Басты бет » Денсаулық » Денсаулықты қорғай білейік!

Денсаулықты қорғай білейік!

Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні

Өткен аптада Бүкіләлемдік денсаулық күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен  Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде «Кез келген жағдайда денсаулықты қорғай білейік!» атты жиын өтті. Шараға денсаулық сақтау басқармасы мен салауатты өмір салтын қорғау орталығының  қызметкерлері, экология және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.

Жиынның мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әр адамды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, салауаттылық ережелерін сақтауға бағыттау. Басқосуда осыған байланысты түрлі мәселелер көтерілді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің тағам гигиенасы, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы, коммуналды және еңбек гигиенасы кафедрасының жетекшісі Төленді Кәрімов дұрыс тамақтанудың денсаулыққа тигізер пайдасын айтып өтті. Дүниежүзілік медицина орталығының мәліметі бойынша, аурудың 40-50 пайызы тағамды дұрыс пайдаланбағандықтан  пайда болады екен. Әсіресе, соңғы уақытта халықтың дайын өнімдерге деген сұранысының артуы тағамнан туындайтын ауру түрлерін көбейткен. Сырттан келетін кейбір өнім түрі де денсаулыққа кері әсерін тигізуде.  Сондай-ақ, жиында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының профилактикалық бағдарлама және коммуникация бөлімінің меңгерушісі Ізбасқан Аймағанбетов салауатты өмір салтын қалыптастыру және денсаулықты нығайту төңірегінде әңгіме қозғаса, облыстық «Тобыл-Торғай» экология департаменті бастығының кеңесшісі Жасұлан Бекмұхамбетов қоршаған ортаның адам ағзасына әсері туралы ойын ортаға салды.

Басқосуда әр саланың өкілдері салауатты өмір салтын ұстануға қатысты өз пікірлерін білдірді.

Жалпы, бұндай жиындар денсаулық күні қарсаңында жоғары оқу орындары мен білім ошақтарында жалғасады. Мамандар салауатты өмір салтын қалыптастыру  төңірегінде кеңестер өткізіп, дәрістер оқиды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*