Басты бет » Басты жаңалықтар » Бодандық пен бостандық

Бодандық пен бостандық

2016 жыл ерекше жыл болды: ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік.

1991-дің 16 желтоқсанында қазақ жұрты үшін азаттық таңы атты. Төрт тараптан да жау анталаған, ер-азамат қан майданда қыршын кетіп, кең жайлау жетім-жесірдің ащы зарына толған әрідегі ғасырлар мен қазақты бар игі жақсысынан, тілінен, дінінен айырған кешегі кеңестік заман артта қалып, жаңа дәуір басталды.

Бодандық қамытынан құтылған тұста экономикамыз әлсіз, жағдайымыз өте қиын болды. «Ақтөбе» газетінің 1995 жылғы 16 желтоқсан күнгі 151-санында облыстағы сол кездегі ахуал туралы былай деп жазылыпты: «… 11 ай ішіндегі өнім, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 94,2 процент қана құрады. Әсіресе аграрлық сектордағы шаруа алаңдарлық. Ірі қараның саны бұрынғының үштен біріне, басқа да түлік түрлері айтарлықтай азайды. Еңбекақы жөніндегі қарыз 1 миллиард 173 миллион теңгені құрады. 4307 адам ресми түрде жұмыссыз деп танылды». Бір ғана біздің өңір емес, Кеңестер Одағы үшін өгей бала санатында болған Қазақстанның қай аймағында да жағдай осындай еді. Мысалы, сол кездегі Талдықорған облысында ресми тіркелген жұмыссыздар саны 15 мыңнан асқан. Мал басы, соның ішінде қой саны 520 мыңға кеміп кеткен, т.с.с.

Аллаға шүкір делік, ол қиындықтарды артта қалдырдық.

Азат заманның ширек ғасырын қалай өткердік? Әрине, мерейлі жыл болған соң, негізінен, сәулелі тұстарды тағы бір ой елегінен өткізгенді жөн көрдік.

Өскен жұрт

Деректер бойынша, 1991 жылы Қазақстанда қазақтар саны 6 миллион 737 мың шамасында болған. Ал тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы қазақтар саны 11 миллионнан асты.

2012 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстанда 11-миллионыншы қазақтың дүниеге келгені жария етілген еді. Одан беріде тағы 4 жыл уақыт өтті. Яғни, 25 жыл ішінде елімізде қазақтар саны 5,5 миллион шамасында көбейген. Оның ішінде шетелдерден 1 миллионнан астам қандасымыз атажұртқа оралды.

КСРО-да Қазақстан — 15 республиканың ішіндегі жергілікті халқының саны басқалардан аз болған бірден-бір республика еді. Азаттық алғаннан кейінгі алғашқы жылдары да демографиялық көрсеткіштер тек құлдыраумен болды: басқа ұлттар өкілдері өз тарихи отандарына жаппай көшті, бала туу азайды… Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жөнінде: «1990 жылдан бастап Қазақстаннан 3 миллион 568 адам көшіп кетті. Іс жүзінде, жыл сайын бір-бір қаладан кетіп жатты. Сол жылдары ел халқының саны 17 миллионнан 14 миллион адамға дейін азайды», — деді.

Қазақстанда халық санының азаюы 2002 жылы ғана тоқтады. Ал 2003 жылдан бастап аздап болса да көбейе беріппіз. 2010 жылы Қазақстан тұрғындарының саны 16 миллионнан асты. Қазіргі күні 18 миллионға жуықтады. Оның үштен екісі, яғни 11 миллионнан астамы, жоғарыда айтқанымыздай, — өз қандастарымыз. Ал Кеңес заманында тек 1926 жылғы санақта ғана қазақтар барлық Қазақстан тұрғындарының 58,52 пайызын құрады. Басқа санақтардың қай-қайсысында да халықтың жартысын құрауға санымыз жетпепті.

Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырында елімізде 7 363 671 сәби дүниеге келген. Олардың ішінде, ұлдардың саны қыз балалардан 150 мыңға көбірек.

1991 жылы елімізде адамдардың өмір сүру ұзақтығы, орта есеппен 67,6 жас еді, 2015 жылы 72 жасқа жетті. Ал жуырда Елбасы айтқандай: «Бүгінде жүргізіліп жатқан реформалар, халықтың әл-ауқатының артуы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 82 жасқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Халық саны 25 миллионды құрап, оның ішінде экономикалық белсенді халық 11 миллионнан астам адамға жететін болады».

Рухтың оралуы

Қазақ атаулы ата-баба рухын ерекше қастерлейді. Ал бодандық тұста қастерлі тұлғаларымыздың тіпті сүйегі де бұйырмаған, олардың атын ауызға алуға тыйым салған кезеңдерді бастан өткердік. Қасиетті бабаларымыздың кесенелері қиратылып, есесіне қаламыз бен даламыз Лениннен бастап, қаптаған большевиктер көсемдерінің ескерткіштеріне толды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бабалар рухымен қайта қауыштық. Бұл орайдағы өткен 25 жыл еншісіндегі қыруар істі тізбелеп шығуға газет беті жетпесі түсінікті. Тек аз ғана мысал: 2007 жылы Қобыланды батырдың сүйегі Мәскеуден қайтарылып, арулап қайта жерленді. Бастапқыда топырақ бұйырған Жиренқопа жерінде Қобыланды батыр кесенесі бой көтерді.

2011 жылғы қарашада ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың сүйегінің күлі қалған Мәскеудегі Дон қорымының №1 қабіріне ескерткіш тақта орнатылды. Әлихан Бөкейханов 1937-де атылған. Оның денесін өртеп жіберген. Дон қорымының №1 қабіріне сүйектері өртелген 5065 адамның күлі көмілген екен. Солардың тізімінде Әлихан бабамыздың да аты-жөні барын зерттеушілеріміз анықтады.

2015 жылы Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» қорымында Әбілқайыр бабамыздың кесенесі бой көтерді. Ал биыл Санкт-Петербургтегі Кунсткамерадан Кейкі батырдың бас сүйегі елге жеткізілді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс батырларының бірі, Кеңес өкіметіне де қарсы шыққан Кейкі 1923 жылы ұсталып, азаптап өлтірілген. Оның бас сүйегін жұртты қорқыту үшін қала ортасына іліп қойып, кейіннен Ресейге жөнелткен. Ал Кейкінің басын қайтару туралы мәселені 1996 жылы академик Манаш Қозыбаев бастап қолға алған екен. Сол ниет 20 жылдан кейін ғана іске асты.

 Астана — Тәуелсіздіктің киесі

1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға астананы басқа қалаға ауыстыру туралы бастамасын жеткізген еді. Сөйтіп, 1997 жылы ел астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілді.

Сонау қиын шақта ел астанасын көшіру туралы әңгіме неліктен қозғалды? Бұл

жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «1990 жылдардың ең ауыр кезеңдерінде Астана бізге үміт қанатын сыйлады және үлкен қиындықтарды еңсеруді үйретті. Қиын кез болатын. Бәрі жетіспейтін. Еңбекақы, зейнетақы төленбеді. Бірақ біз сол қиындықтардың бәрін ештеңеге қарамастан еңсеріп, елордамызды салдық. Елордамыз қасиетті Тәуелсіздік рухының — Жасампаздық пен бірлік рухының қайнар көзіне айналды! Астана бүгінде өз тарихының бастауында ғана тұр. Ол біздің мемлекеттік қуатымыздың биік самғауын бейнелей отырып, жылдан-жылға ажарланып келеді. Біз оны әлемнің мәңгі қалаларының бірі ету үшін бәрін жасаймыз, өйткені Астана дегеніміз —Тәуелсіздіктің киесі» — деп атап өтті.

 Жарық пен жылу

Тәуелсіздік алған тұста қазақтың ауылы түгіл, қаласында ауызсу, электр жарығы, газ мәселесі мұң болған еді. Мысалы, Ақтөбе өңіріне келетін электр қуаты Ресейде өндірілетін. Ол жақ бағаны тоқсан сайын құбылтып, өсіріп жібереді. Еңбекақы, зейнетақы ала алмай отырған жұрт жарыққа шаш етектен қарыз болатын да қалатын…

Ол күндер қазір ұмытылды. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиындықтар салдарынан өңірімізде 23 елді мекен электр желісінсіз қалса, сондай-ақ, облыста тіпті КСРО кезінде электр жарығы бармаған елді мекен де болды: ол Шалқар ауданындағы Аяққұм ауылы еді. 2000-жылдардың ортасында бұл ауылдардың бәріне электр желісі жеткізілді. 2008 жылы «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысы» өңіраралық электр желісі іске қосылып, жарық мәселесінде Ресейге тәуелділіктен құтылдық.

Кеңес заманында біздің облыста Ақтөбе қаласы, бірер ірі аудандар орталықтары мен Шалқар ауданының кейбір ауылдары ғана газбен қамтылды. Ал қазіргі күні барлық аудандар орталықтарына газ құбыры апарылған. Облыста тұрғындардың 86,7 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Көршілес Батыс Қазақстан, Атырау өңірлерінде бұл көрсеткіш 95 пайызға жеткен. Жалпы, 2005-2015 жылдар аралығында елімізде 1160 елді мекен газдандырылған. Газ жеткізілген қазақ ауылдары от жағу бейнетін мүлде ұмытты. Тұрғын үйлеріне қаладағыдай етіп жөндеу жүргізіп, жайнатып қоятын болды.

Газ құбырын тарту жұмыстары жалғаса береді. 2016-2018 жылдар аралығында, республикалық және жергілікті бюджет есебінен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 66 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарланған. Әрі қарай газдандыру жұмыстарына бюджет қаржысынан бөлек, ұлттық операторлар қаражаты да тартылатын болады. Сөйтіп, ел басшылығы жақын жылдары газбен қамтылған қазақстандықтар қатарын 10 миллион адамға жеткізуді көздеп отыр.

 Тірлігімнің айғағы…

«Ана тілім — тірлігімнің айғағы» — деген Әбділда ақынның тілі Кеңес заманында тек ауыл тілі боп қала жаздады. Ал қалаға келген қазақ орыс тілімен ғана күнелте алатын. Қазақстанның астанасы саналған, миллионнан астам тұрғыны бар Алматының өзінде бір ғана қазақ мектебі болды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қазақ тілінде білім беретін 1 мыңнан астам мектеп ашылған. Қазір елімізде мектеп оқушыларының үштен екісі, студенттердің 60 пайызы қазақ тілінде білім алады. Қазақ тілі мемлекеттік органдардағы іс жүргізу тіліне айналды.

2015 жылы 27 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясында қазақ тілінде сөйледі. БҰҰ Бас Ассамблеясының жиыны — әлемнің ең биік мінбері. Осылайша, қазақ тілі БҰҰ мінберінен «сөз алатын» мәртебеге ие алты тілмен иық теңестірді. «Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның ұйымдағы барлық ресми алты тілге ілеспе аударылуы да жақ­сы нышан болды. Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым. Бәрібір ол барлық тілге аударылады. Бірақ, әбден үйреніп кеткен біздің адамдар қазақша сөйлескісі келмейді… Сондықтан  мен айтқаннан кейін, менен кейінгі біздің басшылар солай қазақша сөйлейді деп сенемін!», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақтың кәсіпкерлері

Кеңес заманында қалыптасқан қоғамдық пікірге сай, қазақтың қолынан келетін бір ғана кәсіп бар еді: мал бағу. Кеңестік идеологтар: «Бұл халық ғасырлар бойы тек мал соңында жүрген» — дегенді алға тартумен болды. Сөйтсе де…

Қазақстан 2012 жылы әлемнің ең бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосыла алды. Ал былтырғы жылы елімізде алғаш рет тау-кен, яғни шикізат өндірісінен гөрі, өңдеу өнеркәсібінің өсімі жоғары болды. Қазақстан әлемнің 119 еліне 2,5 мыңнан астам өнім түрін экспорттап отыр.

Сондай-ақ, елімізде 1 миллион 241 мың кәсіпкерлік құрылым бар. Қазақтың кәсіпкерлері ел мақтанышына айналды. Бауыржан Оспанов өз туған ауылы — Алматы облысының Жыланды ауылында дүкен иелері мен кәсіпкерлерге қосымша қаржы ұсынып, арақ-шарап өнімдерін сатпау туралы ұсыныс жасаған. Сөйтіп, бірнеше жылдан бері Жыланды тұрғындары ішімдік атаулыны ұмытқан, мұнда ішімдік сатылмайды, оның орнына қымыз ұсынылады.

Ақтөбе топырағынан шыққан Исламбек Салжановтың есімін Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ерекше атады. Ол құрған «Алтын қыран» компаниясы экономикаға 300 миллион доллар инвестиция салып, 1000 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жолдар, жолдар…

Қазақ жеріне теміржол салуды о баста патша үкіметі бастаған. Бірақ ондағы көзделген мақсат — қазақты жарылқау емес, осы жердің байлығын тасып әкету еді. Қызыл империя да сол жымысқы ниеттен бас тартпады. Елбасы айтқандай: «Автомобиль жолдары мен теміржолдар біздің байтақ еліміздің әр тарапын тікелей байланыстырмайтын етіп салынып, барлығы да солтүстікке қарай кететін».

Тәуелсіздік тұсында ғана Қазақстанның өңірлерін өзара жақындастыратын жолдар салу ісі қолға алынды. 3 мың шақырымға жуық теміржол төселді. Соның арқасында, Астана мен Алматы арасындағы бұрынғы бір тәуліктік жол қазір 12 сағатқа қысқарды, шалғайдағы Атырау, Маңғыстау облыстарының тұрғындары бұрынғыдай Алматыға 3-4 күн жүріп емес, 1,5-2 тәулікте жететін болды.

Бұл жұмыстардың қалай жалғасатыны жөнінде жуырда Елбасы: «Қалалар мен ауылдарды сапалы жолдар, көліктің барлық түрлерінің жүрдек және қауіпсіз маршруттары байланыстыратын болады. Ол үшін біз Астананы бүкіл өңірлермен шұғыла тәсілімен байланыстыратын «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Шамамен 7 мың шақырым автомобиль жолы салынып, қайта жаңғыртылмақ, теміржол желілері кеңейтіліп, электрлендіріледі, әуежайлар мен теңіз порттарына қайта құру жұмыстары жүргізіледі» — деп атап өтті.

Ұлы Даланың өткені мен бүгіні

Тарих пен мәдениет — ұлттық сананың қос қанаты. Отаршылдық заманда біз нақ осы тұстан ерекше зардап шектік. Елімізде 1998 жылдың — Ұлттық тарих жылы, 2000 жылдың — Мәдениетті қолдау жылы болып жариялануы тегіннен-тегін емес еді. Ал 2003 жылдан бастау алған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 100-ге тарта тарихи-мәдени нысан жаңғыртылды. Шетелдерден тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты мыңдаған құнды деректер әкелінді. Ұлттық фольклорымыз жинақталып, «Бабалар сөзі» деген атпен 100 том болып жарық көрді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде музейлер саны екі есе көбейді. Өз ұлтымыздан шыққан көрнекті тұлғалардың мерейтойларын кеңінен атап өтуге мүмкіндік алдық.

Ал ең басты той — 2015 жылы өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы болды. Кеңестік тарихнама қазақ халқының дербес мемлекеті болғанын мойындамауға тырысты. Қазақ жерінде мемлекеттер болған, бірақ оларды құрған халықтар… шетінен «жойылып кете беріпті-міс». Міне, осы «тарих» өзгелердің біз туралы көзқарасына да, ұрпақтар санасына аз салқынын тигізбеген еді. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануы ең алдымен ел рухын көтерді.

Әзірлеген И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*