Басты бет » Денсаулық » Әр мекеме салауатты өмір сүруді насихаттауға міндетті

Әр мекеме салауатты өмір сүруді насихаттауға міндетті

Бүгінде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл салаға бөлінетін қаражат та жыл санап көбеюде. Мәселен, 2003 жылы облыста денсаулық сақтау саласы үшін бюджеттен бар-жоғы 4 миллиард теңге бөлінсе, бұл көрсеткіш биыл 16 миллиардқа жетті. Десек те денсаулық сақтау саласында орын алып жатқан кемшіліктер де жоқ емес. Осы және өзге де мәселелер жөнінде біз облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім бастығы Ізбасқан Аймағанбетовті әңгімеге тартқан едік.

– Соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Дәрігерлердің де еңбекақысы едәуір өсті. Десек те дәрігерлік көмек көрсету ісі қаншалықты деңгейде?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 аурухана, 100 мектеп» салу туралы тапсырмасы облыста жоғары деңгейде орындалып жатыр. Осы бағдарлама аясында соңғы жылдары Ойылда, Шалқарда, Байғанинде аудандық ауруханалар салынып, қазіргі күні халық бұл ауруханалардың игілігін көріп отыр. Жаңа нысандардың барлығы талапқа сәйкес келеді.  Өздеріңіз білесіздер, тоқырау уақытында аудандардың жартысында туберкулезге қарсы күрес диспансерлері жабылып қалды. Қазіргі күні бұл іс те қайта жанданып жатыр. Соңғы екі жылдың өзінде облыста 4 туберкулезге қарсы күрес диспансері бой көтерді. Олардың қай-қайсысы да заманауи талапқа сай келетін қуаты күшті диагностикалық аппараттармен жабдықталған.  Осының өзінен-ақ денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын байқауға болады. Бұл салаға бөлініп жатқан қаражат та жыл санап артып келеді. Мәселен, 2003 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 4 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл салаға 16 миллиард теңге қаражат қарастырылған.

Осыдан 4-5 жыл бұрын облыста компьютерлік томограф дейтін құрал мүлдем болған жоқ. Бұл – диагностикалық мүмкіндігі өте жоғары аппараттардың бірі. Осы аппаратқа түсу үшін ақтөбеліктер Орынбор мен көрші Орал, Атырау облыстарына жол тартатын. Қазір облыста 4 компьютерлік томограф бар. Соның екеуі облыстық жедел жәрдем ауруханасында тұр. Соңғы жылдары бұдан өзге де күрделі аппараттар алынып жатыр.

Бұрын Ақтөбе облысы республикада туберкулез ауруынан бірінші орынды алатын еді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе еліміздегі облыстардың ішінде алдыңғы қатардағы туберкулез ауруы төмен 5 облыстың біріне кірді. 2007 жылы республика бойынша әр жүз мың адамның 154,6 пайызы туберкулез ауруына шалдықса, бұл көрсеткіш өткен жылдың соңында 124,1 пайызға азайыпты. Бір айта кететін жайт, облыста туберкулез ауруы көрсеткіші төмендегенмен, бұл ауру облыс орталығындағы жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасында әлі азаймай отыр. Осы жылдың  өткен үш айында туберкулездің ашық формасына шалдыққан 7 оқушы тіркеуге алынды.

Соңғы жылдары денсаулық саласына ауқымды қаражат бөлініп, заман талабына сай ауруханалар бой көтергенмен, әлі де дәрігерлік көмек көрсету ісі жоғарылаған жоқ. Оның үстіне, осыдан 15-20 жыл бұрынғы дәрігерлер мен қазіргі дәрігерлердің білімін салыстыруға болмайды. Олардың білімі әлдеқайда жоғары болды. Ал

қазіргі дәрігерлердің біліктілігі заман талабымен сәйкес келмейді.

– Облыс орталығында бой түзеп жатқан емханалардың құрылысы қашан аяқталады?

– Еліміздің облыс орталықтары ішінде Ақтөбеде ғана типтік үлгіде салынған облыстық аурухана жоқ екен. Осы жылы Новый елді мекенінде екі аурухананың құрылысы басталды. Оның бірі облыстық аурухана болса,  енді бірі – балалар ауруханасы. Сол сияқты қалада типтік үлгіде салынған бірде-бір емхана жоқ. Осыған орай қазір қаладағы Тұрғындар қалашығы мен Әуе қалашығы аудандарында типтік үлгідегі емханалар құрылысы жүріп жатыр. Екі аталған емхана да күніне 500 ауру қабылдайтын болады. Олардың типтік жобасы да бірдей. Емханалардың материалдық-техникалық базасы қазіргі заманға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жыл соңына дейін аяқталады.

– Қазір денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінгенмен, тұрғындардың салауатты өмір сүруге деген көзқарасы қалай?

– Қазір біздің мемлекетіміз даму жолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дамыған елу елдің қатарына ену үшін Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті, білімі сол өркениетті мемлекеттердікіндей дәрежеде болу керек деген талап қойды. Сол талаптардың ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты айтылған шарттар да бар. Ол үшін туберкулез ауруы көрсеткіші және ана мен бала өлімі төмен болу керек. Сол сияқты орта есеппен алғанда адамның өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асу керек. Бұл жерде айта кететін бір жайт, кеңес өкіметі уақытында денсаулық сақтау саласы көптеген жетістікке жетті. Мәселен, сол уақыттың өзінде орта есеппен әр адамның өмір сүру ұзақтығы 70 жас болды. Яғни әйел адамдардың өмір сүру ұзақтығы 72 жас болса, ерлердікі 68 жас болды. Соңғы 10-15 жылда адамдардың өмір сүру көрсеткіші күрт төмендеп кетті.  Өйткені қазір біздің мемлекетте орта есеппен әйелдің   тіршілік ету жасы 66-67 жас болса, ерлердікі 58 жасты көрсетеді.

– Сонда адамның өмір сүру ұзақтығының күрт төмендеп кетуіне не себеп болды?

– Оның бірнеше себептері бар. Көпшілік өз денсаулығын дәрігермен байланыстырады. Ол – қате ұғым. Өйткені адамның денсаулығы дәрігермен тек 20 пайыз ғана байланысты. Бұдан басқа адамның денсаулығына әсер ететін бірнеше факторлар да болуы мүмкін. Мәселен, қоршаған ортаның зияндылығы мен дұрыс тамақтанбау, тынығудың қалыпты режимін сақтамау  секілді белгілер де адам өмірін қысқартуға әсер етеді. Ең бастысы әр адам салауатты өмір сүруге бейімделу керек. Орта Азия мемлекеттерін алсақ, Тәжікстаннан басқа республикалардың барлығында азаматтардың денсаулық көрсеткіші бізден әлдеқайда жоғары. Тек Еуропа елдері емес, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен салыстырғанның өзінде біздің халықтың спортпен айналыспайтыны байқалады. Мысалы, Финляндия халқының 76 пайызы спортпен шұғылданады. Ал бізде бұл көрсеткіш бар-жоғы 12-14 пайыз ғана. Қазақстанда шылым шегу көрсеткіші 40 пайызды құраса, халықтың 30 пайызы – ішімдікке салынған жандар. Осындай себептердің өзі адамның өмір сүру ұзақтығын қысқартады.

– Жалпы, салауатты өмір салтын насихаттау ісі қоғамда қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатыр?

– Әлемдік дағдарысқа қарамастан биыл облыста бұл салаға 16 миллиард теңгенің бөлінгенін жоғарыда айттым. Соның ішінде қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау ісі үшін тек біздің орталықтың өзіне 54 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат халықтың салауатты өмір сүруге деген көзқарасын қалыптастыру үшін шығаратын түрлі баннерлер мен плакаттар жасауға, өзге де іс-шаралар ұйымдастыруға жұмсалмақ.

Әрине, халыққа салауатты өмір сүруді насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор. Мысалы, облыстық «Ақтөбе» газетін алайық. Бұл басылымның бетінде айына 4-5 рет түрлі аурулардың алдын алу мақсатында мақалалар жарық көріп жатады. Десек те халықтың салауатты өмір сүруге деген көзқарасы әлі немқұрайлы.

Айта кететін бір жайт, халыққа салауатты өмір сүруді насихаттайтын тек біздің мекеме емес, ол – әр денсаулық мекемесінің міндеті. Салауатты өмір сүруге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін әр дәрігерге айына 4 сағат жұмыс уақытынан белгіленген.

– Ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында қызмет еттіңіз. Халыққа қаншалықты пайдаңыз тиді?

– Мен денсаулық сақтау саласында 44 жыл қызмет жасадым. Соның 38 жылында бас дәрігер болып қызмет еттім. Жалпы, халықтың аузында бас дәрігерлердің есімдері сирек аталады. Халық көбінесе хирург, кардиолог, акушер-гинекологтардың есімдерін көп атайды. Дегенмен де бас дәрігер сол мамандардың халыққа сапалы қызмет етуі үшін олардың дәрігерлік көмек көрсетуіне бар жағдайды тудырып отырады. Көп жағдайда маған көшеде өзім танымайтын адамдар амандасып, алғыстарын айтып жатады. Ұзақ жыл медицина саласында еңбек етіп, бірнеше марапаттардың иесі атандым. Сол берілген сыйлықтарды халықтың саған берген алғысы деп түсіну керек.

– Рахмет!

Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*