Басты бет » Мереке » 50 ЖЫЛДАН СОҢ КЕЗДЕСТІ

50 ЖЫЛДАН СОҢ КЕЗДЕСТІ

Түлектер

Жер аяғы кеңіген жаздың жайма шуақ күнінде ұйымдастырылған жылы жүздесулердің бірі — Қарабұтақ ауылындағы Қарабұтақ орта мектебін 1965-1966 оқу жылында тәмамдаған түлектердің 50 жылдан соңғы кездесуі болды.

— Сол жылдары Қарабұтақ орта мектебі ауыл шетіндегі жергілікті тұрғындар арасында «Төрт үй» аталып кеткен жерде орналасты. Біз 1965-1966 оқу жылы сол кездегі орта білім беру реформасына байланысты Қарабұтақтың өзінде 10-11 қазақ-орыс класын бітірген 6 класс қатар түлеп ұштық. Осындай түлектер Қазақстанның барлық түкпірінен тарағандықтан,  ол жылдары жоғары оқу орындарына бірден қол жеткізе қою мүмкін емес-ті. Дегенмен, кластастарымыздың бәрі арнаулы орта, жоғарғы білім алып, барлығы дерлік өмірде өз орнын тауып, таңдаған мамандықты игеріп, қоғамның түрлі саласында абыройлы еңбек еткен азамат-азаматшалар, — дейді елу жылдан соң кластастардың кездесуін ұйымдастыруға ұйытқы боп, жүгіріп жүрген жеке кәсіпкер Айымгүл Аймағанбет.

Ақтөбе қаласындағы 12-шағын аудандағы «Нұр дана» мейрамханасында өткен кездесуге осыдан жарты ғасыр бұрын Қарабұтақ орта мектебінен түлеп ұшқан қыз-жігіттер келді. Кластастар бір-бірімен құшақтасып, қауқылдасып, қалжыңдасып жатты. Амандық-саулық сұрасқан жетпісті алқымдап қалған ата-әжелердің дені балалары мен немерелерінің қамын ойлап, ауылдан қалаға қоныс аударып үлгеріпті. Кездесуге Ресейден Құттыбай Еңсегенов зайыбы Айсұлумен, Тараздан Бекмұрат Қуанышов зайыбы Розамен бірге арнайы келіп қатысып, кластастарымен жүздесіп, бір жасап қалды.

Кеш басында түлектер бір минут үнсіздікпен о дүниелік боп кеткен Қален Тнаев, Қази Өсербаев, Өтеғұл Өмірбаев, Базарбай Ахетов, Кеңес Маханбетияров, Гүлсара Борсайқызы, Мұқанбетқали Мұқанов, т.б. кластастарын еске алып, құран бағыштады. Марқұмдардың артында қалған ұрпақтарына ізгі тілектер айтылды.

Одан соң түлектер «ғалым да, шахтер де бас иетін» ұлағатты ұстаздарын шәкірттік сезіммен еске алды. О.Дайрабаев, Қ.Арызов, Р.Айпейісов, Қ.Жұмағалиев, Т.Күнтуов, Б.Бекмұратов, Ш.Мофиқов, Ф.Сражатдинова, Ф.Кутуева, Ж.Меңдібаев, Ә.Рахметуллина, Л.Хаирова, А.Дүйсіова, Жалдыбаева секілді ұстаздары туралы естеліктер айтып, әңгімелеп отырды.

Алтын ұядан жарты ғасыр бұрын түлеп ұшқан түлектердің әрқайсысы — әр түрлі мамандықты игеріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өз ортасында абыройға ие болған еңбек ардагерлері. Олардың арасында саналы ғұмырын ел балаларының сапалы білім, саналы тәрбие алуына арнаған «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» А.Алмағанбетова, сондай-ақ, оқушылардың алғысына бөленген  Р.Жұмағұлова, Ә.Бәйімбетов, Ә.Райымбаева, т.б. болса, медицина саласында медбикелікті адал атқарған Р.Алдасүгір мен Ж.Рашитова бар. Ал А.Елемесовті ауыл шаруашылығы техникасының тоқтаусыз жұмыс істеуіне үш бірдей техникалық жаңалық енгізген өз ісінің нағыз шебері деп біледі жұрт. Қ.Еңсегенов кәсіпкерлікті дер кезінде қолға алып, ел қатарлы нәтижесін көріп отырса, Б.Қуанышов «Экология үздігі» атанып, қазіргі күнге дейін осы салаға өз үлесін қосып келе жатқан жанашыр азамат. Ал Арыстанбек Исмайлов, Алдан Ағыбаев, Лиас Жалмағанбетов, Байсадақ Жұмамұратов, Сламғали Сахиев, Хамитқали Қуатов секілді бірқатар азаматтар — әр салада басшылық қызметтер атқарып, облысымыздың саяси-экономикалық дамуына өз үлесін қосқандар. Түлектердің дені кең байтақ еліміздің іргесі — ауылды көркейтіп, туған жерді өркендетуге атсалысты. Бұл қатарда Дәмелі Абдуллина, Қаламқас Төлегенова, Бақыт Мақшатова, Раушан Рашитова, Қанзила Смағұлова,  Жұмаш Смағұлова,  Клара Ұлықпанова, т.б. бар. Олардың барлығы дерлік абыройлы еңбектерімен қатар, көпшілігі отбасыларында бес-жеті баладан өсіріп, Қазақстанның демографиясын көтеруге үлес қосты.

Осы жылғы түлектердің ең белсендісі — Айымгүл Аймағанбет. Ол еліміздегі нарықтық экономиканың тұсында алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлікті қолға алып, 30 жылдан астам уақыт бойы ғылыми-техникалық ақпарат орталығында сүбелі еңбек етіп келеді. Түлектердің басын қосуға, 45 жылдық және 50 жылдық кездесулердің өтуіне бірден-бір себепші болып жүрген де — Айымгүл Айжарыққызы. Айтпақшы, ол түлектердің өмірінен сыр шертетін «50 жылдық белесті бағындырған түлектер» атты шағын жинақ құрастырып, өзі басқарып отырған «Көкжиек» баспасынан жарыққа шығарды. Оған қоса, әр кластасына арнап, осы кештен естелік болсын деген ниетпен «Алғыс хат» әзірлепті. Баспа материалдары елу жылдық кездесуге келген түлектердің әрқайсысына тарту етілді. Осындай есте қаларлық сәттерге толы кездесу кеші алды жетпісті алқымдаған ата-әжелерді бір сәт жастық шаққа оралтты, кластастар өзара қалжыңдасып, мәре-сәре болды.

Түлектер ауылда тұратын кластастары арқылы өздері оқыған мектепке шауып бара жатқан тұлпарлар бейнеленген картина мен өздері туралы «50 жылдық белесті бағындырған түлектер» атты кітапты беріп жіберді.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>