Басты бет » Мереке » ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖҮЗДЕСУ

ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖҮЗДЕСУ

Ырғыз ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті 1966 жылы бітірген түлектер арада тура 50 жыл өткен соң қайта қауышып, оралмас шақтарды еске алды.

Осыдан жарты ғасыр бұрын аталған білім ордасын 70-ке жуық қыз-жігіт бітіріп шыққан болатын. Міне, сол кездегі сыныптастар бір-бірін ұмытпай, мектеп бітіргеніне 25, 45, енді 50 жыл толғанда кездесіп, өзара мәре-сәре болды. Онысы түсінікті де, жалындаған жастық шақ, албырт кезең кім-кімнің де көңілінде мәңгі сақталары сөзсіз. Бұл жолы кластастармен жүздесуге 40-қа жуық ырғыздық жиналды. Қалғаны…өзгелердің көз алдында сол жігіт-бойжеткен күйінде, өмірден өтерінен бұрынғы бейнесімен сақталары хақ.

— Аудан орталығындағы жалғыз орта мектеп директоры ұстаздық терең білімімен, азаматтық болмысымен терең із қалдырған Итемген Байманов еді. Сынып жетекшілеріміз Қасымхан Қызбергенов, Лиза Қожабаеваларды да ешқашан ұмытпаймыз. Көзі тірі ұстаздарымыз — Лида мен Күләш апайларымызды көргенде шәкірт ретінде бұрынғыдай балаша именіп тұрамыз. 

Ол кездегі ұстаздар өздерінің барлық күш-жігерін, білімін шәкірттеріне  дарытуға құштар еді. Сол қымбатты ұстаздардың еңбегінің нәтижесі шығар, мектеп бітірген 70-ке жуық түлектің 20-сы жоғары, 28-і арнаулы орта оқу орындарын абыроймен бітіріп, ел экономикасын дамытуға өзіндік үлес қосты. Өндіріс, ауылшаруашылық, басқа да әлеуметтік салаларда еңбек етті. Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер бар.

Сол кездегі партадан басталған балалық махаббатты үлкен өмірде жалғастырған біздің «Қозы мен Баяндарымыз» да баршылық. Олар — Бақытжан-Ермек, Қартаңбай-Күләш, Жеткерген-Орынгүл, Жаку-Ақан, Кенжебай-Рая. Бұл кісілерді біздің мақтаныштарымыз десек, артық айтқандық болмас, — дейді Жансерік Танқаев.

Жансерік ағайдың өзі өмір бойы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп, құрметті демалысқа шыққан ақсақал. Бүгінде 7 баладан 11 немере сүйіп отырған ол сыныптастарын ұмытпай, осынау қуанышты оқиғаның газет бетіне шыққанын қалап, редакцияға арнайы келген-ді. Сыныптастарының ұйымшыл екенін айтқан Жансерік аға бұған дейін де осылай жиналғанын айтты:

— Әртүрлі кәсіпте шаруаларын дөңгелете білген сыныптастарымыз — Бақытжан, Мәлік, Мәшруп, Лиза, Ақжарқын, Тиышбай болса, мемлекеттік қызметкерлер — Самат, Жеткерген, Жәку, Сырға, Әлібектер көпке үлгі, елге сыйлы жандар. Ал ұстаздық еткен Ермек, Гүлжаһан, Қуандық, Катюша, Шәкизадтар — талай шәкіртті тәрбиелеген аяулы адамдар. Кешегі өжет, қара қыз Ақжарқын бүгінде халыққа қызмет көрсету мақсатында 20-ға жуық автокөлікті алып, «Ырғыз-Ақтөбе» бағытында такси қызметін жолға қойып отырған іскер сыныптасымыз, — дейді ол.

Қаланың көрікті жерлерін аралап, табиғат аясында сейіл құрғандардың тағы біреуі — Самат Ержанов былай деп естелігімен бөлісті:

— 1966 жылы Ырғыз қазақ орта мектебін, ұмытпасам, 68 бала бітіргенбіз. Аттестат алғаннан кейін өмірдің сан тарау жолы әрқайсысымызды әр жаққа алып кетті. Көпшілігіміз оқуға түсіп, әр қаладан білім алдық. Ұлдар үйленді, қыздар тұрмыс құрды. Қызмет, қала берді күнделікті тіршілік қамымен жүріп, көпшілігіміз бір-бірімізбен ұзақ жылдар бойы араласа алмадық.

Бала кезден бірге өсіп, бірге оқыған достардың мектептен кейінгі басқосуы 25 жылдан кейін, 1991 жылы өткен еді. Ол кезде біздің бітірген мектебіміз бұзылған, жанындағы бастауыш кластар оқыған екінші мектепте болып, кластастарымызды көрдік, партаға отырып, апайларымыз «сабақ» өткізді.

Ұстаздарымызбен, көп жылдан бері кездеспеген достармен қауышып, мәре-сәре болғанбыз. Өмірден ертерек кеткен кластастарымызды еске алып, рухтарына құран бағыштадық. Ескерткіш суретке түстік. 

Содан кейін 2011 жылы тағы да Ырғызда бас қосып, мектеп бітіргеніміздің 45 жылдығын атап өттік. Сол жолы 50 жылдықты Ақтөбеде өткізуге келіскен едік. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген, міне, тағы да кездесіп жатырмыз. Әрине, сынаптай жылжығын жылдар өз ізін қалдырады ғой, баяғы өрімдей жастар үлкейген, мойылдай қара шаштарын қылау шалып, беттерін әжім өрнектеген, бүгінде немере жетектеген ата-әжелер. Ең өкініштісі — қатарымыз сиреп қалыпты, ағайларымыз түгел өмірден өткен, ортамызда Жаңылма, Күләш апайлар ғана.

Мектеп бітіргеніміздің 25 жылдығын атап өтіп, осы бір жақсы дәстүрді Ырғыз мектебіне алғаш енгізген біз едік, міне, 50 жылдықты да бірінші рет біз атап өтіп отырмыз. Амандық болса, 60 жылдықта Ырғызда бас қосуға ұйғарым жасадық. Сол күнге аман-есен жетуге жазсын.

…Иә, уақыт өз дегенін алса да, кейіпкерлеріміздің көңілі жас. Олар келер күнінің бұдан да жарқын болатынына бек сенеді. Лайым, солай болғай.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>