Басты бет » Жаңалықтар » Бас прокурор Хромтауға барды

Бас прокурор Хромтауға барды

Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ Хромтау ауданына іссапармен барды. Жұмыс сапары барысында олар Дөң кен-тау комбинатының кеншілер мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Сондай-ақ, Хромтау тау-кен техникалық колледжінің тыныс-тірлігімен танысты.  

«ЖҰМЫСЫМЫЗДЫҢ  НӘТИЖЕЛІ  БОЛАТЫНЫНА СЕНІМДІМІЗ»

 Кеншілер мәдениет үйінде өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов бастаған, құрамында 200-ден астам білікті маманы бар арнайы топтың біздің облысқа іссапармен келіп, Ақтөбеде бір ай бойы жеті бағыт бойынша жұмыс істегенін тілге тиек етті. Өңір басшысы өз сөзінде Хромтау ауданына баруға еліміздің Бас прокурорының өзі ықыласты болғанын жеткізіп, сөз кезегін Жақып Асановқа берді.

Жиында сөз сөйлеген ҚР Бас прокуроры өңірімізге келген мамандардың бір ай бойы істеген жұмыстары туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Бұл топ жұмысын неліктен Ақтөбе облысынан бастады? Өйткені Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Машбекұлы осы үлкен істі алдымен Ақтөбеден бастау туралы өз ұсыныс айтқан болатын. 7 бағыт бойынша жалпы мынадай жұмыстар жүргізілді: халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, шағын кәсіпкерлікті жаппай дамыту, әлеуметтік проблемаларды шешу, діни ахуалды жақсарту, ақпараттандыру жұмысы, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру. Осы қысқа мерзім ішінде мүмкіндігімізше жүйелі жұмыс жүргізуге тырыстық, — деді Жақып Асанов.

Біздің өңірде 384 ауыл бар. Ақтөбеге келген  білікті мамандар 84 ауылдың әкімі үшін арнайы дәрістер ұйымдастырыпты.

Неге ауыл әкімдері үшін оқу ұйымдастырдық? Өйткені халықтың әл-ауқатының, тұрмыс жағдайының жақсы болуы алдымен сол елді мекенді басқарып отырған басшыға тікелей байланысты. Ауыл әкімдері мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, көмектің бәрін білуі маңызды, — деді Бас прокурор. Оның айтуынша, осы бір айдың ішінде арнайы жұмыс тобы облыстық әкімдікпен бірлесіп, екі жарым мың шара  өткізген.

Сол шараға 140 мың ақтөбелік қамтылды. Бұл — әрбір алтыншы ақтөбелікпен сөйлестік деген сөз. Дәл қазір бұл жұмыстың нәтижесін ешкім білмеуі, сезбеуі  мүмкін. Бірақ уақыт өте келе біздің жұмысымыздың  нәтижелі, табысты  болатынына сенімдіміз, — деді Жақып Асанов.

МҰНАЙҒА БАЙ ЕЛДЕРДІҢ БӘРІ БІРДЕЙ БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІК  КЕШІП ЖАТҚАН ЖОҚ

Жұмыс тобы жұмылып жұмыс  істеген жеті бағыттың бірі — шағын кәсіпкерлікті жаппай дамыту.

Мықты болуды мақсат еткен әрбір мемлекет, ең алдымен,  кәсіпкерлікті дамытуы тиіс. Мемлекет басшысы бұл туралы үнемі айтады. Іс бастағысы келетін, өз кәсібін ашуға ниетті азаматтар үшін мемлекет тарапынан қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Тек ұмтылыс керек.

Елімізде 7 мың ауылдық елді мекен бар. Халық саны аз ауылдарға барып, ешкім де инвестиция салғысы келмейді. Инвестиция салмаса, ауыл қалай көгереді? Ол үшін кәсіпкерлер көп болуы керек.  Олардың көмегімен жаңа жұмыс орындары көбірек ашылса, халықтың да әл-ауқаты арта түседі. Мұны неге айтып отырмын? Былтырғы мәлімет бойынша, елімізде қылмыс жасағандардың 84 пайызы — жұмыссыздар. Мәселе қайда жатыр?

Бас прокурордың орынбасары болып қызмет істеп жүрген кезім. Қызылорда облысында өткен бір жиында бір жас жігіт менен: «Сіз Мәжілістің депутаты болдыңыз. Қазір де лауазымды қызметтесіз. Айтайын дегенім, жетістікке жетудің сыры неде?» деді. Мен оған: «Үлкен жетістікке жетіп, ел игілігі үшін үлкен шаруалар тындырғыңыз келсе, сіз үлгі тұтар адам мен емес, осында Абзал Ералиев деген азамат отыр. Үлгі, өнеге алатын адам сол кісі» дедім. Егер қызметіме лайық жұмыс істемей, қателесіп кетсем, менің қызметтегі тағдырым, 5-ақ минутта шешілуі мүмкін… Меніңше, қазіргі заманның батыры — Абзал Ералиев. Ол кісі 3500 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Бұл  — олардың отбасы мүшелерін қоса санағанда шамамен он мың адамды бір адам асырап отыр деген сөз. Бұл — нағыз ерлік! Қайталап айтамын, кәсіпкерлер қаншалықты көп болса, халықтың тұрмысы да соншалықты жақсара түсетіні, міне, содан, — деді Жақып Асанов.

Әлемдегі 200 мемлекеттің 50 елінде мұнай қоры бар. Солардың ішінде қара алтынның пайдасын көріп отырғандардың саны санаулы-ақ:  Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Катар, Кувейт.

Неліктен? Өйткені бұл елдердің географиялық орналасуының қолайлы болуында, яғни олар ашық теңізге тікелей шыға алатын мүмкіндікке ие.  Сол себепті, бұл мемлекеттерде мұнай тасымалы арзанға түседі. Олардың экономикасы қарқынды дамуының себебі содан.  Ашық теңізден әлдеқайда шет, шалғай жатқан елдерде мұнай саудасының қызуы қашанда қиын. Оның үстіне, мұнай қоры мол елдердің бәрі бірдей берекелі тірлік кешіп жатпағанына  тағы бір мысал келтірейін. Мұнай үшін болған қақтығыстардың салдарынан, халқы ел кезіп, қаңғып жүрген елдер де бар. Бұдан шығатын қорытынды: ел-жұрттың тұрмыстық жағдайының жақсы болуы, тек қана мұнайға тәуелді емес. Халықтың  еңбексүйгіштігіне байланысты, — деді Бас прокурор.

ҚЫЛМЫС АЗАЙДЫ: ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Өз сөзінде Жақып Асанов Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктерінің бірі қылмыстың азайғаны екендігін тілге тиек етті.

—  Дегенмен, ғаламторды ашсаң, теледидарды көрсең, газет-журналдарды оқысаң Қазақстанда қылмыс күрт көбейіп кеткендей көрінеді. Үлкен кісілер: «Бұрын мұндай көп қылмыс болған жоқ. Қазір заман қиындап кетті. Тәртіп жоқ…» дейді. Расында солай ма? Жоқ. Соңғы 20 жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар азайып келе жатыр. Жақында біз Мәскеудегі мұрағаттан біраз құжаттар алдық. Сондағы деректерге мысал келтірейін. 90-жылдары 2500-3000 қасақана кісі өлтіру дерегі тіркелген. Ал қазір кісі өлтіру оқиғалары үш есеге дейін азайды. Былтыр тіркелген кісі өлтіру дерегі —  850. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру 6 мың болса, қазір — 1,5 мың.

90-шы жылдардың қандай қиын болғанын бәріміз жақсы білеміз. «Қазіргі деректі сол бір ауыр жылдармен салыстыру дұрыс емес» дерсіздер. Онда 80-ші жылдардағы жағдайды айтайын. Ол жылдары 1500 кісі өлтіру дерегі тіркелді. Қазіргіден екі есе көп.

1986 жылы Қызылорда қаласында прокурордың көмекшісі болып жұмыс істедім. Аптасына бір рет кезекші боламын. Міндетті түрде суицид тіркеледі, кісі өлімі болады. Бірақ мұның бәрі жұртқа таратылмайтын. Ал қазір әрбір қылмысты жұрт талқылап жатады. Қазір қылмыс саны өршіп тұрғандай көрінуінің себебі, бізде бәрі жария. Кеңес дәуірінде құпия сақталып келді.

Кеңес дәуірінде біздің еліміздің аумағында көптеген колониялар салынды. 1991 жылы Қазақстанда 100 мың адам түрмеде жазасын өтеді.  Сол жылы 100 мың тұрғынға шаққандағы түрмедегілер саны жөнінен Қазақстан әлемде АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында тұрды. Ал қазір 63-орындамыз. Абақтыдағылардың саны — 30200 адам.  Статистикаға күмән келтіретіндер болуы мүмкін. Дегенмен, бұл пікір дұрыс емес. Өйткені 80-жылдары қылмысты тіркемеген қызметкерге сөгіс берілетін, ал қазір қылмысты жасырса, өзі жауапқа тартылады.

САУАЛДАР МЕН ЖАУАПТАР

Кездесу барысында жиынға қатысушылар еліміздің Бас прокурорына түрлі сауалдар қойды. Дөң кен байыту комбинатының өкілі шахтада жұмыс істеудің өте ауыр екендігін, сол себепті онда жасы үлкен адамдардың еңбек етуі қиындығын айтып, бұл салада жұмыс істейтіндердің зейнетке шығу жасын қысқарту туралы мәселе көтерді. Өз сөзінде Жақып Асанов қазір тек қана біздің елімізде емес, көптеген елдерде зейнетке шығу жасы ұлғайғанын, кейбір елдердің бұл мәселені қайта қарап, зейнет жасын ұлғайтуды талқылап жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол кәсіпорын өкілінің көтерген мәселесін құзырлы орган өкілдеріне арнайы тапсырма беріп, жан-жақты тексертіп, нақты жауап беретінін айтты.

Жиында ауыл ақсақалы қалада қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау камерасының  көмегі көптігін айтып, моноқала саналатын Хромтауда мұндай құрылғының аздығын жеткізді. Бас прокурор қылмыстың алдын алуда, қылмыстың ізін суытпай ашуда бейнебақылау камерасының пайдасы зор екендігін, бұл қондырғылар қазір қымбат болғанмен, жақын болашақта қолжетімді болатынын айтты.

Жиын барысында Бас прокурорға жастардың ипотекалық несиелеу арқылы баспана алуы үшін несиелендіруге тиімді тәсілдер енгізу туралы, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесие беруде жеңілдіктер қарастырылуы керектігі жөнінде сауалдар қойылды.

Басқосуды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев түйіндеп, еліміздің Бас прокуроры Жақып Асановқа мазмұнды әңгімесі үшін ризашылығын білдірді.

P.S.

Кездесуден соң ҚР Бас прокуроры мен облыс әкімі бастаған топ дуальды  білім беру жүйесі енгізілген Хромтау тау-кен техникалық колледжінің тіршілігімен танысып, ондағы батыс өңіріндегі колледждерде баламасы жоқ оқу шахтасын аралап көрді.

Қазір бұл оқу орнында  900-ге жуық оқушы білім алады. Оның 600-ге жуығы күндізгі оқу бөлімінде оқиды. Түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші — 96-97 пайыз.  

Жақып Асанов колледж оқушыларына аталған оқу орнының еліміздегі ең таңдаулы, үздік оқу орындарының бірі екендігін айта келіп, осындай сапалы білім беретін колледжде оқитындарын мақтан тұтуға шақырды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>