Басты бет » Жаңалықтар » Балалар арасында тіс ауруы көп

Балалар арасында тіс ауруы көп

Форум

 Бүгінгі таңда  балалар арасында тіс ауруы көп. Республика бойынша балалардың 25 пайызының ғана тісі сау. Тіс ауруының алдын алу, емдеу және маман даярлау ісінде әлі де кемшілік көп. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті А. Досжанова атындағы конференция залында өткен «Алдын алу стоматологиясының мәселелері, стоматологияда стандарттау қырларын оңтайландыру» атты  ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумда осы және өзге де мәселелер сөз болды. Форумға еліміздің әр аймағынан және Ресейден стоматолог мамандар қатысты.

Шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов облыс медицинасының жетістіктерін баяндады. Медициналық кластер құру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Халық денсаулығын жақсарту мақсатында өңірде ірі жобалар қолға алынды.  Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында жедел жәрдем ауруханасы салынып жатыр. Жақында офтальмологиялық клиниканың құрылысы басталды. Алдағы уақытта қалалық балалар стоматологиялық емханасын салу жоспарланып отыр. Біздің мақсатымыз — азаматтардың өз денсаулығы үшін жауапкершілікті қалыптастыру, қоғам денсаулығын түбегейлі өзгерту, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ жиында  облыстың стоматология саласына сіңірген еңбегі  үшін бірқатар ардагер дәрігерлер «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» белгісі және Алғыс хаттармен марапатталды.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас стоматологі, медицина ғылымының докторы, Қазақстан стоматологтарының бірыңғай ассоциациясының президенті Сәуле Есембаева стоматология саласындағы өзекті мәселелерді қозғады. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасындағы тіс ауруының алдын алу жұмыстарындағы кемшіліктерді баяндады. Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда балалардың көпшілігі тіс жегісі және пародонтит ауруына шалдыққан. Өткен жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде республикада балалардың 25 пайызының ғана тісі сау, ал қалған пайызында түрлі тіс ауруы кездеседі.

Бұл — өте қауіпті көрсеткіш.  Егер мемлекет  тарапынан шара қолданылмаса, бала денсаулығына қатысты мәселелер күрделене түспек.  Бұл жолғы  басқосудың мақсаты да — осы, яғни «Облыс аймағында стоматологиялық аурулардың алдын алу» бағдарламасын қабылдау. Бағдарлама туралы бұған дейінгі кездесулерде талқыланды. Басты мақсаты — 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында тіс ауруының алдын алу, тіс саулығын сақтау.  Мәселен, ата-аналар тіс жегісіне мән бермейді. Тіс жегісі түскен сүт тістер түсіп қалса, кейін орнына жаңа тістер шығып, бұл мәселе сонымен шешіледі деп ойлайды. Бұл — қате пікір. Егер тіс жегінің алдын алмаса,  кейін шығатын тістерге де әсер етіп, қайта пайда болуына әкеледі. Жалпы тіс жегісі мен тіс аурулары — түрлі инфекциялық аурулардың көзі. Бала жүрек қан-тамыр, асқазан ауруларына шалдығуы мүмкін. Ерте жастан тіс жегісі пайда болса, бала ержеткен кезде де тістері сау болмайды. Тіпті тісінің қисық бітіп немесе өзге де ауруларға шалдығуы баланың түбегейлі өміріне әсер етуі мүмкін. Олар өзін ортада жайсыз сезінеді, еркін күліп жүре алмайды. Сондықтан аналар жүктілікті жоспарламас бұрын тісін емдетіп алғаны жөн. Біздің елде жүкті аналар мен 18 жасқа дейінгі балалардың тісін емдету тегін, — деді Сәуле Есембаева.

Сондай-ақ Сәуле Есембаева  стоматологиядағы стандарттау жүйесінің дамуы, нормотивтік-құқықтық мәселелер, клиникалық хаттамалар, стоматологиядағы көмек көрсету стандарттары, мамандардың біліктілігін көтеру секілді мәселелерді ортаға салды. Сонымен бірге оларды аттестациядан өткізу және сертификат беруге қатысты да проблемаға тоқталды.

Жиында Қазақстан стоматологтары ассоциациясының президенті А.Байғұлақов Бүкіләлемдік стоматология федерациясының бас ассамблеясында қабылданған жобалармен таныстырды. «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Қауышева «Денсаулық сақтаудың заманауи жүйесін дамытуда  палата мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас стоматологі Н.Жиенғазы аймақтың стоматологиялық қызметін дамытуға қатысты бағдарламамен таныстырды. Сондай-ақ жиында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы И.Павлов атындағы мемлекеттік медицина университетінен келген стоматолог дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Форумның екінші кезеңі түстен кейін жалғасты. И.Павлов атындағы мемлекеттік медицина университетінің  академигі Ирина Кобиясова лекция оқыды. «Opalescencebost» жүйесін қолдану арқылы шамсыз бейондпен ағарту» тақырыбында ресейлік ғалым А. Акулович тәжірибелік сабағын өткізді. Жалпы екі күнге созылған форумда стоматология мәселелері жан-жақты сөз болды. Оның ішінде жаңа технологияны енгізу арқылы тіс аруының алдын алу, емдеу  жолдары айтылды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>