атайтынын білетін боларсыз. Торкөз кішілеу болады да, қанатының бастары аздау болады. Ал желкөз үй кең, үлкен болады. Яғни, үйдің үлкен-кішілігі керегенің көзіне байланысты. Сондықтан біз тапсырыс аларда тұтынушыдан керегі торкөзбе, желкөзбе деп сұраймыз. Желкөз үйді алты қанат жасағанда ішіне120-140-тай адам сыяды, — дейді үйші.

Қазақтың киіз үйінің айырмашылығы, ерекшелігі қарғысында дейді шебер. Бізде уық иіледі. Ал қырғыздың, монғолдың үйлерінде ондай иіліп тұрған жер болмайды. Содан да ол тік, шошақтау көрінеді.

Киіз үйдің ішкі бауларының өзі көп жұмыс.Кез келген адамның қолынан келе қоймайды. Қолы ұсынықты, шебер адамның қолынан ғана шығатын дүниелер. «Киіз үйдің бау-шуы таусылмайды» деп жай айтылмаған. Мысалы, таңғышы — екі керегенің санағын кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр. Керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл-арқан. Немесе уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр. Өрнекті, төгілме шашақты желбау, басқұр, үзік бау, бел бау, киіз үйдің шилері. Осының бірі кем болса, киіз үйге — мін. Дөрбетханның үйінің мұндай бұйымдары қашаннан бәйбішесі Зейненің қолынан шығады екен.

Шебер киіз үй жасағанда байырғы әдіспен табиғи жергілікті материалдарды ғана пайдаланады. Ең аяғы бояуына дейін өзі жасайды. Айталық, киіз үйдің ағаштары жоса бояумен боялады. Мұны ол далалықтарда кездесетін түсті топырақтарды қайнатып алады екен. Оның әдіс-тәсілін де қазір тек өзі біледі.

Дөрбетхан «жігітке жеті өнер де аз» дейтін қазақы тәрбиемен өскен.

— Кезінде шеберлік өнерінің сан түрі меңгердім. «Өнерді үйрен де, жирен» деген, талайы кейін қалды, ұмтылды. Біразын әлі жалғастырып келемін. Малдың терісін илеп, тон тігемін. Жалпы үйде көп киімді өзім тігемін. Ісмерлікті жас күнімнен үйренгенмін. Әкем марқұм сондай адам еді. «Өнердің артықшылығы жоқ. Әр нәрсені жасап үйрене беріңдер деп» отыратын. Енді сол өсиетті мен балаларыма айтамын. Атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп бұл, — деп түйді сөзін шебер.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.   

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*