Басты бет » Басты жаңалықтар » Президент шыршасына 400 бала қатысты

Президент шыршасына 400 бала қатысты

«Алтын сарай» мейрамханасында «ЭКСПО-ның жаңажылдық алауы» атты Президент шыршасы өтті. Мерекелік шараға облыстан барлығы 400 бала қатысты.

Ерекше безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар мерекелік шарада Алдар көсені қошеметпен қарсы алды. Көңілді топқа қосылған Алдар көсе басқа да ертегі кейіпкерлерін ортаға шақырып, балалармен би биледі. Бұдан кейін балалар жыл жаңалығы — «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туралы дайындалған тосын сыйды тамашалап, көрме туралы өз білгендерін ортаға салды.
Мерекелік бағдарламада балалар Аяз ата мен Ақшақарды қошеметпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкері жиналғандарды Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Балалармен бірге қол ұстасып, алып шыршаны айналып, ән салды.
Еліміздің бас шыршасына арнайы шақыртумен келген балалар LED экран арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады.
— Қымбатты балалар, Жаңа жыл баршамызға мерейлі мейрам, жақсылық жаршысы. Бұл — ең алдымен балалардың мерекесі, кішкентайлардың қуанышы. Сендер тәуелсіз елде өсіп жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар. Мен өздеріңді және еліміздегі барлық балаларды Жаңа жылмен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бүгінгі шырша тойы есте қаларлық ерекше кеш болады деп сенемін. Балаларды шаттыққа бөлейтін осындай шара қазір еліміздің барлық өңірінде өтуде. Баршаға танылған Қазақстан болашағын бүгіннен бастап ойлайтын мемлекет — Ұлы Дала елінің ұлағатты ұландары үнемі алдыңғы қатарда болуы керек. Біз сендердің ақылды да алғыр, зерделі де зерек болып өскендеріңді қалаймыз. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын үкілі үмітіміз — өздеріңсіңдер. Сол үшін біздің мемлекетіміз барлық мүмкіндікті жасап келеді.

Айналайын балалар, мен бәріңе мол игілік, жарқын болашақ тілеймін. Асқақ армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер. Жаңа жылдарың құтты болсын! —  деді Мемлекет басшысы балаларға ақ тілегін арнап.

Президент құттықтауынан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйледі.

  • Балалар, міне, сіздердің жыл бойы күткен Жаңа жылдарыңыз да келді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл Қазақстанның балаларын дәстүрлі түрде Жаңа жылмен құттықтады. Біз, үлкендер, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыз сіздердің бақытты, қуанышты өмір сүріп, қазіргі заман талабына сай білім алуларыңыз үшін көптеген жақсылықтар жасап жатыр.

Біздің Ақтөбеде талантты, білімді, денсаулығы мықты балалар көп. Бүгін мерекеге арнайы Ақтөбе өңірінің ең белгілі балаларын шақырдық. Себебі сендер — біздің болашағымызсыңдар. Сендер арқылы біз мақтанамыз. Сондықтан, айналайын балалар,  дендерің сау болсын, жақсы оқыңдар! Ата-аналарды, ұстаздарыңды тыңдаңыздар. Жаңа жылдарың құтты болсын! — дей келе, облыс басшысы шырша тойына жиналған балаларды Жаңа жылмен құттықтап, олардың әрқайсысына Елбасы атынан бағалы сыйлықтар тарту етті. Мерекелік сыйлықтарын алып болғаннан кейін балалар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен естелік суретке түсті.
Бұдан соң шырша қонақтары әсем шыршаның жанына қайта жиналып, түрлі ойындар ойнап, би билеп, ән айтты. Білімді, өнерлі өрендер Аяз атадан тағы да көп сыйлық алды. Шыршаны айналып ән айтып, кешті көңілді өткізді.

Айта кету керек, мерекелік шарада «Жаңажылдық ойыншықтар», «Аяз атаның сиқырлы жәшігі», «Жаңажылдық шырша-2017» байқауларының қорытындысы бойынша үздік атанған балалардың жұмыстарымен шырша безендіріліп, олардың бірқатары залға қойылып, көпшілікке ұсынылды.

Балалар тілегі

Инабат Орынбасар, Ойыл ауданы, Сарбие ауылы, Сапақккөл орта орта мектебінің 4-сынып оқушысы:
— Президент шыршасына биыл бірінші рет қатысып отырмын. Ойыл ауданынан келдім. Дарынды оқушымын. Мектепте қоғамдық шараларға белсене араласамын. Бас шырша өте жақсы өтті. Кеш барысында Аяз ата, Ақшақар, Алдар Көсе және басқа да ертегі кейіпкерлерімен бірге билеп, көңілді кешті бірге өткіздік. Елбасының атынан сыйлық алдық. Көңілді кешті ұйымдастырған Елбасына, облыс әкіміне ризашылығымды білдіремін.

Әрсен Әбілқасым, №15 орта мектептің 3-сынып оқушысы:

  • Мен бас шыршаға қатысқаным үшін қатты қуанып тұрмын. Бүгінгі шарада Аяз ата туралы тақпақ айтып, сыйлық алдым. Мен үшін Жаңа жылдың жөні бөлек. Маған шырша тойы қатты ұнады. Сыйлықтар да көп болды. Шыршаны ұйымдастырған апа-ағаларға рақмет айтамын.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>