Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеде 100-ге жеткен 24 қарт бар, оның 20-сы — әжелер

Ақтөбеде 100-ге жеткен 24 қарт бар, оның 20-сы — әжелер

Өмірдің талай соқпағын басынан өткерсе де қажымай, Алла берген денсаулықтың арқасында ғасыр жасаған кейуаналарды көктем мерекесі — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, баталарын алуды жөн көрдік.

 

 

 

Жүзінші көктем

Ақтөбелік Әсия Сарина биыл 100-інші көктемін қарсы алып отыр. Төрт баладан тараған 16 немере, 23 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отырған кейуана әлі күнге дейін өз талғамымен киім тіктіріп киеді.
— Қазіргінің қариялары дүкеннен киінгенді тәуір көреді. Бір жағынан тапсырыспен тігілген киім қымбатқа түседі. Алайда біздің «әжеміз» арнайы тігілген көйлектерді ұнатады. Және үлгісін өзі айтып, көрсетеді. Сырт адамдар жүзге келген кісіге сәндіктің не қажеті бар деп ойлайтын болар, алайда біздің әулеттің барлық мүшесі әжеміздің талғампаздығына үнемі сүйсініп отырады, — дейді қызы Сағира.
Әсия Сарина ұзақ жылдар бойы Мұғалжар ауданының Ембі стансасында теміржолда жұмыс жасапты. Құдай қосқан жары Әбілқайыр әскерге алынып, Абдулино қаласында оқу-жаттығу дайындығынан өтіп, 1942 жылы майданға аттанған. 1943 жылы «Қатты жараланып, госпитальге түсті» деген хабар келген. Ал соғыстың соңғы көктемінде елге қара қағаз жетіп, Әсия әже екі баламен жесір қалған. Үлкені Қонысбай ол кезде он жаста, қызы Майра екі жаста болыпты.
— Соғыс жылдары қара жұмысқа жегіліп, еңбек еттік. Ол кезде бар салмақ әйелдер мен балаларға түсті. Күні-түні шөп шауып, сиыр саудық. Сүттен әртүрлі тағамдар жасап, емдік шөптер тердік. Майдандағы азаматтарға жүннен шұлық, қолғап тоқыдық. Таң атысымен беліміз бүгіліп, аш құрсау мал ұстайтын қораларды тазарттық, — дейді кейуана.
1946 жылы Әсия әже марқұм болған жары Әбілқайырдың немере ағасы Төлеубаймен әмеңгерлік салты бойынша бас қосады. Арада үш-төрт жыл өткен соң Ембі қаласына қоныс аударып, сол жерде екі қызы — Дариға мен Сағира дүниеге келеді. Отағасы Төлеубай қырық жылға жуық уақыт Ембі қаласының сумен жабдықтау мекемесінде қызмет етеді. 1987 жылы ұзақ уақыт сырқаттанып, өмірден өтеді.
— Дариға да, мен де анамызды әу бастан «әже» деп кеттік. Әлі күнге дейін солай атаймыз. Аллаға шүкір, биыл анамыз желтоқсан айында 101-ге келеді. Өзінің айтуынша, негізі күз айында туған екен. Алайда төлқұжаты бойынша жыл сайын желтоқсанда туған күнін атап өтеміз, — дейді Сағира Боранбаева.
Оның айтуынша, Әсия әженің қайын атасы (Әбілқайырдың әкесі) дін жолын ұстанған молда болған кісі екен. Сондықтан кейуана осы уақытқа дейін тақуалықты жанына серік етіп келген. Одан бөлек, өмір бойы тігіншілікпен айналысқан. Алған білімі болмаса да, әлі күнге дейін ескі қисса-дастандарды, «Ер Төстік» ертегісін, «Қобыланды», «Қыз Жібек» жырларынан үзінділерді жатқа оқиды. Есте сақтау қабілеті жоғары.
— Әжеміз тазалықты ұнатады, асты аз-аздан мөлшерлеп ішеді. Үй ішінде сәнді киініп, өзін сергек ұстауға тырысады. Көзінің аздап көрмейтіндігі болмаса, денсаулығы бірқалыпты. Келіндеріне үнемі талап қояды, — дейді қызы Сағира (күліп).
Отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы болып отырған Әсия әже 8 наурыз мерекесінде барлық отбасы мүшелерін жинағанды жақсы көреді. Шөбере-шөпшектерін қасына жинап алып, зейнетақысынан жырып, тиын-тебен ұстатады. Бір айта кетерлігі, осы жасқа келгенше кейуана айына 26 мың зейнетақы алып келіпті. «Неге аз?» деп сұрағанымызда, қызы Сағира үкіметтен ешқандай көмек жоқ екенін жеткізді.
Әсия әже қазір немерелері Асылбек пен Жақсыбектің қолында тұрып жатыр. Жүз жасаған кейуананың батасын алуға келетіндер де аз емес. Әңгіме соңында әже бізге де ақ батасын беріп, «Еліміз аман, халқымыз тыныш, іргеміз мықты болсын!» деп тілегін білдірді.

 

Рахи әженің әні

Ақтөбе қаласының тұрғыны, ғасыр жасаған кейуана Рахи Нұрманова — көктем мерекесін ерекше күтетіндердің бірі. Ол бұл күні барлық балаларын кең дастарқан басына жинайды. Биыл Рахи әже 101 жасқа толды.
Қарияны әңгімеге тартпақ болып едік, сәл мазасызданып отыр екен. Бізді айналып-толғанып батасын берді. Одан кейінгі әңгімені қолындағы келіні Бақтыгүл жалғастырып әкетті.
Бақтыгүл апаның айтуынша, Рахи әже өмірінің көп бөлігін киелі Ырғыз жерінде өткізген. Ұжымшарда еңбек етіп, туған жерінің өркендеп, өсуіне үлес қосқан. Ер мінезімен, жомарттығымен ел аузында жүріп, көпке шерепеті тиген. Байдың қызы болса да қаршадайынан еңбекке ерте араласқан. Отағасы Оспанмен соғыстан кейінгі жылдары көңіл қосып, шаңырақ көтерген. Бүгінде сол 5 баладан өрген 19 немере, 40 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отырған ғасыр құрдасы әлі күнге дейін есінде қалған оқиғаларды тізбектеп айтып береді.
— Анамыз: «Соғыс жылдары елдегі беткеұстар, жұмысқа жарамды азаматтардың бәрі Отанды қорғау үшін соғысқа аттанғанда, ауылдағы барлық бейнет біз секілді қыз-келіншектер мен жасы ұлғайған кісілердің мойнына жүктелді. Таңның атысынан күннің батысына шейін ер-азаматтарша белді бекем буып, шаруашылықтың қайнаған ортасында жүруге тура келді. Балалар мен әйелдер еңбекпен шыңдалды. Уақытпен санасу дегенді білгеніміз жоқ. Жыл он екі ай барлық жұмыстарға белсене араласып отырдық. Маңдайдан тер, көзден жас ақса да, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, күн қатып, түн қатып сарыла еңбек еттік», — деп бізге соғыс жылдары көрген қиындықтарын айтып, енді сондай қиыншылық болашақ ұрпақтың басынан өтпеуін әрдайым тілеп отырады, — дейді Бақтыгүл.
Саналы ғұмырында шаңырағын шайқалтпай, атадан қалған қарашаңырақтың отын сөндірмей, бар баласына қамқор бола білген аяулы ана бүгінде зор құрметке ие. Қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген Рахи әже Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен. Бүгінгі күні елеусіз қалғаны болмаса, еңбек ардагері әлі күнге дейін тылдағы қиындықтарын еске түсірсе, көзіне жас алады.
Қимылы ширақ, әңгімешіл ғасыр иесі әлі күнге дейін «Қазақстан әйелдері» журналын сүйіп оқиды екен. Сондай-ақ, үйде отырып қазақтың термелерін, дәстүрлі әндерін айтады.
— Әжеміз «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің қайтыс болып, Сансызбайға әмеңгерлікпен кетіп бара жатқандағы Жібектің айтқан зарлы өлеңін әнге салып айтқанда еріксіз көзіңе жас аласың. Жасы жүзге келсе де анамыздың даусы керемет. Ән салғанда құйқылжытып, ерекше мәнермен орындайды. «Әркімге біткен бір өнер» демекші, анамыздың ән айту қабілеті ерекше, — дейді Бақтыгүл апа.
Оның айтуынша, қазір аздап сырқаттанғаны болмаса, әженің өзі тың, сөзі ширақ, ойы жинақы. Үй ішінде емін-еркін жүріп, тұрады. Тамаққа тәбеті жақсы. Мінезі бірбеткей, шыншыл. Соның арқасында өзінің бар айтқанын жасатып, немере-шөберелеріне үнемі бұйрық беріп отырады.
— Қариялар қай шаңырақтың да ырыс-берекесі, алтын қазынасы ғой. Ғасырдан асып отырған анамыз біздің шаңырағымыздың ажары. Сондықтан да болар, көп жылдар бойы бір сөзге келмей, бір үйде жарасымды өмір кешіп жатырмыз. Оның үстіне, апамыз көпті көрген, жақсы мен жаманның парқын білетін алтын адам. Оны мен енем емес, анам деп есептеймін. Қазір менің үйімнің берекесі де, ақылшысы да сол кісі, – дейді келіні ағынан жарылып.
Рахи әженің ұзақ жасауының себебін сұрағанымызда, балалары оның үнемі «Жақсы өмір сүріп, ұзақ жасағың келсе, барлық адаммен тату бол. Кең бол!» деп ақыл-кеңес айтып отыратынын жеткізді. Шындығында, бұл — бәрімізге керек-ақ қасиет. Осы тұста ғасыр жасаған әженің кеңесі көпке үлгі болары сөзсіз.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>