Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Озаттар қатарынан көрінгендер

Озаттар қатарынан көрінгендер

1933 жылдың ақпанында Филипп Голощекин республика басшылығынан кеткен еді. Орнына Левон Мирзоян келді. Облыстық мемлекетік мұрағатта сақталған «Социалистік жол» және «Актюбинская правда» басылымдары беттерін ақтарып отырсақ, 1937-нің зұлматына дейінгі аралықта қазақ даласында бірер жыл тыныштық орнағандай сезіледі. Бұрынғыдай бірыңғай «жау» іздеу жоқ, керісінше, озаттардың есімдері жиі ауызға алынып, әр саланың үздіктерін басқаларға үлгі етуге ерекше көңіл бөлініпті.

Aқтөбе ауданы III Интернационал атындағы колхозының стахановкасы Д.Мұқашева (Сурет облыстық мемлекеттік мұрағатынан алынды)

 

 Байқаумен басталған жыл

1935 жылдың бастапқы күндерінен-ақ көктемгі егіске әзірлік мәселесі қолға алынған. Бұл үшін облыстағы машина-трактор стансалары арасында байқау жарияланды. Мақсат — жөндеу жұмыстарын уақтылы және сапалы аяқтау жолында жұмысшыларды ынталандыру. Байқау қорытындысы бойынша үздік 4 ұжым және 4 озат еңбеккер қомақты қаржылай сыйақымен марапатталатыны айтылған.

Ол кезде облыста 24 МТС жұмыс істеген. Байқау жарияланған күні барлық машина-тракторлардың 31,1 пайызы ғана толық жөндеуден өтіп тұр екен. Байқау шарттарында МТС-тар ұжымын газет және түрлі әдебиеттермен қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл бөлініпті…

 62 артист, 3 бөлім

…Жалпы, сол тұста жұртшылықтың газет-журнал алдырып оқуы — биліктің басты назарда ұстаған мәселелерінің бірі болған. Баспасөзге жазылуға немқұрайды қарайтын шаруашылықтар басшылары, «газет-журнал оқитын уақытымыз жоқ» — деген колхозшылар сынға ұшырапты.

Сондай-ақ,мәдени өмірді жандандыруда маңызды мәселе еді. 1935 жылы Ақтөбе облыстық жастар театрында үш бөлім жұмыс істеді: қазақ, орыс және балаларға арналған қуыршақ театры. Сол жылдың жазында театр Жетіқара ауданындагастрольдік сапарда болып, бір ай ішінде 37 рет спектакль мен концерт қойған. Ұжымда 62 артист болды. Олардың арасында актриса, әнші Ерғалиева үздіктер қатарында аталған. Театр халық алдына кәсіподақтар арқылы шыққан.Сондай-ақ, облыстық атқару комитетінен сол жылы 100 мың сом қаражат бөлініпті.

Театр басшысы Альпин көлік мәселесіне байланысты алыс ауылдарға, колхозшылар арасына шығудың қиынға соғатынын айтыпты. Театр, негізінен, қалаларда, аудандар орталықтарында, ірі кәсіпорындарда өнер көрсеткен. Ал көрермендер облыс орталығындағы қойылымдардың тым кеш басталатынына шағым айтқан. Шағымданатындай-ақ бар: жаз айларында қойылым түнгі 11-лерде басталып, 2-3-тің шамасында аяқталады екен.

Облыстық басылымдар жарияланымдарынан ол тұста тек театр ұжымы ғана емес, көптеген мекемелердің жұмыс кестесі дегенге әлі де үйрене қоймағаны аңғарылады.

Орденді комсомол

1935 жылдың ең қуанышты оқиғаларының бірі — Ақтөбегі теміржол көліктерін жөндейтін мекемеде слесарь болып істейтін комсомол Бесқали Мәмбетовтің Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуы болды. Оған жан-жақтан — тек республика емес, Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен құттықтау хаттар жауған.

Өзінің айтуы бойынша, Бесқали Мәмбетов 9 жасында жетім қалып, байдың бақташысы болып ержеткен. Теміржол саласына 1931 жылы қара жұмысшы болып келген. Жұмыс істей жүріп, машинистің көмекшілерін даярлайтын курста оқыған. Кейіннен слесарлық жұмысқа ауысқан. Оның 1935 жылғы жетістіктері жөнінде деректер сақталып қалған: қаңтар айында жоспарды — 143 пайыз, ақпан айында — 168 пайыз, наурыз айында  147 пайыз орындаған, т.с.с. Әрдайым жоспарды асыра орындайтын Мәмбетов жас жұмысшы Тоқтамысовты қамқорлыққа алып, оның біліктілігін V деңгейге (разряд) дейін көтерген.

1935 жылдың 10 тамызында Мәмбетов орденін алып қайту үшін пойызбен Мәскеуге аттанған.

 Үздік ұшқыш

1935 жылдың 18 тамызында Кеңестік авиация күні атап өтілген. Сол кездің деректері бойынша, Кеңес Одағында 1932-1935 жылдар аралығында планерлік мектептер саны 10 есеге артқан екен. Ал Ақтөбе облысында бұл уақытта бес ауданның орталығы мен облыс орталығы арасында әуе қатынасы орнатылыпты. Атап айтқанда, Қостанай, Жетіқара, Ойыл, Темір және Ново-Алексеевкада аэродромдар болған. 1934 жылдың алғашқы 7 айында облыста әуе көлігі арқылы292 жолаушы, 40 тонна жүк (пошта, т.б.) тасымалданған болса, 1935 жылдың сәйкесінше мерзімінде 572 жолаушы, 137 тонна жүк тасымалданыпты. Ал ұшқыш Денисов — Ақтөбе аэропортының ең үздік ұшқышы атанған.

 Үздік дәрігерлер

1935 жылғы желтоқсанның орта шенінде облысқа іссапармен Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының төрағасы Алфимов келіпті. Осыған орай облыстағы үздік дәрігерлер мен үздік ауруханалар анықталды. Темір қалалық ауруханасының меңгерушісі Гопаненко мен Степной ауданы Ворошилов совхозының дәрігері Беловаүздік дәрігерлер болып табылды.

Дәрігер Белованың балалар күтіміне байланысты аналар арасында ұйымдастырған байқауы ерекше аталған. Беловаоныөзінің жеке бастамасымен ұйымдастырған. «Актюбинская правда» газетіне жазған мақаласында дәрігер байқаудыөткізугеауылдық кеңес төрағасы Самарский мен аурухана тазалықшысы Жұмағұлованың үлкенүлес қосқанынайтады. Байқау емізулі бөбектері бар аналар арасында өткізілді. Байқау барысында 5 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылған. Комиссия мүшелері қатысушыларды 6 күн сайын үйлеріне барып, тексеріп тұрыпты. 7 қарашада байқау мәреге жеткен. Ал 7 қараша, яғни Қазан төңкерісі күні — КСРО-да ең басты мереке еді. Осы күні алты бірдей ана жеңімпаз атанып, сыйлықтарға ие болған. «Жеңімпаздардың көпшілігі — қазақ әйелдері» — дейді дәрігер Белова.

Ал Гопаненко Темір қалалық ауруханасының меңгерушілігіне сол жылы ғана тағайындалыпты. Ол барғаннан кейін, бұрын бос тұратын ауруханада… аз уақыт ішінде науқастар саны күрт артқан. Жергілікті билік: «Науқасқа қарайтын дәрігер келді» — деп қуанған. Аурухананың оған дейін қаңырап тұруы науқастың жоқтығынан емес, бұрынғы дәрігердің біліксіздігінен болған. «Бұрынғы «дәрігер» (тырнақшаға алыпты — ред.) Константинов медицинадан түк хабары жоқ адам еді, сонысымен аурухананың беделін түсірді, жұрт сырт айналды» — деп жазыпты облыстық «Актюбинская правда» газеті.

Үздік аурухана

Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының төрағасы Алфимов қыс ішінде сонау Ойылға да барып қайтқан. Ойылдағы аурухана көптеген көрсеткіштері бойынша облыстағы ең үздік ауруханалар қатарында болыпты. Аурухана меңгерушісі Суздальцеваның айтуынша, «мұнда тіпті микроскоп та бар» екен. Сол кезең үшін бұл үлкен жетістік саналған. Ауруханада жатқан әр науқастың тамақтануына, орта есеппен, күніне 2 сом 75 тиын қаржы жұмсалған. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де жолға қойылған. Аурухананың тазалығы айрықша айтылады.

Суздальцева аудан басшыларының ауруханаға ерекше қамқорлықпен қарайтынын атап өткен. Оның айтуынша, аудандық партия комитетінің хатшысы Әбдікәрімов пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Жантасов аурухананың бар ісіне мұқият қарайды, сондай-ақ, колхоздар басшылары да медицина қызметкерлеріне сұраған уақытында көлік тауып беріп, науқастарды аралауға жағдай жасап қойған.

 Әзірлеген И.ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*