Басты бет » Денсаулық » қатерлі дертке қарсы тексеру басталды

қатерлі дертке қарсы тексеру басталды

Әлемде қатерлі ісікке шалдыққандардың саны жыл өткен сайын жоғарылап барады. Бұл мәселеге  біздің еліміз де алаңдаушылық білдіруде. Осы бағытта алдын алу шаралары жасалғанмен,  дерттің жасарып бара жатқаны және рас. Ақтөбеде  жыл сайын жүз мың тұрғынға шаққанда 164  адам қатерлі ісікке  шалдығады. Осы орайда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті клиникалық медицина орталығының  онкология бөлімінің мамандары өз ойларын ортаға салды.

Жаппай тексеру және жаңа технология

Бүгінгі таңда өкпе қатерлі ісігі дүние жүзі бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл аурудың біздің елімізде де  өршіп тұрғаны белгілі. Өкпе қатерлі ісігінің   99 пайызы шылым шеккеннен  пайда болады екен. Ал сүт безі, асқазан, тері, өңеш қатерлі ісіктері де алаңдаушылық тудыруда.  Әсіресе, дәрігерлер өкпе қатерлі ісігінің алғашқы кезеңін анықтаудың қиын екенін айтады.

– Ауру ерте анықталса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Бірақ, өкінішке орай, аурудың алдын алу мен оны  анықтау шаралары көңіл көншітпей отыр. Мәселен, өкпені тексеретін флюорография  екі мәселе үшін қолданылады. Яғни оның біріншісі – туберкулезді, ал  екіншісі – қатерлі ісікті анықтау. Алайда бірінші мәселені анықтауда жақсы көрсеткішке қол жеткізгенімізбен, қатерлі ісікті анықтауда нәтиже төмен. Бұдан 30-40 жыл бұрын енгізілген жүйенің, яғни флюорографияның өкпе қатерлі ісігін анықтауда көмегі аз.

Ал сүт безі, жатыр мойыншасы қатерлі ісіктерін анықтау үшін жоғарғы технологиялық аппараттар пайдаланылады. Мәселен,  сүт безі қатерлі ісігін анықтау үшін маммография, жатыр мойыншасы қатерлі ісігін анықтау үшін цитологиялық немесе Папониколау әдісі қолданылады.

Жалпы, қатерлі ісікке шалдығудың себебі өте көп. Оның ішінде тұқым қуалаушылық, қыздардың кеш тұрмысқа шығуы, кеш босану, босанған аналардың сәбиін емізбеуі, жиі түсік жасату, осының барлығы – қатерлі ісікке апарар жол,-деді Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің онкология кафедрасының жетекшісі Әріп Қойшыбаев.

Мамандардың айтуынша, қатерлі ісік жас талғамайды. Тіпті, бұл ауру балаларда да кездеседі. Дегенмен адамдардың 40 жастан кейін қатерлі ісікке шалдығуға бейімділігі күшейеді. Мәселен, елімізде сүт безі қатерлі ісігіне шалдығатындардың басым бөлігі – 50-59 жас аралығындағы әйелдер. Алайда соңғы кезде жүргізілген жаппай тексерудің арқасында алғашқы сатыдағы қатерлі ісікті анықтау оң нәтиже беруде.

Қазіргі уақытта қатерлі ісіктің алдын алу және оны ерте анықтау  мақсатында жүргізілетін жаппай тексеру, яғни скренингтің көмегі зор болып тұр. Өткен жылы облыста 16 мың әйелді тіркеуге алдық. Оның ішінде 13 әйелде бірінші, екінші сатыдағы қатерлі ісіктің бары анықталды. Олардың барлығы өздерінің бұл дертке шалдыққанын білмейді. Ал біз тексерудің арқасында ауруды ерте анықтадық. Егер ауру дер кезінде белгілі болса, емдеу кезінде қиындық туындатпайды. Өткен жылы облыстың 100 мың адамына  шаққанда 164 адамның бойынан  қатерлі ісік бары белгілі болды. Бұл бұдан бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда көп. Дегенмен жаппай тексеру  жүргізу ел экономикасына ауыр. Егер 40 жастан асқан әйелдердің барлығын тексеруден өткізетін болсақ, онда қомақты қаржы қажет,-деді ол.

Ал Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті клиникалық  медицина орталығы жетекшісінің онкология жөніндегі орынбасары  Мақсат Мұқанов жаппай тексерудің сәтті өтуі дәрігерлерге де байланысты екенін айтты.

Жаппай тексерудің тиімді өтуі кез келген учаскелік дәрігерлер мен аудандағы онкологтардың жауапкершілігіне байланысты.  Әрбір дәрігер өзінің қарауындағы азаматтардың денсаулығына үлкен мән беріп, қадағалап, уақытында тексеруден өтіп тұруына кеңес беріп отырса, тексеру де сәтті болмақ. Дегенмен біздің кейбір дәрігерлер бұл мәселеге салғырт қарайды. Сондай-ақ, тұрғындар да уақытында тексерілуден қашпауы тиіс. Науқастардың  көпшілігі алғашқы уақытта  өзінің қатерлі ісікпен ауырғанын білмейді. Тіпті, дәрігерлер де аурудың алғашқы сатысын анықтай алмауы  мүмкін. Сондықтан арнайы аппарат арқылы тексеру кезінде  ғана қатерлі ісіктің алғашқы кезеңін білуге  болады.

Қазір елімізде 50-59 жас аралығындағы әйелдер сүт безі қатерлі ісігіне жиі шалдығады. Сондықтан бұл жастағы әйелдер әр екі жыл сайын арнайы тексеруден өтеді. Республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржының арқасында барлық тексеру шаралары ақысыз түрде жүреді. Жалпы, ТМД елдерінің ішінде осындай жаппай тексеруді жүргізуге бел буған – тек қана Қазақстан.

Ауруды анықтауда жаңа технологиялардың маңызы зор. Соңғы уақытта онкологиялық орталық  жаңа заманғы жабдықтармен толығып келеді. Орталыққа өткен жылы Чехословакия мен Ұлыбританиядан адам ағзасын сәулемен емдейтін «Терагам» аппараты мен терідегі сырқатты емдейтін рентгентерапия алынды. Ал биыл ағзадағы қуыстарды арнайы құралдардың көмегі  арқылы сәулемен ем жүргізетін жаңа аппарат әкелінбек. Жалпы, жаңа құрал-жабдықтар шетел, оның ішінде Швеция мен Германиядан келеді.

Дегенмен дәрігерлер осы салада әлі де болса жабдықтардың жетіспейтінін айтты.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша барлығы 120-дан астам маммографиялық аппарат бар. Оның алтауы – біздің өңірде. Дегенмен бұл жеткіліксіз, шалғай аудандарға да аппарат қажет. Сондықтан елімізге осындай аппараттың әлі де 400-і қажет. Оның ішінде жылжымалы маммографиялық қондырғылар керек.  Облыстағы алты аппараттың үшеуі Шалқар, Қандыағаш, Алға ауданында болса, қалғаны – қаладағы №2 кеңес беру-диогностикалық емханасы мен  отбасын жоспарлау орталығында және осы онкологиялық орталықта. Облыс тұрғындары осы алты аппаратқа бөлінген. Аппараты жоқ аудандардың халқы аппарат бар аймақтарға барып қаралады. Оның барлығы арнайы жоспармен бекітіліп қойған. Тіпті, тексерілетін уақыттарына дейін белгіленген. Дегенмен бұл салаға мамандар жетіспейді. Маммографиялық аппаратта арнайы оқытудан өткен  рентгенолог дәрігерлер жұмыс істейді. Бұл – дәрігерлер үшін өте ауыр. Науқасты тексеруге ұзақ уақыт кетеді. Қазір маммолог дәрігерлер де өте сирек. Сондықтан білікті маман қажет. Осыған орай өткен жылды қорытындылауға байланысты өткізілген онкологтардың жиынында облыс орталықтарында арнайы маммологиялық бөлімшелер ашылуы керек деген ұсыныс айтқан болатынбыз. Өйткені қазір орталықта  кереуеттер тапшы. Науқастар  химиотерапия алу үшін айлап кезекке тұруы қажет.  Ал мұның өзі емдеу нәтижелерін нашарлатады.   Егер осы жоба қолға алынса, кадр тапшылығын да жоюға болады. Сол жиынға қатысқан кейбір облыс әкімдігінің өкілдері бұл ұсынысқа қолдау көрсететіндігін айтқан еді. Дегенмен әзір жоба қолға алына қойған жоқ, – деді Әріп Қойшыбаев.

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар ақысыз түрде ем алады. Яғни барлық тексеру шаралары, ота жасау, өзге де түрлі емдеу әдістері тегін жүреді. Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті клиникалық  медицина орталығы жетекшісінің онкология жөніндегі орынбасары  Мақсат Мұқанов осы салаға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты. Бұл науқастарға жүйелі  ем жүргізуге ықпал етпек. Мәселен, өткен жылы жергілікті бюджеттен осы бағытқа 98 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа144 миллион теңге бөлініп отыр. Ал бір адамның емделуі былтыр  42 мың теңге болса, биыл оның көлемі 56 мыңға көтерілді. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан аймағы бойынша 100 адамға квота бар.

Қатерлі ісік және  үш бағыт

Қазір елімізде қатерлі ісікке қарсы күрес шаралары мықтап қолға алынуда. Осы бағытта үш мәселеге баса назар аударылып, арнайы жұмыстар жүріп жатыр. Оның біріншісі, аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану болса, екіншісі – ауруды ерте анықтау, ал үшіншісі – заманауи технологияларды қолдану.

Салауатты өмір салтын ұстану тек қана сөз жүзінде қалмауы тиіс. Кез келген отбасы дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдануды күнделікті дағдыға айналдыруы қажет. Мәселен, бүгінгі күні  қатерлі ісіктің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан туындап отыр. Тамақты асқазанның мөлшерінен асырып тойып жеу, күнделікті ас мәзірінде қуырылған тамақты жиі қолдану, артық салмақ – барлығы қатерлі ісікке әкеліп соқтырады. Бір ғана мысал, 30- жылдары АҚШ-та асқазанның қатерлі ісігі бірінші орынға шықты. Ал қазір бұл ауру Америкада жоқтың қасы. Өйткені америкалықтар қатерлі ісікпен күресте басты назарды тамақты дайындау технологиясына аударды. Асты күйдірмей пісіру, тағам құрамында көкөністерді қолдану, еттің үлес салмағын азайту аурудың алдын алуға септігін тигізді. Жалпы, жануарлардың майы мен еті  қатерлі ісікті тудыруға ықпал етеді. Сондықтан балық пен құс етін жеген өте пайдалы. Шошқаның етін жиі пайдалану семіздікке әкелсе, семіздіктің қатерлі ісікке шалдықтыратыны анық.

Кез келген отбасы мүшелері бір-бірінің  денсаулығына алаңдап отыруы тиіс. Егер жақынының бойынан өзгерістерді байқасаңыз, оны дереу дәрігерге қаралуға үгіттеген жөн. Бұның барлығы қорқыныш емес,  сақтық дәрежесінде жүргізілуі керек. Қатерлі ісік уақытында анықталса, оны емдеуге мүмкіндік бар. Мәселен, қазір 5 мың адам тіркеуде тұр. Осылардың  50 пайызы 5-6 жылдан астам уақыт өмір сүріп жатыр.  Біздің азаматтардың санасында қатерлі ісікпен ауырғандар жазылмайды деген пікір қалыптасқан. Сөйтіп, барлығынан үмітін үзеді. Тіпті, өзінің қатерлі ісікпен ауыратынын жасыратындар бар. Немесе өзге бір сырқатпен емшіге барып, қатерлі ісікпен емделетіндер де жоқ емес. Ауруы анықталып, дәл ота жасайтын уақытта қорқып, үмітін үзіп кетіп қалатындарды қайтерсіз. Әрине, бұндай мәселе адамдарға ақпараттың дұрыс жеткізілмегенінен туындап отыр. Егер қатерлі ісікке шалдығып, ота жасағаннан кейін тәуір болған адамдар осындай сырқатқа шалдыққандарға кеңес беріп, емнен қашпауға шақырса, жағдай басқаша болар еді,-деді Әріп Қойшыбаев.

Қатерлі ісіктің пайда болуына экологиялық  ахуалдың да әсері бар екен. Мәселен, өзге аудандармен салыстырғанда Қандағаш, Мұғалжар, Хромтау аудандарында сырқаттанғандар саны басым.

Ал баса назар аударылып отырған үшінші мәселе – науқастарды емдеуде жаңа технологияларды қолдану.  Бұл жүйеде Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда көш ілгері. Оның ішіне хирургиялық, сәулелік, химиотерапиялық, иммуннотерапиялық ем пайдаланылады. Қазіргі таңда облыс  заманауи технологияларды пайдалануда Алматыдағы  орталық институттан кейін екінші орында тұр. Орталықтағы білікті дәрігерлердің арқасында талай науқас жандар айығып кетуде.

Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында ішек қатерлі ісігіне шалдыққан бір азаматқа ота жасалды. Ота күделі жағдайда өтті. Кейін  әлгі азамат Израильге барып тексеріледі. Ал ол жақтың мамандары азаматқа  отаның жоғарғы деңгейде жасалғанын, ешқандай ісік белгілері жоқ екенін айтқан. Бұндай жағдайды мен, бір жағынан, мақтанышпен айтсам, екінші жағынан, тұрғындардың дәрігерге деген сенімін арттырар деген үміттемін, – деді Әріп Қойшыбаев

P.S.

Қатерлі ісіктің алдын алуға қарсы жаппай тексеру шаралары басталып кетті. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Дәрігерлер бұл шара науқан емес, жоспарлы түрде өтуі тиіс екенін айтады. Сондықтан тұрғындардың өз денсаулықтарына бейжай қарамаулары керек-ақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Бір пікір

  1. негізі канша мактасын, Қазақстанның медицинасының дарменсиз екенине козимиз биыл жетти. 5 жасар баламыздың диагнозын бір ай бойы таба алмай больницада устаган даригерлер плевритке емдеп журип сонында қатерли ісік деп онкологияга аударып жиберди де химиотерапия салды. Емди котере алмаган бала адбен киналып бара жатканда малды қайтаргандай алып кетіңдер деген врачтар коз алдарында өлетінін білді ма, алып кеткен сон, еки аптадан сон коз жумды. Өте өкінішті! Негізі қатерлі ісіктен емес, химиядан өлді ол бала! врастардың барлығын қайта квалификациядан өткізу керек! сол жағын қолға алыңыздар!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*