«Шабыт» фестивалі басталды

600 талапкер бақ сынайды

Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ХІІІ-ші халықаралық «Шабыт-2010» шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты ашылуы өтті.

Осыған орай ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

«Биылғы өнер бәйгесінде үздік әдеби шығарма, үздік журналистік жұмыс, бейнелеу өнері, эстрада жанры, халық әндері және классикалық әндер аталымдары бойынша мықтылар анықталады. Фестивальға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Якутия, Қазан, Беларусь және басқа да шет мемлекеттерден үміткерлер келіп жатыр»,  — дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Ағымбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, үміткерлердің саны биыл 600-ден асып отыр.

Тиісті аталымдар бойынша қазылар алқаларының төрағалары —  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Журналистер одағының мүшесі Уәлихан Қалижан, К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, Қазақ Ұлттық музыка академиясының ректоры, белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Өтепберген Хамзин, Қырғыз Республикасының халық әртісі Мұратбек Бегалиев және тағы басқалар.

8 қарашада, фестивальдың соңғы күнінде «Шабыт» Гран-при жүлдесімен қатар, ең дарынды қатысушыға Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы табысталады.

«ҚазАқпарат»

«Бір ел – бір кітап» акциясы

«Мен жүйрікпін, айқасқа, сынға асықпын»

«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Жұбан Молдағалиевтің «Мен — қазақпын» поэмасы оқуға таңдалуы көпшілік тарапынан қызу қолдау табуда. Бұл шараның  ақиық ақынның туғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келуі оның мәнін арттыра түсіп отыр.

Облысымыздың барлық кітапханаларында кітап көрмелері, әдеби кештер, дөңгелек үстел, ақын жырларына оқу сайыстары, әдеби-танымдық сағаттар, Жұбан шығармашылығы туралы конференциялар ұйымдастырылды.

Акцияның қорытындысы ретінде облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық С. Бәйішев атындағы әмбебап – ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен жақында облыстық халық шығармашылығы үйінде «Мен жүйрікпін, айқасқа, сынға асықпын» атты облыстық кітапханашылар байқауы өткізілді.

Байқауға аудандық  және Ақтөбе қалалық кітапханаларынан он төрт сайыскер кітапханашы қатысты.

Байқаудың  шарты  бойынша талапкерлер ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, жырларынан үзінді оқыды, сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге кітапханашының дайындаған кітапханашы портфолиосы, библиографиялық құралдары мен берілген шығарманы талқылауға арналған бейнематериалдары ұсынылды.

Байқау қорытындысында бірінші орынды Әйтеке би аудандық кітапханасының кітапханашысы Сандуғаш Амангелдина жеңіп алды. Екінші орынды ойылдық Гүлайым Қаплиева мен Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы модельді ауыл кітапханасының кітапханашысы Нұргүл Бижігітова, үшінші орынды хромтаулық Баян Әбиева, темірлік Айтуған Серғазина, ырғыздық Күлән Молыбаевалар иеленді.

Сонымен қатар «Өнерпаз кітапханашы» номинациясы бойынша Мейрамгүл Махамбетова, «Жас маман кітапханашы» бойынша Шалқар аудандық кітапханасының кітапханашысы Галина Қарылғашева, «Көрермендер көзайымы» бойынша Алға аудандық кітапханасының кітапханашысы Жайнагүл Матеуовалар жүлдегер атанды.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалы Қарғалы аудандық кітапханасының кітапханашысы Бекзада Абаеваға кітапхана саласында ұзақ  жылғы сіңірген еңбегі үшін құрмет көрсетті. Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Байқауға қатысушыларға Алғыс хаттар және ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Осылайша өз мәресіне жеткен Жұбан Молдағалиевтің «Мен — қазақпын» поэмасын оқуға арналған акция ақын мәртебесін өсіріп, аруағын ардақтаудың өнегесіне айналды.

Қ. Райымбаева,

облыстық С. Бәйішев атындағы

әмбебап-ғылыми кітапханасының әдіскері.

Айдары: Мәдениет

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress