Басты бет » Жаңалықтар » Берген уәде орындалуы тиіс!

Берген уәде орындалуы тиіс!

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жер қойнауын пайдаланушылардан келісімшарттық міндеттемелерін орындауды талап етті.

Облыстық әкімдікте, энергетика вице-министрі Әсет Мағауов пен және даму инвестициялар жөніндегі вице-министр Тимур Тоқтабаевтың, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің, өзге де ведомстволар өкілдерінің  қатысуымен өткен кеңесте, жер қойнауын пайдалану салаларының өзекті мәселелері талқыланды.

Осы ретте айта кету керек, бұған дейін үстіміздегі жылдың ақпан айында Ақтөбеде осындай кеңес өткен болатын. Оның қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен арадағы 8 келісімшарт бұзылып және бір келісімшартты бұзу қаралуда.

— Бұл салалық министрліктермен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың арқасында оң нәтиже берді деп есептеймін. Біз  жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін орындауларын  бұдан әрі де қатаң бақылайтын боламыз, — деп атап көрсетті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бүгінгі таңда аймақта 108 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Оның ішінде 27 компания көмірсутекті шикізатын өндіреді. Облыс әкімі бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, мұнай-газ компанияларының қаржылық міндеттемелерін 127,6 млрд теңгеге орындағанын хабарлады. Бұл жылдық жоспардың 49 пайызын құрайды. Осы ретте, 11 кәсіпорын қаржылық міндеттеме бойынша жылдық жоспарды, 13 компания инвестиция жөніндегі жоспарды, ал «Сағыз Петролеум» ЖШС, «Каспий Мұнай ТМЕ» АҚ, «Лайнс Джамп» ЖШС қара алтын өндірудің жоспарын орындаудың 30 пайыздық деңгейінен де шыға алмады. Есепті кезеңде аймақта барлығы 3196 мың тонна мұнай өндірілді, бұл ағымдағы жылға жоспарланған көлемнің 52 пайызы.

Сондай-ақ облыс әкімі бірінші жартыжылдықта қатты пайдалы қазбалар өндіру жөніндегі жоспардың 36 пайызға ғана орындалғанын жеткізді. Мұнда да қаржылық міндеттемелері мен инвестиция жөніндегі жоспарларын 30 пайыздан ғана орындаған компаниялар бар.

Тұтастай алғанда, жер қойнауын пайдаланушылар 2016 жылы 3,2 млрд теңге әлеуметтік аударылымдар қарастыруға міндеттеніп, одан бюджетке 50 пайыз аударылған.

Бұл ретте, 6 компания — «Аман Мұнай», «Фирма Ада», «Geoguide», «AOC Traide Group», «Лайнс Джамп», «Манаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 2015 жылғы әлеуметтік міндеттемелерін 1,5 млрд теңгеге орындамай тастады. Әлеуметтік міндеттемелер бойынша қатты пайдалы қазбалар өндірумен шұғылданатын жер қойнауын пайдаланушылардың өткен жылғы жалпы қарызы 154,2 млн теңгеге жетіп жығылады. Мұның үлкен бөлігі — 145,6 млн теңгесі  «ҚазКупер» ЖШС үлесіне тиесілі.

Облыс әкімі бекітілген келісімшарттарды орындаудың қажеттігін компания басшыларының естеріне салумен болды.

— Ешкім күштеп таңған жоқ, бұл міндеттемелерді өз еріктеріңізбен алдыңыздар. Шартты бекіткен кезде, миллиардтаған қаржы инвестиция, сонша әлеуметтік қажеттіліктерге қаржы саламыз деп уәде бердіңіздер. Демек, сол сөздеріңізде тұрыңыздар. Шарттық міндеттемелер сөз жоқ, орындалуға тиіс — деп түйді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы жер қойнауын пайдаланушылардың шикізат өңдеу, оның ішінде темір кенін, алтын мен газды өңдеу, қазақстандық үлес проблемалық мәселелері бойынша уәделерінің де құрғақ сөз күйінде қалғанына да назар аударды.  Бірқатар компаниялар облыстық әкімдікпен бекітілген әріптестік келісімшарттарын орындамады.

Келісімшарттық міндеттемелерді орындамау салдарының ауыр болатынын энергетика вице-министрі Әсет Мағауов та нақтылап айтты.

— Келісімшарттық міндеттемелерді бұзу бойынша министрлік Ақтөбе облысында жұмыс жасайтын 20 компанияға хабарлама жіберді. Егер де бұл ескертулерге тиісінше көңіл бөлінбейтін болса, министрлік келісімшартты мерзімінен бұзуға құқылы. Сондай-ақ қаржылық міндеттемесін соңғы екі жыл бойы 30 пайыздан кем орындаған болса, министрлік келісімшартты бұзуы мүмкін, — деп ескертті вице-министр.

Жиналыстың барысында жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан келісімшарттардың орындалуын бақылау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Мұнан өзге де орталық мемлекеттік органдардың тарапынан қолдауды қажет ететін бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Соның бірі — жер қойнауын пайдаланушы компанияның өндірістік қызмет жүргізетін аумақта тіркелу мәселесі болды.

— Әрбір аймақ бюджеттің табыс бөлігін толтыруға мүдделі. Біз де барлық резервтерді пайдалануға тырысамыз. Салық салу базасын кеңейту мақсатында, Ақтөбе облысында барлау және өндіру жүргізетін, бірақ өзге аймақтарға тіркелген 17 компанияның, мұнда тіркелуі не филиалдары мен өкілдіктерін ашу ұсынылды. Бүгінгі күні 5 компания бас тартты. Алайда алда бұл мәселеге оралу белгіленіп отыр. Осы мәселе бойынша министрліктің қолдауы қажет, — деді облыс әкімі.

Осы жерде, және даму инвестициялар жөніндегі вице-министр Тимур Тоқтабаев Ақтөбе облысының жер қойнауы байлығы жөнінен еліміздегі ерекше аймақ екенін атап көрсетті. Сондықтан жаңа кен көздерін іздестірудің, барлаудың маңыздылығын алға тартты.

— Қазіргі кезде геологиялық барлау мәселелері айрықша өзекті. Ол бойынша түрлі бағыттар қарастырылуда. Мәселен, «Росгеология» Ресейдің бізбен шекаралас облыстарын зерттеуді жоспарлауда. Осы жағдайда біз олармен Ақтөбе облысында аэрогеологиялық түсірілім бойынша зерттеу жүргізуге келісім жасауға мүмкіндігіміз бар. Ал бұл жерасты қазба байлығын болжамдауды кеңейтуге жағдай жасайды, — деді вице-министр.

Облыс әкімі бұл ұсынысты қолдап, аймақтың бұған және  Сауд Арабиясының  геологиялық барлау жұмыстары үшін 50 млн доллар бөлген келісімшартын жүзеге асыруға байланысты «Қазгеология» ұлттық компаниясының жобаларына белсене қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.   

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>